Аса күрделі 90-жылдардың ортасынан бері ұлт баспасөзінің алғы шебінде жүріп, бар білімі мен білігін замандастарымызды ағартуға, интеллектуалдық деңгейін көтеруге аянбай жұмсаған Айгүл Аханбайқызының ауыр қазасын күйзеліспен қабылдадым.
Отбасына, жақын туыстарына сабыр берсін. Халықтың қабырғасы қайысып көңіл айтуы ол кісілердің қайғысын жеңілдетсін.
Айгүл Аханбайқызы – бір отбасы-әулеттің емес, елдің елеулі перзенті еді. Ол ұшқыр қаламымен де, адамшылығымен де, жеке өнегесімен де қазақтың қайсар қызы қандай болатынын дәлелдеп өтті. Жаман дерт қанша дендесе де, бес жыл бойы қаламын қолынан тастамады. Қарлығаштың қанатымен су тасығанындай мәдениет, руханият тақырыбын заман талабына сай оқырманға үзіліссіз жеткізумен болды.
Айгүл Аханбайқызы қаламгерлік қолтаңбасы «Жетісу», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Халық сөзі», «Egemen Qazaqstan» газеттерінде мәңгілікке қалды. Ол ұлт басылымындағы өзекті, сауатты, білікті мақалаларымен өзі де өсті, қазақ журналистикасын да жаңа деңгейге көтерді.
Осынау қаралы күнде асыл жарына, ұл-қызына, ағайынына қайғыра көңіл айта отырып, қалың елі, жанашыр әріптестері тұрғанда марқұм Айгүл Аханбайқызының ісі де, ізі де өшпейді дегім келеді.
Марқұмның алды – пейіш, соңы кеніш болсын!
Аида БАЛАЕВА,
Мәдениет және ақпарат министрі