Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІ Абдалла екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін растады.
«Жоғары Мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Бұл сапар Сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын Сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, кеше екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін», деді Иордания Королі.