• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Инфляция Бүгін, 10:15

Сарапшылар базалық мөлшерлеменің өзгеріссіз қалу себебін түсіндірді

50 рет
көрсетілді

29 тамызда, Ұлттық банк қазіргі уақытта 16,5% құрайтын базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімді жариялайды. Биыл инфляциялық қысымның күшеюін ескере отырып, реттеуші монетарлық саясатты қатаңдатқан: наурызда мөлшерлеме 15,25% -дан 16,5% -ға дейін өсті, содан бері өзгеріссіз қалып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, алдағы айларда мөлшерлеме осы деңгейде қалады. Олардың айтуынша,  инфляция факторларының қалыптасқан теңгерімі, инфляцияға қарсы үрдістер және сыртқы экономикалық факторлардың әсері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалуға мүмкіндік береді.

 «Ұлттық қордан 2025 жылға арналған бюджетке трансферттер сомасы 5,25 трлн теңге мөлшерінде бекітілді. 2025 жылдың жеті айында 3,475 трлн теңге пайдаланылды, бұл өткен жылғы деңгейден 476 млрд теңгеге (15,9%) артық. Орташа айлық пайдалану 496 млрд теңгені құрады. Егер трансферттердің жалпы жоспарланған сомасы ұлғайтылмаса (өткен жылдағыдай), онда 2025 жылдың қалған бес айында трансферттерді орташа айлық пайдалануды 355 млрд теңгеге дейін қысқарту қажет болады (ағымдағы деңгейге қарағанда 28,5% -ға төмендеу). Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді шектеуге байланысты фискалдық ынталандырудың айтарлықтай қысқаруы экономиканы қолдауға арналған бюджет шығыстарының азаюына алып келеді. Осының салдарынан жиынтық сұраныстың өсуі баяулайды және инфляциялық қысым төмендейді», деп есептейді Halyk Finance сарапшысы Салтанат Игембаева.

Инфляция алты айлық құбылмалықтан кейін тұрақтандыру нүктесіне барып тоқтады:   Жыл басында жоғары өсу қарқынын көрсеткен айлық инфляция шілдеде 0,7% -ға дейін кері шегінді. 

«Сондай-ақ біз жыл соңына қарай фискалдық ынталандырудың қысқаруын күтеміз. Біздің ойымызша, осы жылдың тамыз-желтоқсан айларында 2025 жылға арналған бұрын бекітілген лимит сақталған жағдайда Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді шектеуге байланысты фискалдық ынталандыру айтарлықтай қысқарады. Бұл экономикалық өсудің байқалатын жоғары қарқынын бәсеңдетеді және инфляциялық қысымның төмендеуіне ықпал етеді, алайда инфляциялық күтулерге, ішкі теңгерімсіздіктерге және сыртқы экономикалық факторларға байланысты тәуекелдерді толық өтей алмайды», дейді сарапшылар.

Үкімет электр энергиясы, жылыту, сумен жабдықтау және газ бағаларының болжамды өсуін төмендете отырып, ТКШ тарифтерінің өсуін шектеу жөнінде шаралар қабылдады. Оның үстіне, жыл соңында мемлекет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді қысқарту есебінен экономиканы қолдау көлемін азайтады деп күтілуде. Бұл экономикадағы сұраныстың төмендеуіне және тиісінше инфляцияның одан әрі баяулауына алып келеді.

Сарапшылар инфляциялық тәуекелдер сақталып отырғанын ескертеді.

Халық арасында бағаның өсуіне жоғары күтулер және әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық сияқты сыртқы факторлар шиеленіс туғызуды жалғастыруда. Сондықтан Ұлттық банк, сарапшылардың пікірінше, инфляцияның қайтадан екпініне жол бермес үшін базалық мөлшерлемені төмендетпейді.

Ағымдағы экономикалық факторлардың теңгерімі бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және сақталып отырған тәуекелдер жағдайында инфляцияны бақылау үшін кем дегенде жыл соңына дейін 16,5% ставка өзгеріссіз қалатынын білдіреді.