• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас 04 Қыркүйек, 2025

«Господин»

90 рет
көрсетілді

Түркістан облысындағы Созақ және Көктөбе ауылдарының дәл ортасында Жақ деп аталатын төбешік орналасқан. Жұрт мұны Жақтөбе деп атап кеткен. Осы төбенің үстіндегі шағын ғана аумақты алып жатқан қорымның шығыс тұсында өз алдына оқшаулау орналасқан үш төмпешік – үш қабір жатыр. Мұның екеуінде Досымет Шаяхметов пен оның немересі жерленген. Ал үшіншісі Досымет қарияның «Господин» деген жүйрігінікі.

Жүйріктігімен танылған, ел аузына іліккен, талай аламан бәйгеде алдына қара салмаған сәйгүлікті немесе иесін қиын сәттерде жауға қалдырмай алып шыққан, сенімді серік болған ат өлгенде оның сүйегін жұрт, қожайыны құрметтеп, кәдімгідей жерлеу қазақ даласында бұрын-соңды кездескен. Демек, «Господиннің» сүйегі адамдармен қатар қойылуы, арнайы жерленуі осы ыңғайдағы тірлік.

***

«Господин». Мен бұл жүйрікті 1997 жылғы 13 маусымда Қарабура әулиенің есімін жаңғырту, ұлықтау, тұлға әруағына тағзым ету мақсатында Созақ ауданында өткерілген ас-жиында бірінші рет көрдім. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі талай аламан бәйгелерден құр қайтпай, олардың көбісінен бас жүлде иеленіп жүрген «Господиннің» даңқы асып тұрған кез еді бұл...

Қарабура әулиенің әруағына арналып берілген асқа халық мол жиналды. Алыс-жақыннан келген қонақтар ығы-жығы. Қазақтың әйгілі перзенті, сол кезде Мемлекеттік хатшы қызметіндегі Әбіш Кекілбаевтың асты ұйымдастыруға арнайы атсалысқаны жиынның мәртебесін үстемелей түскен...

Астың негізгі іс-шаралары аяқталып болған соң қатысушы халайық жиын ұйымдастырылған, ақшаңқан киіз үйлер тігілген айлақты тастап, аламан бәйге өтетін жерге асыққан. Табиғат ананың өзі келістіре дайындап қойған атшабар айлақ ас өткен жерден соншалықты ұзақ емес, Созақ ауылының оңтүстік-шығыс тұсы. Біз де бәйге өтетін жерге келдік. Жұрт аузында – тек «Господин». «Шабысы неткен керемет», «Ана бәйгеде өйтіп шапты, мына бәйгеде бүйтіп шапты», «Түген жерде өткен бәйгеде мәреге ентікпей, ойнақтап жетті», «нағыз тұлпар осындай болса керек» деген сыңайдағы гу-гу мадақ сөзден құлақ тұнады. Бір кезде «Господинді» бәйге сөресіне алып келе жатыр» деген хабар естілді. Жұрт жапа-тармағай «Господинді» көруге ұмтылды. Сәйгүлік бір топ адамның қаумалауында келе жатыр екен. Шылбырын ат иесі Досымет аға ұстаған. Сөре сызығына жақындай бере әлгі топ тоқтады. Біз де жақын барып көрдік. Күрең қасқа. Үстіне жұқа ақ жабу жабылған. Сыртқы көрінісінде анау айтты ерекшелік жоқ, денесі шағын, тұрқы қысқа, бойы пәс, кәдімгі қарабайыр, Созақ топырағында туған жылқы түлігі. Атасы атан торы аталған жүйрік айғыр, енесі күрең қасқа бие екен. Негізінен жабыға ұқсаңқырайды. Басқасын айтпағанда, жүйрік ат омыраулы, төсі кең келеді деуші еді, мұныкі ондай емес. Төсі қушиған, алдыңғы аяқтарының арасы тар, сауыры да жалпаққа жатпайды. Атты айналшықтап біраз тұрдым. Бұған дейін даңқына қанып, келістіре суреттеген талайлардың сөзіне сеніп келген маған аттың сыртқы пошымы ұнай қоймады. Дегенмен, көрші ауылдан шығып, атағы кеңге тараған «Господинге» жанкүйер ретінде іштей сәттілік тіледім. Кенет сәйгүліктің көзіне көзім түсіп кетті. Бойым шымырлап кетпесі бар ма? Көзі жанып тұр жарықтықтың. Аламанға түсер алдындағы ширығудан көзі жанып тұрған болар...

