Қатал тағдыр Арқаның айтулы театрын Қайратынан айырды. Бес күндік жалған өмірдегі шілденің бір кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр және кино актері Қайрат Кемаловтың үлкен жүрегі мәңгілікке тыныстады... Арқа жұртына, қалың көрерменге шілденің аптап ыстығындағы бұл тым суыт хабар жүректі қарыған аяздан бетер әсер етті...
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өмірден өтіп, соңғы сапарға шығарып саларда Ғабит Мүсірепов: «Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген сөзін Мұқаңа қаратып айта алмаймыз. Оның орны қай заманда болсын үңірейіп тұрады» депті. Шындығында, Қаллеки, Шәкен, Нұрмұхан, Әнуар ағаларымыздың орнын басқан, шеберліктің биік дәрежесін бағындырған кім бар? Рас, рөлдерін ойнады, бірақ шыңына жеткені некен-саяқ. Ал көрермен сол кейіпкерлерін: Абай, Ақан сері, Шоқан, Ваня ағайды алдыңғы толқын ағалар сомдаған әлемдік дәрежедегі биіктен көргісі келеді, аңсайды! Дарындар сомдаған кейіпкерлер ұлттық сахна өнерінің эталоны болып мәңгілікке қалды...
Жалындаған жастық шағымыздан біріміз аға, біріміз іні болып, сахнада қатар келе жатқан, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық Қазақ драма театрының әйгілі актері, біздің мақтанышымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Қайрат Кемалов бауырымның орны ойсырап қалды. Өкініш өзекті өртегенімен, қолдан келер қайран жоқ. Өткен күндердің елесі, сахнада әріптес болған шуақты сәттердің сағынышы жұдырықтай жүрекке сияр емес.
Қайрат сан қырлы еді-ау, шіркін! Поэзияны ерекше сүйетін. Мен Қайратты алғаш көргенімде ол 9-сыныпта оқитын. 1972 жылы қазіргі Н.Нұрмақов атындағы мектеп интернатының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі М.Шәріпова апай: «Кеңес айналайын, бізде өлеңді керемет оқитын бала бар, тәрбиелесе, жақсы әртіс шығатын түрі бар», деді бір күні. Үзіліс кезінде барсам, оқу бөлімінің меңгерушісі Сара Балқашқызының кабинетінде домбырамен ән салып отыр екен. Танысқан соң: «Әнді жақсы айтады екенсің, өлең оқып көрші» дедім. Тұрғанда байқадым, бойшаң екен. «Төлеген Айбергенов «Сағыныш» деді де, бозбаланың әдемі қоңыр даусымен, мәнерлеп оқи жөнелді. Үнінің ашықтығы, сөйлеу артикуляциясы, дикциясы бірден ұнады. Әрі қарай М.Шахановтың поэмасынан бастап, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев өлеңдерін жатқа соқты. Жадының ерекшелігіне әрі таң қалып, әрі риза болып, актерлік факультетке прозаның, сықақтың да емтиханда керектігін айтып ескерттім. Сол заманда театрда өтетін түрлі мерекелердің сценариін жазып, режиссерлік етуді театр басшылығы маған тапсыратын, сол концерттерге 3-сынып оқушысы М.Жүнісова (қазіргі Қазақстанның халық әртісі) екеуін қатыстырып, үлкен сахнадағы тұсауын кескенім де күні кешегідей еді. Қайрат отан, ана туралы өлеңдерді оқитын. Мектеп бітірер кезде 1974 жылы Қазақстандағы Алматы консерваториясынан профессор Рәбиға Қаныбаева облыстан жас таланттарды оқуға тартуға келді. Мен интернатқа алып барып Қайратты көрсеттім. Рәбиға апай мектеп бітірушілерден ұзын бойлы Қайрат пен тағы екі жігітті таңдап оқуға түсуге шақырды, үшеуінің ішінен Қайрат түсіп кетті.
