Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет қаулысымен «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген еді. Оның басым бағыты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тақырып аясында жастарға білім беруге, ақпараттандыруға негізделген.
Осы орайда өткен жылдан бері ел көлемінде көптеген іс-шара қолға алынып, аталған акция шын мәнінде жалпыұлттық сипатқа ие болды. Экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасында бірнеше жылдық жоба-жоспар бекітілген соң күтетін нәтижелер де ауқымды. Мысалы, 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу ісін 25%-дан 38%-ға дейін арттыру көзделген. Экологиялық тәрбиені нығайту іс-шараларына тартылған оқушылар үлесін 15%-дан 40%-ға дейін ұлғайту жоспарланған. Сол секілді азаматтардың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейін 55,8%-дан 64,7%-ға дейін жоғарылату мақсаты тұр. Осы аралықта қоғамдық орындарда коммуналдық қалдықтарды бөлек жинайтын жәшіктер орнатуға басымдық беріледі. Осылайша, экологиялық қауіпсіз тәжірибелерді енгізіп, қоршаған ортаны ластауға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру көзделген. Тұжырымдама шеңберінде былтыр және биыл ұйымдастырылған экологиялық іс-шаралардың саны мыңнан асты. Демек Мемлекет басшысы айтқандай, тазалыққа шақырған үндеу уақытша науқан деңгейінде қалып қойған жоқ, көпшіліктен кеңінен қолдау тапты.
«Өздеріңіз білетіндей, тұжырымдаманы іске асыру жөнінде жоспар бекітілді. Оған көгалдандыру, абаттандыру, эковолонтерлік, экологиялық конкурстар өткізу, халықтың экологиялық білімі мен мәдениетін арттыруға септесетін іс-шаралар жиынтығы кіреді. Жергілікті атқарушы органдар тұжырымдаманы іске асыру бойынша өңірлік іс-қимыл жоспарларын қабылдады. «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы іске асқан кезеңнен бастап ел аумағында 1 117 экологиялық акция өтті. «Таза мамандық – таза өңір», «Қасиетті мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» сынды іс-шараларға 10 млн 400 мыңнан астам адам қатысты. Оның 586 мыңы – еріктілер. Осы аралықта 1 млн 600 мың тоннадан астам қалдық жиналып, 859,6 мың гектар аумақ тазартылды. Бастама аясында жыл сайын 3 млн ағаш отырғызу жоспарланған», дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – қалдықтарды жою, реттеу, қайта өңдеумен байланысты. Нақты деректерге үңілсек, елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық жиналады екен. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі былтыр 25,8%-ды құраған. Бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету үшін инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар саласы бойынша 67 жоба мақұлданып, оған 346,6 млрд теңге қарастырылған. Еліміздегі барлық дерлік қалада қазір экобокстар мен фандоматтар көптеп орнатылып жатыр. Олар қайта өңделген заттар үшін бонустар төлейді. Мысалы, жеке бизнестің бастамасымен Астана, Алматы, Ақтөбе мен Өскеменде пластик пен алюминий жинауға арналған жүздеген фандомат орнатылады. Бұдан өзге, тамыздың соңына дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қанатқақты жобасы аясында Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек жинауға арналған 1000-нан астам экобокс қойылады. Есесіне, полигондарға тонналап жіберілетін қалдық көлемі біршама азаюы керек.
«Заңсыз полигондарды жою мәселесі мемлекеттік экологиялық саясаттың өзекті міндеттерінің бірі болып қала береді. Кейінгі жылдары заңсыз полигондардың азайғанын байқап отырмыз. Егер 2020 жылы жою деңгейі 66% ғана болатын 8884 полигон анықталса, 2024 жылы олардың саны 4 886-ға дейін азайып, оның 93% жойылды. Биыл ғарыштық мониторинг деректері бойынша 2 707 полигон тіркелді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай аз, дегенмен бүгін сол анықталған полигондардың 672 нысаны немесе 24% ғана жойылды. Әсіресе Абай, Жетісу, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында полигондарды жою баяу жүріп жатқаны байқалды. Ал жақсы нәтиже көрсеткендердің қатарында Алматы – 100% (53 полигон), Қызылорда – 99% (112), Павлодар – 97% (165), Қостанай облыстары 89% (67) тұр. Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін оның ішінде заңсыз полигондарды жою бойынша жеткіліксіз жұмыс үшін 87 лауазымды тұлға, оның ішінде 10-нан астам аудан және қала әкімінің орынбасарлары жалпы сомасы 12,4 млн теңге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов іс жүзінде қолға алынған жұмыстың ретін баяндап.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында көгалдандыру жұмысына да көп көңіл бөлінді. Мәселен, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд 369 млн көшет, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл көшеттерінің 48,7 млн данасы егілген. Өткен жылдың соңында Қазалы қаласындағы 33 гектар алаңда қуаты жылына 3 млн көшет болатын орман шаруашылығының құрылысы аяқталды. Онда агротехникалық талаптар ескеріле келе, 10 гектар алаңға сексеуіл тұқымы егілген.
Бүгінде қоғамдық бақылауды күшейту үшін Telegram-да @TazaQazBot чат-боты жұмыс істеп тұр. Осы арқылы тұрғындар қоқыс үйінділерінің пайда болу фактілері туралы тікелей хабарлап, фотосуретті де қосып тіркей алады. Жыл басынан бері порталға осындай 17 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 15 мыңнан астамы орындалған. Өтініштердің басым бөлігі аумақтарды тазалау, көшелерді абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесіне қатысты болып отыр. Демек, Telegram – чат-бот полигондарды анықтап, жоюға жәрдемдесетін және бұл істе жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз ететін таптырмас құрал болды. Бастысы, осы арқылы жұртшылық экологиялық мәселелерге, табиғатты аялауға бейжай қарамайтынын байқатты. Шынтуайтында, экологиялық акция аясында қабылдаған іс-шаралар табиғатты таза ұстауға ғана емес, экологиялық жалпы мәдениетті өзгертуге әсер етеді. Былтыр тұжырымдамаға сәйкес өткен акцияларға әрбір үшінші отандасымыз қатысса, биылғы көрсеткіш бұдан да жоғары болады деген үміт бар. Бұл жетістікті біз халықтың туған өлкеге деген жанашырлығынан, сүйіспеншілігінен деп түсіндік.