Осы бәйге туралы арнайы тоқталамыз, қазір жануардың тіршілік-тарихына аздап кезек берейік.

"Господиннің" бәсіре иесі, тізгіннің сулық тұсын ұстап тұрғын Досыметұлы Дінмұхаммед.

***

Созақ өңірінде, қала берді Түркістан облысы халқының арасында, соның ішінде жылқы баласына жаны жақын аға буын өкілдері ортасында «Господин» туралы естелік, аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге ілтипатпен жиі қозғалады. Аудандағы Раң ата ауылының тұрғыны Айдар Тілеубекұлының айтуынша, «Господиннің» жарқырай көрінуі талай қазақ баласына ата-баба жолымен қайта ат ұстап, бәйгеге қосуына түрткі болған. «Жалпы, Созақ даласында шашасына шаң жұқтырмаған талай тарланбоздар, сәйгүліктер шыққан, бірақ солардың көбісінің атағы ел жадында «Господиннің» даңқындай ұзақ сақталмағандай. Бұл жүйрікке арнап ешкім жыр түзбесе де, фильм түсіріп, естелік-эссе-мақала жазбаса да ел ішінде оның аты ұмытылмай келе жатқаны тегін емес. Мұның сыры «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» жануардың қасиет-киесінде, сондай-ақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарда еңсесі түсіңкіреген елдің, аудан, облыс халқының рухын екпінді шабысымен, бәйгенің алдын бермес жүйріктігімен көтергенінде, дала төсін тұяғының дүбірімен оятқанында жатқан болар, бәлкім», дейді Айдар Тілеубекұлы.

Созақ өңіріне белгілі азамат, кезінде аталған сәйгүліктің талай шабысын көзімен көрген атбегі Айтжан Нұрсейітовтің сөзіне қарағанда, «Господиннің» бұлайша жарқырай көрінуі жергілікті халықтың рухани өміріне әжептәуір серпіліс әкелген, дәлірегі, кешегі қызыл саясаттың кесірінен атынан ажырап, ер-тоқымын қолына ұстап қалған, биік рухы жерленген халықтың санасы қайта жаңғыруына, намысының қайралуына бастау болды. Сол тұста халыққа ел арасынан «Господин» сынды жүйріктердің шығуы, солардың тұяқтарының дүбірімен қай-қайдағысы есіне түсіп, санасы жаңғыруы, өшкенімен қауышуы, намысының қайралуы аса маңызды еді.

Осы арада Айтжан ағамыздың «Господинді» өз үйіріне екі жылдай қосып, одан тұқым алып қалғанын айта кетейік. Ат десе алып-ұшып тұратын атбегі ағаның Созақтан шыққан атақты сәйгүліктің аты да, заты да өшпесін деген ізгі ниетінің нәтижесі ғой бұл.

1989 жылғы құлын – «Господинді» Досымет қария перзенті Дінмұхаммедке бәсіреге атапты. Ол бәсіресіне «Корон» деп ат қояды (Ежелгі грек аңыздарындағы кейіпкер атауы болса керек). Дінмұхаммед «Коронды» ауыл-аймақ арасында өтіп тұратын тай жарыстарына қатыстырып көреді. Аяқ алысы жаман емес. Бас жүлде алмаса да алғашқы үштіктің, төрттіктің ішінен табылатын «Корон» иесінің көңілінен шығады. «Ауыл арасында өтетін кішігірім тай жарыстарында «Корон» жүлдесіз қалмайтын. Содан мен тайыма көңіл бөле бастадым. Жем-шөбін дұрыстап, күтімге алып, бөлек жайын қамдадым. Құнан кезінде шабысына шабыс қосты, бәйгелерден олжасыз қайтпайтын. Көбіне бас жүлде алатын. Мұны байқаған әкем Досымет «Коронға» көңіл аударып, күтімінің оңды болуын қадағалайтын болды», дейді Дінмұхаммед.

