Вице-премьер — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жетекшілігімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және инфляцияны тежеу жөніндегі апталық кеңес өтті. Онда 2025–2026 жылдарға арналған тұрақтандыру қорларын толықтыру мақсатында жаңа өнімдер бойынша келісімшарттар жасасу барысы және соңғы аптадағы баға өзгерістері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Соңғы екі апта қатарынан әлеуметтік тауарлардың орташа баға индексі өзгеріссіз — 0% деңгейінде сақталып отыр. Өткен аптада күріш – 0,2%-ға, қырыққабат – 2,2%-ға, сәбіз – 4,1%-ға, картоп – 5,7%-ға, пияз – 9%-ға төмендеген.
Сиыр еті нарығына қатысты жағдай бөлек талқыланған. Бір апта ішінде баға 0,8%-ға өсіп, жыл басынан бері жалпы өсім 20,2%-ды құраған.
«Қазақстандық сиыр еті бәсекеге қабілетті: елдегі орташа баға бір кг үшін 3105 теңгені құрайды, бұл ЕАЭО елдері мен Өзбекстанға қарағанда төмен. Бұл ретте көрші елдер тарапынан сұраныс тұрақты жоғары екенін атап өту керек», деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.Келесі маусымда картоп бағасының қымбаттауын болдырмау үшін Сауда министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті әкімдіктер және картоп өсірушілер одағы тұрақты жеткізілім мен әділ бағаға қатысты меморандум әзірлеп жатыр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәліметінше, 22 тамыздағы жағдай бойынша қырыққабаттың 317,9 мың тоннасы, картоптың 512,9 мың тоннасы, пияздың 226,8 мың тоннасы, сәбіздің 98,8 мың тоннасы жиналған.
Сонымен қатар барлық өңірлер күзгі-қысқы және көктемгі кезеңде қолжетімді бағаны қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорларына көкөніс өнімдерін жеткізуге арналған келісімшарттарды әлі аяқтаған жоқ. Осыған байланысты вице-премьер Сауда және интеграция министрлігіне өнімнің жеткілікті көлемін және сапасын тұрақты бақылау үшін тексеру алгоритмін әзірлеуді тапсырды.
Кеңесте тұрақтандыру қорларын қадағалауды цифрландыру мәселесі де көтерілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің кіріс-шығысын тіркеу үшін бейнемониторинг жүйелері мен қоймаларға сканерлеуші құрылғылар орнату ұсынылды. Бұл шара өнім қозғалысының ашықтығын арттырып, оны онлайн бақылауға мүмкіндік береді.
Серік Жұманғарин бұл бастаманы қолдап, өңірлерге оны енгізу жолдарын қарастыруды тапсырды.