Көктем Оңтүстікке ерте келеді. «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау танымас тірі жанды», деп ұлы ақын айтатын қыс мұнда жоқ. Болса да қоянның құйрығындай шолақ.
Содан ба, тропикалық өсімдіктер де Оңтүстіктің топырағын жерсіне бастады. Лимон, анар, банан өсіру түк болмай қалды.
Сарыағаш пен Сайрам аудандарында екі шаруа осы жемістерді өсіріп, мәуесін жеп жүр. Ал Кентау қаласының Хантағы ауылының тұрғыны Рахип Зайнутдинов жеті жылдан бері бамбук өсіреді.
Шымкентке бір барғанда базардан тұқымын көріп, әуестікпен сатып алған екен. Солқылдаған бамбук күзге дейін жеті-сегіз метрден асып өсіп кетеді. Рахип қария оны бақшадағы көкөністерінің сабағы жерге құламас үшін қада ретінде пайдаланатын болыпты. Содан кейін үй төбесін жабуға пайдаланған. Қоршау жасап, шарбақ тоқуға да таптырмайды екен.
Керек тастың ауырлығы жоқ деген. Солтүстіктің адамдары кинодан, кітаптан ғана көретін бамбугіңіз осылайша Шымкенттегі шаруаның кәдесіне жарап тұр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.