Жануар Шолаққорған ауылында 1991 жылы күзге салым аудандық деңгейде өткен құнан бәйгеге түсіп, бас жүлде иеленеді. Бұл сәйгүліктің ауылынан ұзап шығып, алғаш қатысқан үлкен жарысы еді. Тай кезінен шабысымен ауыл-аймақты тамсандырып, құнанында аудан халқының аузына іліккен жануар осы кезден бастап үздіксіз он жыл, яғни 2001 жылға дейін тұғырынан таймай, шабысынан жаңылмай, созақтықтардың, қала берді облыстың үкілеген үміті болды. Жалпы, жылқы баласының он жыл қатарынан өзінің биік деңгейінен түспей, үздіксіз бәйгеге қатысуы сирек кездесетін жайт.

"Господиннің" қабірі.

Сәйгүліктің «Корон» деген есімінің қалайша «Господин» аталып кеткені де өз алдына бір тарих. Досымет қарияның ортаншы ұлы Расулмет бұл жөнінде былай дейді: «Ат інім Дінмұхаммедтің бәсіресі болғанымен, кейіннен оның атақ-даңқы атырапқа жайыла бастағанда жұрт Досыметтің жүйрігі деп таныды... Әкемнің жеңгелері қойып берген лақап аты «Господин» болатын. Әкем жас кезінде сері жігіт атанған. Ол кісінің жас шағында үндінің атақты киносы «Господи́н 420» жарық көріп, дүркіреген ғой. Міне, әкем осы фильмнің басты рөлінде ойнаған Радж Капурге ұқсап киініп, соның жүріс-тұрысын айнытпай салады екен. Содан жеңгелері әкемді әзілдеп «Господин» деп атап кетеді. Кейіннен бұл лақап ат әкеме желімдей жабысып, бүкіл ағайын-туысы, ауылдастары, дос-жарандары ол кісіні Досымет емес «Господин» деп атайтын болған. Бұл лақап ат жүре келе атына өтті де, әкем өзінің азан шақырылып қойылған есімі Досыметпен қайта «қауышты». Осылайша, әкемді әлгі лақап есімінен өзінің жүйрігі «құтқарды».

Досыметтің үлкен ұлы, атасының есімін алған Шаяхметтің сөзіне сүйене сөйлесек, «Господин» тай кезінен есептегенде 100-ге жуық бәйгеден жүлде алған. ««Господин» тек біздің үйдің ғана емес, бүкіл созақтықтардың, тіпті Түркістан облысының мақтанышына айналды. Қатысқан барлық бәйгесінен бас жүлде алды десек күпірлік болар. Өйткені, ет пен сүйектен тұратын жануар ғой. Жолы болмаған, бәйгеден шығып қалған кездері де кездесті. Оның өзіндік түрлі себептер болатыны белгілі: бірде атшабар жер тасты болып келеді, кейде ауа райының қолайсыздығы да кері әсерін тигізбей тұрмайды. Жануар өте сезімтал еді. Бәйгеде ақылмен шабатындай көрінетін бізге. Шабандоз балаға соншалықты қиындық туғызбайтын. Ауыздықпен алысып, жүгенді жұлқылап әурелемейтін. Сабырлы шабатын. Үстіндегі балаға берілген тапсырманы өзі де ұғып алғандай сезілетін бізге. Бәйгенің алғашқы айналымдарында орта шенде келе жатады да, алдындағы аттардың шаңын жұтпау амалымен жел жақ шетке шығып алады. Содан, мәреге бір-екі айналым қалғанда шабысын үдетіп, қарсыластарына «шабуылды» күшейтеді. Бәйге аяқталғанда шабандоз баланың аттың үстінде тізгінде сүйеп қана отырғанын, басқа іс-әрекеттердің барлығын «Господиннің» өзі атқарғанын айтқанын бірнеше рет естігенім бар. Бәйге алатын күні көлік қорабына өз еркімен секіріп мінетін, ал жүлде бұйырмайтын күні көлікке мінгісі келмей, қитығатын-ды... Үйімізге атты көруге жан-жақтан қонақтар ағылып келіп жататын. «Господин» қатысқан бәйгенің мәртебесі де биік болатын. Сондықтан да бәйге ұйымдастырушы кейбір азаматтар атымыздың қатысуын қалап, арнайы шақырту жіберетін. «Господин» қатысқан бәйгеден жүлде алу талайларға абырой, мақтаныш еді», дейді Шаяхмет.

