• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:50

Бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаражат керек

70 рет
көрсетілді

Қыркүйек жақындаған сайын ата-аналар баласын жаңа оқу жылына дайындауға кіріседі. Дәптер, қалам, сөмке мен мектеп формасын түгендеудің құны бүгінде әр отбасының қалтасына айтарлықтай салмақ түсіретіні анық. Осыған байланысты Egemen.kz тілшісі бір баланы мектепке дайындауға кететін орташа шығынды зерттеп көрді.

Тамыздың соңғы күндері базарға кірсеңіз, мектепке керек-жарақ іздеген ата-ананың қарасы қалың. Бірі дәптер-кітаптың бағасын сұрап әлек, бірі баласына сапалы сөмке таңдауға тырысады. Саудагерлердің сөзіне сенсек, бағаның өсуіне тек сұраныс қана емес, сыртқы факторлар да әсер етіп отыр.

«Жалпы кеңсе тауарларының бағасы былтырмен салыстырғанда биыл кәдімгідей өсті. Себебі доллар қымбаттады. Бір жыл ішінде біраз айырмашылық байқалады. Өткен жылы бірінші сыныпқа қажетті оқу құралдарына  6-7 мың теңге кетсе, биыл 10 мыңға жуықтап отыр. Қолдан келгенше ата-аналарға жеңілдік жасап, көмектесеміз. Бірақ бізге де тауар қымбат келеді, әрі нарықтағы бағаны ұстауымыз керек. Ата-аналарға, әсіресе көпбалалы отбасыларға оңай емес», дейді сатушы.

Сауда нүктелерін аралап жүріп бағалардың тұрақсыздығын байқадық. Мәселен, бір базарда дәптер 15 теңгеден сатылса, басқа жерде одан қымбат. Қалам – 30-120 теңге аралығында, қарындаш – 50-100 теңге, ал түрлі-түсті қарындаш 700-1200 теңге тұрады. Күнделік 500 теңгеден басталса, сызғыш 100-300 теңгеге дейін жетеді. Баланың сөмкесін 4 мыңға да, 8 мыңға да табуға болады. Яғни, оқушыға ең қажетті деген қарапайым құрал-жабдықтардың құнын есептегенде де бағаның айырмашылығы анық байқалады.

Ата-аналардың арасында қолындағы түбіртектерді қайта-қайта қарап, шығынды санаумен жүргендер аз емес. Астана қаласының тұрғыны Динара Томаева биылғы дайындықтың қалтасына қалай әсер еткенін жасырмады.

«Бүгін бір баламды 80 мың теңгеге киіндірдім. Оның өзінде үнемдеп жүріп жинақтадым. Жалпы есептегенде бір балаға 120 мың теңгедей кетеді екен. Ал көпбалалы ата-аналарға тіпті қиын, шығындары 400-500 мыңға жетіп қалады. Мен өзімнің үш баламның екеуін мектепке апарамын. Жыл сайын әр балаға 150 мыңдай ақша бөлемін. Бұл тек киім мен құрал-жабдық, оған қыстық, күздік сырт киім кірмейді», дейді ол.

Кейбір ата-аналар бағаны екінші орынға ысырып қойып, олар ең алдымен баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне мән береді. Әсіресе сөмке таңдауда салмағы, ыңғайлылығы, жарық шағылыстыратын жолақтарының болуы басты назарда. 

«Биыл қызым 1 сыныпқа, үлкен ұлым 2 сыныпқа барады. Мектеп формасы мен аяқ-киімге 100 мың теңгедей кетті. Канцелярияға тағы 30 мың шығындалдық. Жалпы есепте бір балаға 130-150 мың теңге жұмсалады. Мысалы, аяқ киімді 22-25 мыңнан алдық, жейде – 7-10 мың, шалбар – 13 мың, сыртқы жилетка – 8 мың. Сөмкені 10 мың теңгеге алдық. Таңдағанда ортопедиялық болуына, жарық шағылыстыратын жолақтарының бар-жоғына, жеңілдігіне қатты мән бердім», дейді ата-ана.

Көпбалалы отбасылар үшін бір-біріне қосылған шығын көлемі кейде жарты жылдық табысқа пара-пар болып кетеді. Тағы бір ана баланың киімін де, құралын да түгелдеп шығу үшін біраз қаражат қажет екендігін жасырмады.

«Биыл төрт баламызды мектепке дайындауға 300 мың теңгедей жұмсадық. Оның 40 мың теңгесі кеңсе тауарларына, қалғаны киім-кешекке кетті. Әр баланы жеке есептеген жоқпыз. Шамалап алдық. Бәрі қымбаттап кетті ғой»,  дейді.

Жаңа оқу жылына дайындықтың тағы бір ерекшелігі – сатып алу мәдениетінің өзгеруі. Бұрынғыдай базар аралап, сауда қатарын шарлау міндетті емес. Қазір көпшілік онлайн тапсырысқа бейімделе бастаған. Ата-аналардың пікірінше, бұл бір жағынан артық шығыннан сақтайтын тәсіл, екінші жағынан уақытты үнемдейді. 

«Қызымды мектепке дайындау үшін киіміне шамамен 130 мың теңге шықты. Аяқ киімдерді есептемегенде. Ал мектеп құралдарына 60 мың теңгедей кетті. Сонда бір балаға 200 мың теңге жуықтап тұр. Әрине, үнемдеуге де болады. Бірақ ол отбасының жағдайына байланысты. Мен өзім соңғы жылдары онлайн сатып алуды жөн көремін. Өйткені базарға барсаң, көз тоймай, артық зат алып қоясың. Ал онлайнда нақты керегін ғана таңдап аласың», дейді ол.

Жоғарыдағы ата-аналар мен саудагер пікірлерінен аңғарғанымыздай, жаңа оқу жылына дайындық қалтаға қомақты салмақ түсіріп отыр. Қарапайым кеңсе тауарларының өзі былтырғыдан қымбаттап, ең арзан жиынтықтың құны 10 мың теңгеге жуықтап қалған. Ал мектеп формасы мен аяқ-киімін қосқанда шығын көлемі еселенеді. Ата-аналардың айтуынша, бір баланы толық киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтамасыз етуге орта есеппен 100–200 мың теңге жұмсалады.