Павлодарда қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына, Конституцияның 30 жылдығына орай музыкалық кеш өтті. Өзге ұлт өкілдері композитордың әндерін орындап, Достық үйін думанға бөледі.
Іс-шараны «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» және «Қазақша ән саламыз» жобалары аясында, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлесіп ұйымдастырғанын айтып өту керек. Кеште атақты композитордың «Бақыт құшағында», «Шынарым», «Бақыттымын, құрбылар», «Ақ бантик», «Ана туралы жыр», «Бәрінен де сен сұлу», «Сыған серенадасы», «Арыс жағасында», «Қаракөз» сияқты көпшілікке жақсы таныс туындылары орындалды. Концертке жиналған қауым ел арасында кеңінен таралған әндерді қосыла шырқап, ыстық ықыласпен қошемет көрсетті. Ал би ансамблі халық композиторының әндерін бимен сүйемелдеді.
Кешті Ертіс-Баян өңірінде тұратын этнос өкілдері ана тілдерінде орындаған попурримен қорытындылады. Бұл ерекше думан Шәмші шығармашылығы елдің ортақ мұрасы екенін дәлелдеумен қатар, этносаралық татулық пен бірлікті де байқатты.
«Шәмші Қалдаяқовтың әндері – біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Конституция күні қарсаңында ұйымдастырылған және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған бүгінгі іс-шара композитордың патриотизмге, Отанға және адамдарға деген шынайы сүйіспеншілікке толы шығармалары ұрпақтарды біріктіретінін тағы бір мәрте растады. Бүгінгі концертке этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының басшылары мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері де қатысты. Бұл, әрине, қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайту үшін маңызды, деп атап өтті «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүрия Көбенова.
Павлодар облысы