«Господиннің» негізгі күтімі Рысалды апаның мойнында болыпты. Бұл кісі Досымет қарияның кемпірі, Созақ ауылында тұрады, бүгінде 75 жаста. Әңгімені майын тамыза айтатын апамыз біздің қойған сауалымызға орай былайша сөз тарқатты. «Господиннің» жем-шөбін, суын уақтылы беру, басқа да күтіміне қарау көбіне менің міндетім болды. Өйткені, Досымет көкең сері, үй шаруасынан сырттап жүретін. Бала-шағаның өз тірлігі бар. Бірі жұмысым деп, бірі оқуым деп, бірі дос-жарандарын жағалап күндікке үйде бола бермейді, – деген кейуана бір ауық үнсіз қалды. Сол сәтте ол кісі өткен шақтың терезесіне көңілімен үңілгені анық еді, – «Господин» құлын кезінен құлдырыңдап қолымызда өсті. Сыры мәлім... Бәйге атын бағу нәрестені күткеннен қиын екен. Аттың бағымына барымды салатынмын. Жануар адамнан ізет еді. Еркелеткеніңді, жалын, кекілін тарап, сипалап, сауырын жұмсақ алақаныңмен қаққыштағаныңды қалап тұратын. Жем-шөбін, суын бипаздап, дұрыстап бермесең жарытып жеп-ішпей қояды. Тіршілік болған соң бір нәрсеге ренжисің, ашуланасың, дызақтап дегбірің қашатын кездер де болады, мұндайда «Господиннің» қасына жолай қоймайтынмын... Жануар жүйріктігімен аңызға айналды. Ел аузында жүрген ат болған соң оның күтіміне қатысты жұрт арасында түрлі әңгімелер тарады. «Ойбай не дейсің, «Господинге» мынандай азық жегізеді екен, анандай қорек береді екен деген сөздерді естіп те жүрдік. Олардың бірі жалған, бір рас еді. Жоңышқаны жуып, шаңнан арылтып барып астауына дымқыл күйінде салатынмын. Арпа-бидайын да бір түйір тас не басқа да бір артық зат жібермей алдын ала әбден тазалап, қаптап қоятынбыз. Бидайды қысқы шілдеде ғана, ал басқа мезгілде арпа жегіземіз. Арпа-бидайын күніне 2 килодан артық бермейміз. Қой сойғанда қанын жеміне шылап беретінбіз. Белгілі бір мөлшерде жеміне қосып жұмыртқа, мейіз, жиде, жас өрік жегізетінмін. Қамау терін көп алмайтынбыз. Үш жылда бер рет қана, күз мезгілінде алатын қамау терін. Сырттан шауып келген соң есік-тесігі жабық, ішіне ток пеш қосылған қораға кіргізіп, ер-тоқымын шешіп алып, таза жабу жауып екі сағат ұстаймыз. Тері сүмектеп ағады. Қамау тері толық алынғанын аққан терінің құрамында тұз қалмағанынан білеміз. Сосын 4 не 5 сағат өткеннен кейін барып отқа қоямыз, жем-шөбін береміз...»

"Господинді" баптаған Рысалды апа Шаяхметова.

«Господин» 2004 жылдың күзінде өз ажалынан өлген. Сәйгүлік сүйегін жоғарыда аталған Жақтөбеге арулап жерлепті. Дін қызметкерлерінің нұсқауы бойынша, өлген атты алқымынан бауыздап, қанын шығарып, ішек-қарнын алып тастап, ақ сұрыппен орап, құйрығымен отырғызып, алдыңғы екі аяғын алдына айқастырып көміпті.

