Вьетнамда дүйсенбі күні соққан «Кадзики» супертайфунына байланысты төтенше шаралар енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Жағалаудағы провинцияларда 587 мың адамды эвакуациялау жоспары дайындалды. Кейбір аймақтарда тұрғындарға 25 тамызда таңғы сағат 7:00-ден бастап үйлерінен шығуға тыйым салынады.
Табиғи апат көлік қатынасын тоқтатты: әуежайлар жұмысы тоқтатылып, пойыздар кешіктірілді, автожолдардағы қозғалыс шектелді. Балықшыларға теңізге шығуға тыйым салынды.
Синоптиктердің дерегінше, бірқатар аймақта жауын-шашын мөлшері 150–250 мм-ге, кей жерлерде 600 мм-ге дейін жетуі мүмкін. Желдің екпіні сағатына 166 шақырымға дейін күшейеді. Дегенмен, елдің ішкі бөлігіне жылжыған сайын дауыл біртіндеп әлсірейді.
Министрліктерге, провинциялық билікке және әскери құрылымдарға халықты эвакуациялау, бөгеттер мен су қоймаларын нығайту, байланыс желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Вьетнам Сыртқы істер министрлігі Қытай мен Филиппин елшіліктеріне хат жолдап, вьетнамдық балықшылар мен дауылдан жасырынған кемелерге көмек көрсетуді сұрады.
Вьетнам халық армиясына жергілікті билікпен бірлесе қауіпті аймақтарды анықтап, тұрғын үйлерді, мектептерді және инфрақұрылым нысандарын күшейту міндеті жүктелді. Опырылым мен кенет су басу қаупі жоғары өңірлерге эвакуациялық бөлімшелер жіберілді.
Қауіп төнген ауыл шаруашылығы жерлеріне шамамен 300 мың гектар күріш алқабы, 77 мың гектар жеміс бағы және 57 мың гектар каучук плантациясы кіреді.
Еске салсақ, бұған дейін Қытайдың Хайнань провинциясында «Кадзики» тайфуны салдарынан 20 мыңнан астам адам эвакуацияланған болатын.