Қазақ театр өнеріндегі еңбек жолын «Әкемтеатрда» өнердің ұлы тұлғаларымен қатарласа жүріп бастап, айтулы мектептен өткен Қайрат Сәкен театрына келгенде хандар мен би-батырларды, салдар мен серілерді кейіптеуге түр-тұлғасы да, даусы да, дарыны да жетіп тұрған жампоз еді. Саналы ғұмырында ұлтының жоғын жоқтап өткен этнограф-жазушы, ұлтымыздың күмбірлеген күйі мен әуелеген әнін зерттеуге арнаған Ақселеу Сейдімбектей қазақтың талантты біртуар перзентіне аталас немере іні болып келетін Қайраттың да таланты мен талабы таудай болатын. Ол сахнада ойнаудың теориясын Асқар Тоқпанов, Рәбиға Қаныбаева сынды театр өнерінің мэтрлерінен оқыса, киелі сахна құдіретін танып-білу дарыны өзінің өн бойынан табылатын. Сондықтан да ол сомдаған басты бейнелердің ешқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, ол кейіпкерлерін ешқашан да «трафаретке» салмайтын, жүрекке салатын. Сахнада кейіпкердің тағдырымен өмір сүріп, өмірде адалдық пен адамдықтың биігінен еш аласармайтын. Батырды да, ханды да, биді де ол алдымен кәдімгі бәріміз қатарлы адам деп қарастырып, оның ішкі жан-дүниесін ашуға бар қарым-қабілетін жұмсайтын, содан кейін ғана тұлғалық қасиеттерін көрсетуге тырысатын. Осындай шынайы кейіпкерлер сомдауға оның білім-білігі де, ізденісі мен шеберлігі де жетіп артылатын. Қайраттың сан қырлылығы сондай, ол кей кездері хан-сұлтандар ғана емес, қарапайым адамдарды, мұңлы-шерлі жандарды, үйсіз-күйсіз жүрген кембағал кісілерді де келістіріп кейіптеп беретін.
Қайрат сахна сардары еді. Ол Абай, Отелло, Брут, Артықбай, Бақтығұл, Ақан сері, Бәйдібек би, Никита сынды отандық және әлемдік драматургиядағы белді кейіпкерлерді сомдап, таңғажайып шеберліктің өзіңдік үлгісін көрсете білді.
Сахнада Шекспирдің Макбетін, М.Әуезовтің «Дос – бедел досындағы» Дуанбасын сомдауды армандай жүріп, кейбір көріністеріндегі сөздерін жатқа айтып отыратын. Әсіресе кездескен сайын: «Шіркін, сіз Санчо Панчоны мен Дон Кихотты ойнай алмай-ақ кететін болдық-ау!» деп өкінішін білдіріп қоятын. Есесіне астаналық көрнекті режиссерлердің бірі Б.Ұзақовты шақыртып, белорус драматургі Дудараевтың «Кеш» пьесасын сахналағанда, ол Никита мен Мультик рөлдерін ойнадық. Ізденістің неше бір саласының ой-шұңқырын қазбалап, актерлік шеберліктің тың тұстарын текшелеп жинап өзіміздің бойымызға шақ-шақтап, тап-тамаша кейіпкерлер шығардық. Қайраттың да, менің де көптен бергі шөлімізді қандырып, мерейімізді өсірген образдар галереясы болып қалды. Көрермендер жылы қабылдады. Әсіресе Қайраттың Никитасы «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп өтіп, жалған бедел жиған адам бейнесін керемет сомдап, түсінген адамға үлкен ой тастады.
45 жылдық шығармашылық өтілінде, сахнада 100-ден артық кейіпкерді сомдап, әр түрлі жанрдағы әлемдік, ұлттық драматургияның драмалық, трагедиялық, комедиялық образдарын өз дәрежесіне жеткізе білген білімді де, дарынды актер қатарынан көрінді. Әйгілі сыншы Әшірбек Сығай Қайраттың Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» драмасындағы Бәйдібек биді ойнағанын көріп: «Қобыланды, Ақан сері, Абай, Отелло, Городничиді ойнайтын кемеліне келген тұлғалы актерлер, қазақ театрына сахнаның сәнін келтіретін өзі де, сөзі де, ішкі жан дүниесі, қуаты кернеген актерлер жетіспейді. Қарағандылықтардың бақыты Қ.Кемалов, Р.Баймағанбетов сияқты актерлердің болуы, театрдың көркемдік жетекшісі Ә.Оразбековтің әлем драматургиясының күрделі дүниелерін қоюына болады», деп театрға үлкен баға берген болатын. Тегінде, Қ.Кемалов тек Қарағанды театрының емес, ұлттық сахна өнерінің мақтанышы еді. Ол басты рөл, эпизодтық рөл деп, бөле-жара қарамайтын. Кішкентай рөлдің өзің жарқырата сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген жан.
Біздің Қайраттың 60 жасқа иек артқан шағында, киноэкрандағы жұлдызды сәті туды. Оның кинодағы алғашқы рөлінің өзі қазақ хандығының негізін салған Керейдей кемеңгер тұлғаны сомдау болды. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» киноэпопеясындағы Керей хан образы, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйіндегі» – Пахраддин би бейнелері халықаралық конкурстарда «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін жеңіп алды. Ал 2017 жылы Қайрат Кемалов кинематография саласындағы «Тұлпар-2017» ұлттық сыйлығымен марапатталды.
