Елордада астаналық педагогтердің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Іс-шарада қалалық білім саласының өткен оқу жылындағы қорытындысы мен жаңа оқу жылындағы жаңалықтары талқыланып, үздік әдістемелер сарапқа салынды. Конференцияға Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, бас шаһардың әкімі Жеңіс Қасымбек, депутаттар, білім саласының қызметкерлері, ата-аналар қатысты.
Жиында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Е.Көшербаев кейінгі жылдары білім ұйымдары мен педагогтердің қоғамдағы рөлі артып келе жатқанын жеткізді. Оның ойынша, осыған орай мұғалімдердің жауапкершілігі де, соған сай жалақысы да жыл санап көбейіп жатыр.
– Еліміздің экономикасын дамыту жаңа заманда жаңа міндеттер жүктеді. Бұл білім саласына жауапкершілікті арттыра түсті. Өйткені бізге қоғамның талабын қанағаттандыратын, өзгерістерге бейім ұрпақ қалыптастыру қажет. Мұндай ұлы іс – әлбетте педагогтікі. Қазіргі заманда мұғалім білім беруші ғана емес, жаңалықты жасаушы, оқушыны бағыттаушы болуы керек. Осы ретте Президентіміз ерекше мән беріп отырған ұрпақ тәрбиесіне біліммен бірдей назар аударған абзал. Цифрлық трансформация жағдайында тек білім беру ғана емес, балаларды жылдам өзгертіп жатқан өмірге бейімдеу маңызды. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар мұғалімнің көмекшісіне айналып, шығармашылық пен дамуға көбірек мүмкіндік ашуға тиіс. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби өсуі мен лайықты еңбегі үшін барлық жағдайды жасау қажет. Біздің ортақ міндетіміз – бәсекеге қабілетті, болашақтың сын-қатерлеріне дайын ұрпақ тәрбиелеу, – деді вице-премьер.
Тамыз кеңесінде баяндама жасаған Астана қаласының әкімі Ж.Қасымбек биыл қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілетінін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз форумында еркін ұрпақ өсіп келе жатқанын, заңды сайлау мен тәртіпке бағыну қоғамның берік қағидасына айналып, Қазақстанның жаңа сипаттағы мемлекетке бет бұрғанын атап өтті. Елордамыз жылдан-жылға дамып, халық саны артып келеді. Былтыр мектепті бітірген түлектердің саны 14 мың болса, биыл мектепке баратын балалардың саны 30 мыңнан асып отыр. Бұл не деген сөз? Жыл сайын кем дегенде 10-15 мектеп салуымыз қажет. Биыл жергілікті бюджет есебінен 14 жаңа мектеп, 4 балабақша ашылды. Бой көтеріп жатқан жекеменшік білім ұйымдары тағы бар. 2024–2025 оқу жылында Мемлекет басшысының бастамасымен 16 «Келешек мектептері» пайдалануға берілді. Биыл тағы 7 «Келешек мектептері» ашылады. Жаңа мектептерді көптеп салу арқылы бас қаламызда үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі. 2-3 жыл бұрын қалада 8 үш ауысымды мектеп болатын, осы жылдан бастап үш ауысымды мектеп болмайды, – деді әкім Ж.Қасымбек.
Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту 100 пайызға жеткізілгенін, ендігі міндет ретінде 2 жастағы балалар баратын бөбекжай-балабақшаларды көбейту қолға алынғанын баяндады.
– Астанада ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу нәтижесінде 3-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Енді 2 жастағы балаларды қамтуға күш саламыз. 23 балабақшада 150 баланы қамтитын инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Жаңа оқу жылынан бастап осындай кабинеттер саны артады. 20 балабақшада «Тілге бойлау» қанатқақты жобасы іске асырылды. Жаңа оқу жылынан бұл жоба қала бойынша барлық мемлекеттік балабақшаға енгізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында еліміз бойынша 3 жыл ішінде 1300 мектепті қайта жаңғырту тапсырылды. Астанада осы тапсырма аясында 2025–2027 жылдары 22 мектепті жаңарту көзделген. Биылдың өзінде 6 мектеп толық жаңартудан өтті. Елде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері әлемдік деңгейде кәсіби құзыреттерін растай бастады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынған бұл бастама түлектердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Халықаралық сертификат жастарға шетелдік компанияларда тәжірибеден өтіп, еңбек нарығына сенімді қадам басуға жол ашады. «World skills Kazakhstan 2024» VII республикалық чемпионатында Астананың 11 колледжінен қатысқан студенттер 31 құзыреттілік бойынша бақ сынап, 11 медаль иеленді. Нәтижесінде, елордалық команда республика бойынша үздіктер қатарынан табылып, жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды, – деді Қ.Сенғазыұлы.
Іс-шара шеңберінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде білім саласын дамытуға, сапаны арттыруға арналған отандық және шетелдік өнімдер, көрнекі құралдар көрсетіліп, бас қаладағы оқыту ұйымдарының тиімді әдістері мен үздік тәжірибелері таныстырылды. Мәселен, Астана қаласы №82 балабақшаның меңгерушісі Райхан Алтынханқызы кәсіби бағдарлауды, атап айтқанда, жасанды интеллект элементтерін балабақшадан бастап енгізіп отырғанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі республикалық Тамыз конференциясында білім үдерісіне уақыт оздырмай жасанды интеллект үлгілерін енгізуді тапсырды. Бала мектепте жаңа пәнді оңай алып кетуі үшін біз жасанды интеллект үлгілерін балабақшадан бастап оқу-тәрбие үдерісіне енгіздік. Біз бұл жаңа жобаны негізі былтырдан бері қолға алғанбыз. Қазіргі нәтижеміз жаман емес. Осы жасанды интеллект элементтері бар роботтехника сабағынан үздік болған балаларымыз халықаралық білім бәйгесінен 2-орын иеленді. Тәрбиеленушілеріміз алдымен жай құрастырудан бастап үйренсе, кейін күрделене түскен тапсырмалар арқылы пультпен басқарылатын электрондық тракторды өздері жасап шықты. Бүгінгі Тамыз кеңесіне тәжірибемізді таратуға келіп тұрмыз, – деді Р.Алтынханқызы.
Конференция жұмысы астаналық үздік педагогтерді марапаттаумен мәресіне жетті.