2022 жылы Досымет қария 80 жасында дүние салады. Ол кісінің сүйегі өз өсиеті бойынша сәйгүлігінің жанына қойылған. «Господиннің» жанына Досымет қариядан бұрын шетінеп кеткен немересі Досыметқожа жерленіпті. Осылайша, Жақ төбенің бір бүйірінде үш қабір пайда болған.

***

Сонымен. Қарабура әулие асындағы аламанға оралайық.

Бәйгенің бас жүлдесіне темір тұлпар тігілген. Оған қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен кіл жүйріктер жиналған. Ұзын саны 200-ге жуықтайды. Бәйге қашықтығы 30 шақырым, әр айналым 3 шақырымнан. Сырт көрінісіне қарасаң көзің тоймайтын небір дүлділдер жер тарпып, тізгінмен алысып, орнында тыпыршиды. Жиналған қауым «Бас бәйгені қай ат алады?» деген басты сұрақты талқылап, өздерінше болжам жасап гу-гу етеді. «Бәйгені ана ат алады, мына ат алады» деп өзара бәстесіп, таласқан жұрттың сөзіне құлақ түрсем «Господинге» бұл жолы ешқандай жүлде тимейтіндей. Халайықтың арасынан «Сырт облыстардан келген үміткерлер «Господинді» басты қарсылас санап келіпті. Олар созақтық жүйрікке бас жүлдені бұйыртпау үшін өзара сөз байласыпты», дегендей мазмұндағы сөз көбірек естілді. Мен «Батыраш пен Қотыраштың заманы емес қой қазір, бәйгені бағы мен бабы қатар шапқаны алады ғой» деп қоямын іштей.

...Жаршының жарлығымен бәйге аттары жарыстың бастау сызығына шақырылып, іле шабуға белгі берілді. Сырт облыстан келген, көрермен болжамынша бас бәйге мен қалған жүлделерді алады деген, бітімі ерекше, әбден жаратылған, аяқтары ұзын, келісті бес ат ә дегеннен негізгі топтан 300 метрдей алға шығып кетті. Екпіндері дауыл тұрғызып барады. Аяқ тастастарына жүрек көзі сүйсінеді. Одан кейінгілер төрт-бес топқа бөліне шауып барады. Біздің үмітіміз «Господин» үшінші топтың орта шенінде оң жақты алып келеді. Аяқ алысы шабыттандырар емес. Көрерменнің басым бөлігін құрайтын созақтықтар «Господиннің» шабысына көңілі толмай отырғандықтан болар үнсіз. Қиқу салып дызақтағандар байқалмайды. Алдын ала су себіліп қойылғандықтан атшабар топырағы дымқыл. Шаң көтеріле қойған жоқ. Күн ыстық, дегенмен әлсіз желтең бар. Төртінші айналым бітті. Жарыс көрінісінде анау айтты Атшабар топырағы аздап дегди бастаған болар, бесінші айналым бастала бере бәйге аттары тұяқтары тепкісінен жұқалтаң шаң көтерілді. Аттардың қатары біршама сиреді. Біраз ат «шамамның жеткені осы, енді қайтемін?» дегендей жарыс жолынан шығып қалған.

"Господинді" баптаған Досыметұлы Расулмет әйелі Меруертпен.

