Телефон қоңырауы соғылды. Белгісіз нөмір. Сәл кідіріңкіреп барып, телефонға жауап берді. Арғы жақтан қарлығыңқы дауыс шықты. Телефон соққан ауылда тұратын, көптен бері хабарласпай кеткен туысқан ағасы екен.
Амандық-саулық сұрасты. Сәлден кейін ағасы өтінішін айтты. Сол сәтте бұл «бәсем-ау, қалайша хабарласып, хал-жағдай сұраса қалды десем...» деді іштей.
Туыс ағасы денсаулығына қатысты құжаттар мен жүрегінің жағдайы туралы мәліметтер жазылған дискіні ұшақпен бара жатқан бейтаныс адамнан бергізіп жібергенін айта келіп, бұдан әлгі кісіден аталған заттарды алып, белгілі бір емханадағы дәрігерге апарып беруді сұраған-ды.
Ағасының өтінішін орындауға мүмкіндігі бола тұра сырғақтатып, қиюын қиыстырып, бір сылтауды көлденең тартып, әлгі өтінішін орындай алмайтынын жеткізді. Оның бұлайша сылтауратуына «Әншейінде хабарласпайды, өтініштері болғанда ғана осылай амандық-саулық сұрағыш бұлар...» деген ішкі реніші, менмендігі сеп болды.
Ол түске дейін теледидардан концерт көрді, әлеуметтік желілерді ақтарды. Түс ауа бильярд ойнап қайтуға жинала бергенде, ауылдастары «чатынан» әлгі туыс ағасының өмірден озғаны туралы жаманатты хабарды оқыды. Ауылдастарының айтуынша, ағасы бұрыннан қатты ауырып жүрген екен.
Шығар есікке жақын тұрған орындыққа сылқ ете отырып қалды...
Сол сәтте оның көз алдына әлгі қайтыс болған туысқан ағасының осыдан он шақты жыл бұрынғы – мұның шешесіне «жеңеше, мына бір қалта құрт пен бір қарын майды келініңіз арнайы сәлемдеме ретінде беріп жіберді сізге» деп, қолындағыны ұсынып, жеңгесінің «шай ішіп кет» деген өтінішіне асығыс екенін айтып, әлдебір әзіл айтқан болып, іле арық тор төбел атымен тепеңдеп, ауладан шығып бара жатқандағы бейнесі көз алдынан кетпей қоймасы бар ма?..
Мұның көзіне жас іркілді. «Қап, осы естелік елес кеше ол кісі телефон соққанда неге көз алдыма келмеді екен?» деп мүжіліп, есеңгіреп қалды. Өзінің жанын жеді. Бірақ не шара? Ол жаназа намазына үлгеруге асықты.
Арзымайтын өтініш, соңғы тілдесу мазмұны, жүректі жаншыған өкініш...