• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Қонаевта 42 отбасыға пәтер кілті табысталды

40 рет
көрсетілді

Ата Заңымыздың 30 жылдығына орай, Қонаев қаласының тұрғындары зор қуанышқа бөленді. Мерейлі мереке қарсаңында 42 отбасы баспаналы болды. Кілттерді қала әкімі Асхат Бердіханов салтанатты түрде табыстады, деп жазады Egemen.kz.

Алдағы жылдары қала бойынша жалпы ауданы 161 мың шаршы метрді құрайтын 72 тұрғын үй салу көзделген. Құрылыстың қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде пәтер кезегі жылдам қозғалып, тұрғындар баспаналы болмақ. Қонаев қаласы – облыс орталығы болғалы бері 193 отбасы қоныстойын тойлаған. Биылдың өзінде 108 пәтер кілті салтанатты түрде табысталғанын атап өткен қала әкімі, жыл соңына дейін жүзеге асатын шараларды да тілге тиек етті.

«Бүгінгі күні «Қарлығаш» шағынауданында 18 жер үй көпбалалы отбасылар, жетім, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріліп отыр. Бұдан бөлек, 24 пәтер кілті табысталуда. Жалпы саны 42 отбасы баспаналы болды. Жыл соңына қарай үйлі болатын отбасылардың саны 200-ден асады деп күтілуде. Конституция күнімен қатар келген қуаныштарыңыз құтты болсын!», – деді шаһар басшысы.

Бұл күні шаңырақтары шаттыққа толған тұрғындардың бірі – Динара Тәуірбаева болды. Мүгедектігі бар екі баланы тәрбиелеп отырған ол, кезекте тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болғанын алға тартты.

«Қуанышым қойныма сыймай тұр. Әр отбасыға осындай жақсылық бұйырсын. Ел іргесі мығым болсын. Ата Заңымыздың 30 жылдығы қарсаңында қуанышқа кенелткен ел азаматтарына алғысымыз шексіз», – деді ол.

Айта кетейік, берілген жер үйлер мен пәтерлер сатып алу құқығымен жалға берілді. Алғашқы жарнасын төлеу арқылы үйлерді жекешелендіріп алуға болады. Жалпы Қонаев қаласында 3800-ден астам тұрғын үй кезегінде тұр. Пәтер алуға кезекке тұру үшін «Отбасы банктің» қосынына хабарласу қажеттігін еске салады.

Алматы облысы.