Қайраттың кейіпкерлерінің ішінде осалы жоқ. Бір ғана көріністегі эпизодтық рөлі Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпанындағы» (сахналық нұсқасын жасаған Қ.Ысқақов, режиссер халық әртісі М.Байсеркенов) Артықбай батырдың образын керемет бейнелеп берді. Айқаста жүріп жұлынын зақымдап отырып қалған Артықбай батыр Есеней келгенде (Рамазан Баймағанбетов) әңгімелесе отырып, кіріп-шығып жүрген қызы Ұлпанға Есенейдің көзі түскен сәтін байқап қалған кезде, ішкі жан дүниесіндегі арпалысты көз жанары арқылы береді. Ел билеген Есеней бидің әркімге көзі түсе бермейтінін білетін Артықбай қызының болашақта Есенейге жақсы жар бола алатынын болжап, Ұлпанды Есенейге ұзатады. Осы эпизодтағы Қайрат – Артықбайдың ішкі жан дүниесіндегі толғанысы, жымиған жылы жанары көрерменді еріксіз актерлік шеберліктің бұғалығымен матап тастайды. Нағыз шеберлік драматургтің жазған сөздерін айтып шығу емес, кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі арпалысты, ойлаған ойын жеткізу. Қиналған сәттеріндегі кейіпкерлердің жанайқайын жүрек сүзгісінен өткізіп, ақылмен түйіндеу кезіндегі қиналысын Қайрат сәл кідіріспен әсерлі жеткізе білетін.
Айрықша талант иесі бола тұра өмірде өте қарапайым. Үлкенді сыйлай білетін, жастарға ағалық ақылын айтатын саналы азамат болатын. Менімен ерекше қалжыңдасып, еркелейтін. Сырымыз да, мұңымыз да, әзіліміз де жарасатын. Шіркін! Еркелейтін екі әріптес, бауыр достарым бар еді, екеуі де өмірден озып кетті. Бірі – Рамазан, екіншісі Қайратжан болатын. Театрда ізбасар актерлар көп. Өзіңдей батыр тұлғалы, өзі әнші, сөзі көркем, дауысы төске ұрған балғадай саңқылдаған, көз жанары от боп жанған, ішкі жан дүниесі тебіреніске толған, таланты мен білімі ұштасқан актер келе қояр ма екен?
Кейіпкердің көзімен көріп, жүрегімен сезіп, ақыл-ойымен саралап сонан соң сөз арқылы көрерменге жеткізетін ойлы актер еді Қайрат. Бір қуанарлығы, соңында шәкірттері, ізбасарлары бар. Өміршең өнерді өрге сүйрейтін талантты, білімді, еңбекқор жастар аз емес. Қайрат жастардың сахнадағы өнерін бақылап жетістіктеріне қуанып, бағалап жүретін. Кейбір осал тұстарын көріп қалғанда: «Әттеген-ай, тек режиссердің шешімімен кетіп, өзіндік ішкі жан дүниесін кейіпкеріне сала алмаған екен. Сыртқы іс-әрекеті бар, іші бос. Не материалды аз оқыған, болмаса түсінігі бар да шеберлігі шыңдалмаған», деп өкінішін айтып отыратын.
Жастар жағы Қайратқа үйіріліп тұратын. Іссапарға шыққанда әсіресе пойызда, автобуста кетіп бара жатқанда әңгімесін тыңдауға өте құштар. Үзіліс кезінде грим бөлмесінде, не театр асханасында шай ішіп отырып әңгіме-дүкен құратын. Қайрат нағыз қазақтың шежірешіл ақсақалдарындай керемет әңгімешіл еді ғой. Тарихтан болсын, көне би шешендердің өмірінен болсын, ұлы актерлер жайлы, тіптен алыс ауылдағы Қожанасыр азаматтар туралы әңгімелерді көп білетін. Құрдас, замандастарының әсерлі қылықтарын «тұздықтап жеткізуге» шебер еді. Өзі жастарды ерекше еркелетсе, жастар да оны көргенше, кездескенше асық болатын. Жастардың кумирі еді. Қуанышты бір сәттерде «Шырмауық» пен «Қос күреңді» әуелете салып, қиналған кезде қалың оймен тереңнен бойлай, барлай отырып, зор даусын күркіретіп, соза түсуші еді. Ол сонда ішкі жан сезімін бізге «Шырмауық» арқылы жеткізіп отырғандай көрінетін. Ал соңғы кездері Төлеген Айбергеновтің:
«Өле берсінкүншілдер күйігіңде,
Өз ғасырым..өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді,
Мен өлемін өзімнің биігімде», – деген өлең жолдарын санқылдап тұрып, қайсарлықпен оқығанына талай мәрте куә болдық. Иә, ол өмірдің, өнер мен ұлттық руханияттың асқар шыңында қалды. Біз оны әлі сағынамыз!
Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның халық әртісі