• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 10:00

Серпін беретін бастамалар

20 рет
көрсетілді

Қарағанды облысы, Абай қаласындағы қоқыс полигонының құрылысы аяқ­талуға жақын. Қатты тұрмыстық қалдыққа арналған заманауи нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспар­ланып отыр. Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Никита Шаталов жұмыс барысымен танысты.

Абай қаласындағы полигон пар­тияның сайлауалды бағ­дар­ламасы аясында әкімшілік ғима­раты, медициналық пунктті және қызметкерлерге қажет барлық инфра­құрылымы бар толыққанды кешен ретінде салынып жатыр. Мұнда қуаты жылына 15 мың тонналық қалдықтарды сұрыптау желісі жұ­мыс істейді. Пластикті қайта өңдеу­ге арналған пресс-станоктар мен жабдықтар да қарастырылған. Шикізатты уақытша сақтауға арналған алаңдар мен қалдықтарды көмуге негізделген траншеялар бар. Сондай-ақ нөмір бекіту жүйесі енгізілген электронды автомобиль таразылары орнатылған. Нысанды қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұ­мысымен айналысатын арнайы кәсіпорын пайдаланады. Осы­лайша, Абай ауданында жаңа жұмыс орындары ашылады. Оған қоса тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, қоршаған ортаның жай-күйіне заманауи бақылау жасалады.

Н.Шаталов полигон құ­ры­­­лы­­сы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа эко­ло­гия­лық мәдениетті қа­лып­тас­­тыру және заманауи өңдеу тех­нология­ларын ен­гізу бойынша бер­ген тапсыр­маларын жүзеге асыру­дағы нақ­ты қадам екенін айтты.

– Қатты тұрмыстық қалдық­тарға арналған заманауи полигон салу эко­логиялық жағдайды едәуір жақсартуға, озық өңдеу техноло­гияларын енгізуге, қосымша жұ­мыс орындарын ашуға мүмкін­дік береді. Бұл – өңірді дамыту және тұрғындардың тұрмысын жақсарту ісіне қосылған үлкен үлес, сондай-ақ сайлаушыларға берген уәдеміз орындалып жатқанының нақты көрінісі, – деді Н.Шаталов.

Бұдан басқа, «Amanat» пар­тиясының сайлауалды бағ­дар­ламасы аясында Қарағандыда қатты тұрмыстық қалдықтарды энер­ге­тикалық кәдеге жарататын зауыт құрылысы жоспарланған. Ал облыс аумағында 2027 жылға дейін сұрыптау желісі бар тағы 6 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделіп отыр.

Өңірлерге сапар барысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» пар­тиясы фракциясының мүшесі Ержан Бейсенбаев Шымкент қаласын­дағы «Авангард» шыны зауытына барды. Еліміздегі табақ шы­ныны өңдеу және шыны пакет­тер өндіру саласындағы жетек­ші кәсіпорын құрылыс пен өнер­кәсіпке арналған халықаралық стан­дарттарға сай сапалы өнімдер шы­ғ­арады. Олар жарық өткізу қабі­леті жоғары әрі соққыға төзімді.

Е.Бейсенбаев зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, өндіріс қызметкерлерімен әңгімелесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Онда кәсіпорынның бірқатар қиындыққа да тап болып отырғаны айтылды. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты зауыт басшылығы көтерген мәселелерді мұқият тыңдап, оларды құзырлы мемлекеттік органдармен бірге қарастыратынын жеткізді.

– Электр энергиясы тарифінің қымбаттауы, станоктарды сатып алғанда оны шығын ретінде көрсете алмау және соған да қосымша құн салығын төлеу, сон­дай-ақ экспортқа шығару кезінде шекарада өнімнің көп ұсталып қалуы кәсіпорын үшін елеулі қиындықтар тудырып тұр­ғаны айтылды. Оларды құзыр­лы органдармен бірлесе қарас­тырамыз. Сонымен қатар зауыт­қа жастарды көбірек тарту да маңызды, – деді Е.Бейсенбаев. 

Соңғы жаңалықтар