• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Әлеуметтік оптимизм – берекелі өмір бастауы

60 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа арнаған алғашқы Жолдауын сындарлы қоғамдық диалогке арнағаны белгілі. Ол мұны тәуелсіз еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі жолы деп қарастырды. Өйткені әлемде қалыптасып отырған геосаяси ахуал тиімді мемлекет құруды, адамдардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қарқынды дамыған және инклюзивті экономиканы қалауды, халықпен тиімді диалог орнатуды талап етті.

Шын мәнінде Президент Қ.Тоқаевтың барлық жеті Жолдауының соңғы үшеуінде көтерілген мәселелер 2019 жылғы 19 маусымдағы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген іс-шаралар жоспары мен «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасынан бастау алады. Аталған сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Президент­тің Жарлығымен бекітілген іс-шара­лар жоспарында әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам сияқты бағыттар қарастырылған. Олай болса, Мемлекет басшысы алдына қойған осы мақсаттарын іске асырып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін халықпен кеңесіп алуды жөн санап, қоғамдық диалогке үміт артты.

Өкінішке қарай, бұл үдеріс алғашқы қадамдарынан-ақ көптеген тектоникалық және қоғамдық-саяси кедергілерге тап болды. 2019 жылғы 9 маусымда кезектен тыс өткен Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болып сайланғанына екі апта болмай жатып, Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі арсеналы қоймаларында жарылыс болды. Алапат апаттың ауқымы төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті.

Ал 2020 жылдың ақпан айын­дағы Қордай оқиғасы еліміздегі этнос­тық мәселелерді, демография мен көші-қонды, диаспоралардың қоныстануын, этностық қылмыстың жай-күйін, білім беру мен тәрбиені, ақпараттық саясатты қайта форматтауды талап етті.

Коронавирус экономикамен қатар байқалып қалған денсаулық сақтау, білім беру және цифрлық даму салаларындағы да олқылықтарды ашып берді. Карантин мен дағдарыс жұмыссыздықты, инфляцияны және болашаққа деген жалпы белгісіздікті тудырды.

Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 және 2021 жылдардағы халыққа арнаған Жолдауларында қалыптасқан жаңа жағдайды іс-қимылға кірісетін кезең ретінде бағалап, соған сәйкес мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін жасауға және әділетті мемлекет құру арқылы азаматтардың мүддесін қорғау мәселесіне басымдық бере бастады.

2021 жылғы Жолдау да короновирус жағдайында ел өркендеуінің берік негізін іздеуге, халықты осы нәубеттен аман алып қалуға арналды. Ол үшін халық бірлігіне деген жаңа көзқарас керек болды. Өйткені елдің одан әрі дамуы ұлттың ұйысуында екенін түсінудің маңызы артты. Осылайша, саяси реформалар жалғасын тауып, сәйкесінше, қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгеріс орын ала бастады. Бұл объективті түрде мемлекеттің мүлде жаңа дәуірге қадам басқандығын көрсетті.

Ендеше, Президент 2022 жылғы наурыз айындағы Жолдауында саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамытып, ауқымды әлеуметтік-эконо­микалық өзгеріс жасаудың мүмкін емес­тігін жақсы түсінетінін тағы көрсетті. Сөйтіп, Президент Қ.Тоқаев қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды.

Жалпы, 2022 жылғы мемлекет­тілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер кезінде Президент Қ.Тоқаевқа бір жыл­дың ішінде халық алдына екі бірдей Жолдауымен шығуға тура келді. Ол ондаған жыл бойына қордаланып қалған мәселелерді ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуге шақырып, батыл қадамдар жасалған жыл еді. Дәл осы кезеңде қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанас­пай­тын жалған табыстарға масаттанып оты­ратын заманның келмеске кеткені және ха­лыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістердің керектігіне ерекше мән беріле бастады.

Осы 2022 жылдағы Жолдауы­ның біріншісінде экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жойып, оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнатуға бағыт алынды. Осыдан кейін басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік рес­пуб­ликаға біржола көшуге батыл қа­дамдар жасалды да, Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мем­лекетке айналдыру мәселесі басым­дыққа ие болды.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауын «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп атап, үш бірдей іргелі мәселені көтерді. 2020 жылы көтерген «әділетті мемлекет» тақырыбы мұнда бірінші орынға шығарылған және әділетті мемлекет құру арқылы ғана біртұтас ұлт боламыз және берекелі қоғам орнатамыз дегенді меңзейді. Аталған Жолдаудың ерекшелігі Прези­денттің еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгеріске ұласуға тиіс дегенінде жатса керек.