Біздің көзіміз ерекше көрініс бере көсіле шауып бара жатқан алдыңғы бес ат пен үшінші топтың орта шенінен шыға алмай келе жатқан «Господиннің» арасында жалтақтайды. «Господиннен» үмітіміз үзілер емес. Кенет ғаламат көрініс пайда болды. Айналаны «Уа, Жаратқан! Уа, Құдай! Ақсарбас! Әруақ, әруақ!» деген дауыстар жаңғыртып жіберді. Бұл дауыстар созақтық жанкүйерлердікі екені анық. Жергілікті көрермен дүр сілкінді. «Господин» бесінші айналымның бірінші бұрылысынан өткен сәтте көзді ашып жұмғанша үшінші топтан сарт ете оза шығып барды да жүз метрдей ілгері келе жатқан екінші топтың алдына түсті. Ғаламат! Сирек кездесетін көрініс. Одан мұндай шабуылды ешкім күткен жоқ. Жұртты дүр сілкінткен осы әрекет еді. Созақтықтардың үміті лаулап жанды. «Господин» екінші топтан елу метрдей алда. Жаңағы шалт қимылы салмақты, бір қалыпты шабысқа ұласты. Дегенмен тұрақты үдеу бар. Енді тағы бір мінез көрсетсе алдыңғы топты баса көктеп өтері анық. Бесінші айналымның басында көрсеткен тамашасын қайталауды жұрт асыға күтетіндей. Алтыншы айналымға келгенде «Господин» жылдамдығын бірден арттырмағанымен біртіндей үдей берді. Көрген көздің сүйсінбеске лажы жоқ. Екінші топтан жеке жүз елу метрдей ұзап кетті. Алдыңғы топпен арақашықтық едәуір қысқара түсті... Ә дегеннен алға шығып кеткен бес аттың екеуі барлығып, кейін қалып қойды. Іле оларды иелері жарыс жолынан алып кетті. Бәйге көші басын енді үш ат ұстап қалды. Бұлар мен «Господиннің» арасы қысқара түсті. Жұрт назары түгел «Господинге» ауған. Жануардың болат тұяғы қара топырақты илеп барады. Сызып барады. Тұяғына шаң емес от ұшқындайды. Шабысы жүректерді шымырлатып, көңілдерді босатты. Қайтсін енді? Сол мезеттерде кеудесін әппақ сақалы жапқан бір қарияның «бар екенсің ғой, нар екенсің ғой» деп кемсеңдегені, асқа келіп, аламанды тамашалауға аялдаған бір кейуананың «Господинге» мейірлене «құйтақандай болған құлыншағым-ау сол» деп жасаураған көзін сүрткені, бір жас өскіннің қиялына ерік беріп жіңішке шыбықты «мініп» алып, алақанымен санын ұрғылап шапқылап бара жатқаны естен кете ме, сірә?

Жергілікті күліктің жойқын шабуылына алдағы қонақ сәйгүліктер шыдас берер емес. Бұлардың екпіні баяулаған. «Господиннің» қаһарынан тізелері дірілдеп, бойларын үрей билегендей.

«Господин» жұрт күткендей тағы бір мінез көрсетті. «Господин» жетінші айналымға дейін топ бастаған үшеудің жанына ілгері қарай жұлдыздай ағып өте шықты. Күрең қасқа «Господин» одан сайын үдей берді. Әгәрәки, еркіне салса, тағы жиырма шақырымды қиналмай басып өте алары сөзсіз еді.

...Басты сұрақтың жауабы табылды. Бас жүлде созақтықтарда. 40-50 шақырымға дейін еркін шаба беретін, ұзаққа сілтеудің майталманы «Господиннің» алдына енді ешкім түсе алмайды. Жоқ, олай демеңіз. Бұл күлікті осы аламанда күлге көміп, қапы қалдырып, басып озатын «жүйрік» бар. Ол қайсы, ол қай жанкешті? Қараңыз.

Құлагерді құлатқандармен пиғылдастар, Ақан серіні ғана емес бүкіл қазақты зарлатқандармен тектестер бүгінде жоқ деп кім айта алады? «Господинге» де кезінде қастық пен қысастық жасалмай қалған жоқ. Бір бәйгеге түсер алдындағы түнде көзіне улы сұйықтық шашылғанын қастық, әдетте 30-35 шақырымға белгіленетін аламанды «Господиннің» ұзаққа сілтейтінін, әсіресе күшін соңына қарай сақтап шабатын қасиетін білетін кейбіреулердің кезінде аттардың қамын ойлағансып, шын мәнінде өздерінің дыз етпе түліктерінің шамасына есептеп бәйге қашықтығын әдейіге 20-25 шақырымға қысқартқан айлаларын қысастық деп қалай айтпайсың?..

