Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро өтіп, онда төртінші сессиядағы бірінші жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Депутаттарға биылғы 15 сәуірде Ереван қаласында жасалған Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім мен екі ел азаматтарының сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялайтын заң жобаларын қарау ұсынылады.
Көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратпен, тараптардың аумақтарында орналасқан мемлекеттердің азаматтары туралы мәліметтермен алмасуды, сондай-ақ көші-қон саясаты мәселелері бойынша тәжірибе мен практикалық көмек көрсетуді көздейді. Азаматтардың тұрғылықты жерінің құқықтық жағдайы, көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Бұл шаралар өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыруға және қос азаматтықпен күресуге бағытталған.
Ал екінші келісім азаматтардың жүру және болу тәртібіне қатысты. Ол екі ел азаматтарына келісімде көзделген жарамды құжаттардың бірі бойынша мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезден бастап 90 тәулікке дейін екінші тарап мемлекетінің аумағына еркін кіру, шығу, транзитпен өту, орын ауыстыру және болу құқығын береді.
Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдайды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілетін түзетулер, «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және осы жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобалары, Цифрлық кодекс жобасы мен оған ілеспе түзетулер, мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқаруға қатысты заңнамалық өзгерістер, сондай-ақ басқа да жобалар бар.