Ол жаңалықтың жаршысы, өнер мен мәдениеттің қамқор тұлғасы еді. Театр мен драматургияның өзекті мәселелерін бір адамдай түсініп, тұшынып жазатын.
Талай мәрте өткізген іс-шарамыздың басынан аяғына дейін қатысып, «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялағанша тыным таппайтын. Өте жауапкершілігі мол Айгүлді дәл осылай кете барады деп кім ойлаған?.. Рас, соңғы кездері «науқастаныңқырап жүрмін, Көкшетауға демалыс орнына барып емделіп келемін» дегенін естігенбіз. Былтыр ғана Президент қолынан марапат алу үшін Ақордаға барғанда дәрі-дәрмек күшімен қалай тез жазылып, «аяққа тұрғанын» өзіне тән әдемі күлкісімен шынайы айтып берген еді.
Қаламы ұшқыр, мәселені тереңінен толғап көтере алатын қарымды журналист Айгүлдің жоспары көп-тін. Әлі де болса ұлт руханиятына берері мол еді. Оның қазасы – бәріміз үшін орны толмас өкініш. Отбасына, туған-туыстарына, шығармашыл әріптестеріне, қалың жұртшылыққа қайғыра көңіл айтамыз. Алланың панасында болсын.
Амангелді МҰҚАН,
өнертану ғылымдарының кандидаты, театртанушы