Әділетті Қазақстан­ның эконо­микалық бағдары 2023 жылғы Жолдауда арнайы қаралды. Онда эконо­миканың құрылымына қатысты рефор­маның негізгі тұстары анықталды. Өңірлердің дамуы мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Әсіресе атқарушы биліктің міндеті мен жауапкершілігіне, әуелі оның өзін өзгерту қажеттілігі турасында ашық әңгіме болды.

Реформаның басты мақсатын Мем­лекет басшысы заңды сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету деп анықтады. Сырттан көмек күтпей, өз күшімізге сеніп, мәдениетті, білімі мен ғылымы дамыған елге айналуға ұмтылу керектігіне ерекше көңіл бөлді. Ол үшін егіз құндылықтай болған «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» деген ұғымдарды бойға терең сіңіріп, соны еліміздің әр азаматы өмірлік ұстанымына айналдырса, Әділетті Қазақстанды құруда табысқа жетіп, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болмақ.

Былтырғы Жолдау Әділетті Қазақ­станның мәні мен мақсатына арналды. Ол – заң мен тәртіп, экономикалық өсім және қоғамдық оптимизм. Заң мен тәртіп мәселесін Президент 2022 жылы көтерсе, экономика мәселелері 2019 жылдан бері күн тәртібінен түскен емес. Ал Жолдау атауындағы оның үшінші құрамдас бөлігі – «қоғамдық оптимизмге» келсек, онда бұл ұғым алғаш рет Жолдаудың тақыры­бы­нан орын алып, оның арқауына айналып отыр. Мұны елдің және оның алға қар­қынды қадам жасауы мен оның дамуының сапалық деңгейіне қойылып отырған жаңа талап, қоғамның азаматтық әлеуетін көтерудегі нақты меже деп түсінер едік.

Әділетті Қазақстан мен Адал адам құн­ды­лықтарының қоғам мүшелерінің са­на­сын билеген кезде ғана қоғамдық оп­ти­­мизм пайда болмақ. Керісін­ше, тү­бін­д­е қоғамдық оптимизмсіз Әділетті Қаз­ақ­­стан­ның орнығып, Адал азаматтың қа­лып­тасып, өмір сүруі қиынға соғары анық.

Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы жұмыстың барлығы түптеп келгенде әділетті қоғам құру, азаматтар мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елімізді қауіпсіз, жайлы елге айналдырып, заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін тұрақты қоғам құруға бағытталып отыр.

Әлеуметтік саясат тиімсіз болса, халықтың белгілі бір топтарының әлеу­меттік көңіл күйі түсіп, олар эмоцио­налдық жайлылық аймағынан шығып, бұлардың бақыттылығының деңгейі төмендейді. Мәселен, 2020 жылғы пандемиядан бастап отбасының өмір сүру деңгейін бағалауда өзгерістер байқалған екен. Карантиндік шаралар қолданылғаннан бастап өмір сүру деңгейіне қанағаттанбағандар үлесінің артуына байланысты қанағаттану деңгейі төмендей бастады. Ал 2022 жылы пандемияға дейінгі жағдайдың қалпына келу үрдісі көрініс тапты.

Елімізде халықтың әл-ауқатын жақ­сар­ту бағытында барлық жағдай жаса­лып жатыр. Әлеуметтік-психологиялық салада да біршама қолайлы жағдайдың қалыптаса бастағаны аңғарылады. Осы­лайша, отандастарымыздың арасында бола­шаққа деген сенімділік сезімі мен жағ­дайдың жақсаратынына үміт арта­тындардың қатары да өсіп келеді.

Ендеше, егемен еліміздің құнарлы топырағына егілген қоғамдық оптимизм оның прогрессивті дамуына қажетті жағдай тудырып, әлеуметтік мемлекетке қарай батыл бет алуымыз елде әлеу­меттік-экономикалық, қоғамдық-саяси тұрақ­тылық пен жайлылық сезімін орнық­тырары анық. Сонда қоғамдық немесе әлеуметтік оптимизм әлеуметтік дамудың қалыпты құрылымы мен қоғамдық өмір­дегі байланыстарды нығайтып, халық­тың бірлігі артып, ол біртұтас ұлтқа айналып, әділетті және тиімді мемлекет қалыптасып, заң мен тәртіпке негізделген берекелі қоғамның орнайтыны айқын.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері