Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев тау-кен металлургия кешенін дамытуға қатысты Үкіметке нақты міндеттер жүктеген еді. Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті.
Жиынға тау-кен өндіру және металлургия кәсіпорындарының басшылары, салалық қауымдастықтар өкілдері қатысты. Үкімет басшысы биыл тау-кен металлургия кешенінде (ТМК) мыңдаған жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін және экономиканы әртараптандыруға ықпал ететін 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Президент алдымызға өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, сапалы өсуді қамтамасыз ету, ұзақмерзімді инвестициялар тарту сияқты стратегиялық міндет қойып отыр. Біз «шикізат өндіру және экспорттау» моделінен «ел ішінде қайта өңдеу және қосымша құн құруға» көшеміз. Үкімет ел ішінде қайта өңдеуді ынталандыру, жаңа өндірістерді қолдау, металлургиялық кластерлерді дамыту ісін жалғастырады», деді О.Бектенов.
Талқылау барысында қатысушылар инвесторлар үшін заңнаманы және жағдайларды жетілдіру мәселелерін көтерді. «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов тау-кен металлургия кешені өкілдері тарапынан бизнес және сарапшылармен бірлесіп, бірыңғай салалық даму құжатын әзірлеу, тариф саясатын синхрондау және Жер қойнауы туралы кодекске түзетулер енгізу жұмыстарын аяқтау жөніндегі ұсынысын айтты.
Геологиялық барлау компаниялары тобының құрылтайшысы Саид Сұлтанов тұрақты салық режімін қамтамасыз ету, роялти жүйесін әлемдік тәжірибеге бейімдеу, сондай-ақ геологиялық барлау қызметін көрсететін компанияларға салық салуды жеңілдету туралы пікір білдірді.
Жаңа кен орындарын іздеуде шешуші рөл атқаратын шағын және кіші компанияларды қолдау қажеттігі талқыланды. Тау-кен өндіруші компанияның басшысы Айбар Дәуітов кіші компаниялардың түсінігі мен мәртебесін заңнамада бекіту және шағын жер қойнауын пайдаланушылар үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының (ПҚӨС) сараланған мөлшерлемелерін енгізуді ұсынды.
Ферроқорытпа зауытының директоры Хондамир Юлдашев жиынға қатысушылардың назарын электр энергиясы мен көлік қызметіне арналған тарифтерге аударды.
Сонымен қатар теміржол тарифтері мен локомотив тарту қызметі мәселелері қозғалды. «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев локомотив тарту қызметтеріне тарифтерді мемлекеттік реттеуді сақтау керектігін айтты.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмірин тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңғырту үшін электр энергиясы мен тасымалдау тарифтерін ырықтандыру қажет екенін атап өтті.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ТМК кәсіпорындары бүгінде барлығы бірдей сақтай бермейтін экологиялық стандарттарды ескеруі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірқатар кәсіпорын көміртегі ізі мен энергия тұтынуды азайту жобаларын жүзеге асыра отырып, таза технологияларға көшуді бастады, ал мемлекет өз кезегінде экологиялық шешімдерге инвестиция салатын компанияларға қолдау көрсетуге дайын.
Сонымен қатар Премьер-министр цифрлық шешімдер, жасанды интеллект енгізуді жеделдету қажеттігін атап өтті.
Бұдан өзге, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу үрдістерінің ашықтығына бақылауды күшейтуге және отандық өндірушілермен кооперацияны дамытуға баса назар аударылды. Осы мақсатта 1 шілдеден бастап тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға арналған мемлекеттік платформаның жаңғыртылған нұсқасы іске қосылды, бұл жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы саланы дамыту терең өңдеуге, технологияларды енгізуге, экологиялық жауапкершілікке негізделуі керектігін атап өтті. Бұл шикізат моделінен алшақтап, елде толық өндірістік циклді кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді.