Жаңа оқу жылының қарсаңында «AMANAT» партиясы «Бақытты отбасы» жобасы аясында 16 жыл қатарынан «Баланы мектепке дайындайық!» республикалық қайырымдылық акциясын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл игі дәстүр жыл сайын балаларын мектепке дайындауда қаржылай көмекке зәру отбасыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылады.
Биыл 26 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы 49 500 бала көмек алды. Оларға оқу құралдары салынған сөмкелер, мектеп формасы және басқа да қажетті заттар табысталды. Соңғы үш жылдың ішінде аталған акция аясында 130 мыңнан астам оқушыға қолдау көрсетілді.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өзінің Instargam парақшасында атап өткендей, балаға деген қамқорлық болашаққа салынған инвестиция.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Адал азамат дәл мектеп қабырғасында қалыптасады. Біздің партияның міндеттерінің бірі – әрбір баланың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау. Елдің әр өңірінде партия белсенділері мыңдаған отбасыға жаңа оқу жылына дайындыққа көмек көрсетуде. Біз үшін бұл бір реттік акция емес, Президенттің балалар мен қиын жағдайға тап болған отбасылардың мүдделерін қорғау жөніндегі бағытын қолдауға арналған жүйелі жұмыстың бір бөлігі», деді ол.
Партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында кемінде 1,2 млн жайлы оқушы орнын құру, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толық шешу, сондай-ақ 3 мың оқу орнын жаңғырту көзделген. Биылдың өзінде бағдарлама аясында еліміз бойынша 83 мектеп салынды.
Сонымен қатар «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде 2024 жылы 37 мың отбасыға тікелей көмек көрсетілді, мемлекеттік қолдау шараларының орындалуын қадағалау мақсатындақоғамдық-партиялық бақылау ұйымдастырылды. Партия бастамасымен ашылған Отбасыларды қолдау орталықтарында 500 ана балаларымен уақытша орналастырылды. Қазіргі таңда мұндай орталықтар саны – 104. Сондай-ақ 3,4 мың әлеуметтік тұрғыдан осал отбасы құқықтық көмек алды.