Сонымен, сегізінші айналымда «Господин» төрт аяғын тең тастап, еркін түрде жеке шықты. Кенеттен, дәлірегі созақтық күлік осы айналымның орта тұсына жақындай бергенде әлдекімдер жарыс жолына «Господинмен» қабаттастыра тыңнан екі ат қосып жіберді. Жұрт мына әділетсіздікке шыдамай дүрлігіп кетті. Бірақ жарыс жалғаса берді. «Господин» өзіне жасалған тосын шабуылға пысқырып та қараған жоқ, шабысын жандандырып қабаттасқан тың тасыраңбайларды шаңына да ілестірмей кетті. Бұл айлаларынан түк шықпағанын білген әлдекімдер қалайда бәйгенің шырқын бұзып, бас қаһарманды бірінші жүлдеден қағудың құйтырқы амалын жасауға бекінгендей болды. Сөйтіп, ақырында аттылы жиырма шақты адам атшабардың бел ортасынан килігіп, жарыс жолына түсе шаба жөнелді. Жарыс шарты бұзылды, бәйге барысы бақылаудан шығып, атшабарда түсініксіз, әлемтапырық жағдай орнады. Аламан жарыс тоқтатылды. Бәйге басталар алдында «басты қарсыластар «Господинге» бас жүлдені бұйыртпау үшін өзара сөз байласыпты» деген мазмұндағы сөз расқа айналғандай болды.

Осылайша, жұртты күйіндірген, талайдың есінде сақталып қалған жайсыз да, тіпті көрерменнің, алыс-жақыннан келген қонақтардың сол сәттердегі көңіл әуеніне қарап сөйлесек сұмдыққа балап айтуға да болатын оқиға орын алды. Мұндайды кім күткен?

Шын жүйріктің, дүр дүлділдің лайықты да әділетті бәсекелесінен тайқы маңдай, қарау ниетті, адыраңдап аңдысып қапы қалдырар қарсыласы қашан аз болып еді?.. Қарабура әулиенің асындағы аламанда «Господинге» қарсы жасалған бұл өрескелдікті, жаулықты нағыз қастандық деп те, халықтың көзін бадырайтып қойып жасалған қысастық деп те пайымдадық. Бәрінен де қазақтың жақсысы, дара тұлға Қарабура әулиенің әруағы алдында ыңғайсыз күй кешіп қалдық. Қала берді әулие асында ерекше пейілмен жүрген жұрттың, алыс-жақыннан келген қонақтардан ұят болды.

Аламан шырқын бұзғандар анықталмады, ешкім жаза тартпады. Содан келіп, «қазақ осындай, қазақ мұндай» деген сыңайдағы айыптау сөз көпке бағытталып кете барды. Амал не?

Бұл бәйгеден кейін де «Господин» талай бәйгеге қатысып, оза шапты. Оның өзі бір тарих.

«Господиннің» көп жүлде алғанын білеміз... Досымет көкеміз сол жүлделерді үйге шашауын шығармай алып келетін бе еді?» деген сауалымызға Рысалды апа күле отырып былай деп жауап берді. «Господиннің» алған жүлделерін игілігімізге жаратпадық деп айта алмаймын. Төрт машина, ек аяқтысы бар, үш аяқтысы бар мотоцикілдің неше түрін жеңіп алды. Ал ұтып алған түйе, жылқы, сиыр, тоқты-торым, тоңазытқыш, теледидар, кілем, басқа да дүниелердің санын айта алмаймын. Әлгі төрт машинаны пайдаландық, ал қалғандарының көбісін Досекең көңілі түскен адамына «нағашым еді, жиенім еді, досым еді, құдам еді» деп таратып жіберетін. Табиғатынан сері Досымет көкеңнің қолы ашық еді, дүниеге қызықпайтын жарықтық», дейді Рысалды апа.

«Господин» – Созақтың Құлагері. Аңызға айналған жануарға бір ескерткіш орнатса, қанеки, Созақ жерінде.