Астанада алғаш рет боччадан «Astana 2025 World Boccia Challenger» беделді халықаралық жарысы өтіп жатыр. Сайыс Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Турнир барысында әлемнің 12 елінен келген спортшылар бақ сынайды. Жарыстағы көрсеткіштеріне байланысты оларға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпайлар беріледі. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жалауы желбіреген іргелі сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жарысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлкен көңіл бөліп отырғанына және бұл бағыттың негізгі басымдықтарына назар аударды. Сондай-ақ Федерация президенті елімізде алғаш рет өткізіліп отырған ірі халықаралық жарыстың маңызына тоқталып, турнирге Корея, Сингапур, Үндістан, Италия, Иран, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Кипр, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдерден келген 56 үздік спортшы қатысып жатқанын айтты. Мұндай ауқымды іс-шара елімізде паралимпиадалық спортты дамыту және баршаға тең мүмкіндік жасау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі екені анық.
«Еліміздің инклюзия, теңдік, құрмет пен ерік-жігер дәріптелетін жаһандық қоғамдастықтың белді өкіліне айналғанын мақтан тұтамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде параспортты дамытуға және бұл саланың қоғам үшін маңызы зор екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінде елімізде параспортшыларға өз әлеуетін іске асырып, мақсаттарына жетулері үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұл ретте «World Boccia Challenger» турнирі де елімізде параспортты және инклюзия мәдениетін ілгерілетуге ықпал етеді деп сенеміз», деп М.Әшімбаев беделді сайысты Қазақстанда өткізуді ұйғарғаны үшін Халықаралық бочча федерациясына және осы іске атсалысқан командаға алғыс білдірді.
Сондай-ақ ашылу рәсімінде қысқа мерзім ішінде Қазақстан бочча федерациясы, жаттықтырушылар, параспортшылар, ата-аналар және ниеттес жандар мен еріктілер орасан зор жұмыс атқарғаны айтылды. Қазіргі таңда еліміз бойынша 250-ден аса мүмкіндігі шектеулі жан осы спортпен тұрақты шұғылданып келеді. Олардың қатарында балалармен бірге ересектер де бар.
«Федерацияның, ата-аналар мен жаттықтырушылардың ерік-жігерінің арқасында Қазақстанда бочча қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында жаттығулар жүйелі түрде өткізіледі. Ұлттық федерациядан бөлек, 10 өңірлік федерация құрылды. Тұрақты ұйымдастырылатын ұлттық турнирлер параспортшыларға жаңа мүмкіндіктер беріп, оларды жігерлендіре түседі. Қазіргі таңда біздің ел әлемдік рейтингте 18-орында және Орталық Азияда көш бастап тұрғанын да атап өткен жөн. Көздеген мақсатқа жету жолындағы табандылық пен адалдықтарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін. Сіздер өз іс-әрекеттеріңізбен шын жүректен сеніп, тек алға ұмтылған жан кез келген биікті бағындыра алатынын дәлелдеп келесіздер», деді М.Әшімбаев.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай турнирлер – маңызды спорттық сайыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және өңірде инклюзивті спорт түрлерін дәріптеу алаңы. Бүгінде ұлттық құрама ірі халықаралық жарыстарға белсенді қатысып келеді. Сондай-ақ қатарында 50-ден аса ел бар BISFed-тің әлемдік рейтингінде АҚШ, Испания және басқа да жетекші құрамалардан жоғары тұр. Ал Орталық Азияда Қазақстан – боччадан абсолютті көшбасшы. Одан бөлек, кейінгі жылдарда Ұлыбритания, Үндістан, Таиланд және Оңтүстік Корея мамандарының қатысуымен халықаралық жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған курстар, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Осындай нақты қадамдардың арқасында үш жыл ішінде боччадан республиканың 12 спорт шебері шықты.
Айта кетейік, «Astana 2025 World Boccia Challenger» сайысын Туризм және спорт министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, «Sport Qory» Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының және басқа да серіктестердің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырды.