• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шымкент Бүгін, 08:55

Қосымша білім де ваучерлік жүйемен қаржыландырылады

10 рет
көрсетілді

Жақында Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Білім салалық кеңесінің отырысы өтті. Оған қалалық прокуратурасы мен қалалық әкімдік басқармаларының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Кеңес отырысында бүгінде білім саласында жүзеге асырылып жатқан ваучер жүйесі мен оның тиімділігі талқыланды. Яғни жиынға қатысушылар балаларға арналған қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі қанатқақты жобаға қатысты пікірлерін ортаға салды.

«Балалар мен жастарды қолдау мақса­тындағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында қосымша білім беру саласына да ваучерлік жүйе қанатқақты жоба ретінде енгізіліп отыр. Бірінші кезекте, бұл жүйе ата-аналарға үйірмелер мен секцияларды таңдауға мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекет тарапынан бұл қызметтерге балаға берілген вау­чер арқылы ақы төленеді. Білім саласындағы қаржыландырудың осы әдісі бойынша ата-аналар өз баласын спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге қатыстыру үшін ваучер алады. Ол растаушы құқықтық құжаттың рөлін атқарады. Осы аталған жүйенің жұмысын талқылау үшін жауапты мекеме басшыларымен бірге бас қосуды жөн санадық», деді кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Айта кетейік, қазірде бірыңғай мем­ле­кеттік тапсырысты орналастыру жүйесін­дегі қанатқақты жүйе Астана мен Шымкент қалаларында енгізіле бастады. Осыған орай басқосу барысында жергілікті атқарушы орган өкілдері жаңа жүйенің тетіктері жөнінде толығырақ түсіндірді.

«Шымкентте бұл жүйенің операторы болып қалалық білім басқармасы белгіленді. Қазір қала әкімінің қаулысына сәйкес тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Бұған дейін қызмет көрсетушілермен бірнеше рет кездесу өткізіп, оларға жаңа жоба туралы жан-жақты түсіндірдік. Бүгінде өнім берушілердің барлығының тізбесі бекітілген. Олардың қызметіне комиссия тарапынан мониторинг жүргізіліп, ол жұмыстар аяқталып келеді. Бұдан былай қосымша білім беру «1 бала – бір вау­чер» қағидаты бойынша іске асырылады. Білім, мәдениет және спорт бағыттарында комиссияның үш тобы құрылып, оның құрамына мәслихат депутаттары, қоғам­дық ұйымдардың мүшелері, өнім беруші­лер қауымдастығының жетекшілері алын­ды», деді Шымкент қалалық білім басқар­ма­сының бөлім меңгерушісі Бағлан Үмбетбаев.

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменовтің айтуынша, кәсіпкерлермен болған кездесулерде қосымша білім беру саласындағы қызмет көрсетушілер бірнеше уәж айтқан, солардың барлығы ескеріліп, қазірде қаулыға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәселен, ғимараттағы бала санына шақталған душ саны азайтылды. Кездесуде кәсіпкерлер өтініш қылған басқа да талап-тілектер басқарма тарапынан назарға алынғанын жеткізді маман.

Аты айтып тұрғандай – бұл қанатқақты жоба. Ең бастысы, барлық игі бастама балалардың денсаулығы мен сапалы  білім алуына арналып отыр. Тарифке қатысты да жағымды жаңалық көп. Себебі қосымша білім беруге бөлінген қаражат мөлшері азайған жоқ. Керісінше дағдылы үйірмелер қатары жаңа бағыттармен толыға түсті. Енді ерекше күтімді қажет ететін балалар да қосымша біліммен қамтылады. Ал мемлекет тарапынан қаралған қаражаттың бір бөлігі сондай үйірмелерді қаржыландыруға бөлінеді.

Білім беру, денсаулық саласында әрбір адам мемлекеттің тегін кепілдендірілген қызметін ала алады. Бұл мәселе қосымша білім берудегі балаларды үйірмемен қамтуға да қатысты. Яғни елімізде тұрып жатқан әрбір бала заң аясында қосымша біліммен қамтамасыз етіледі. Ерекше күтімді қажет ететін балалар да бұл қызметтен шет қалмауы мемлекеттің әлеуметтік салаға, халықтың денсаулық мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсетеді. Бұл күнде денсаулығында кінәраты бар балаларды қамқорлыққа алу бағытында ауқымды жұмыстар атқары­лып келеді. Мәселен, соның бірі ерекше күтімді қажет ететін балалармен айналысатын арнайы оңалту орталықтары құрылып жатыр. Мұндай емдік шара көрсету мекемесі Шымкентте де сапалы қызметін ұсынып келеді. Мемлекеттің қолға алуымен осы күнде барлық оңал­ту орталығы жаңғыртудан өтіп, бала­лар­дың денсаулығын жақсартуға көмек­тесетін заманауи медициналық құралдар­мен жабдықталды. Осы орайда ваучер жүйесінің жаңа бағыты ерекше күтімдегі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар­ға көп қолдау болары анық.

Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп отыр. Осы­ған байланысты Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау туралы жаңа заң дайындауды тапсырған.

«Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақ­станда да бар. Демеушілердің және «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы маңызды жұмыста белгілі бір ілгерілеу бар. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаны жандандыруы қажет. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңы­на дейін осындай балаларға жан-жақ­ты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен кәсіпкерлер палатасында өткен жиында кәсіп­керлер көптеген та­уар мен қызмет құны­ның қымбаттағанын айтып, мәселе көтерді. Олардың сөзінше, балаларды оқыту­ға жұмсайтын шығындар көбейген, үйір­мелерді жүргізуге де едәуір қаржы жұмса­ған. Осыған орай ваучердегі тариф құны айлық-есептік көрсеткішке байла­ныс­­­тырылса деген ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Білім басқармасының өкілі Б.Үмбетбаев қала әкімі орынбасарының қатысуымен өткен жиында кәсіпкерлер айтқан барлық талап, ұсыныс ескеріліп, әкімдік тарапынан қабылданғанын атап өтті. Тарифке келер болсақ, бұл жерде маман базалық норматив ретінде 15 мың теңге қарастырылғанын мәлімдеді. Оның құны әлі де өзгеріссіз қалып отыр. Дегенмен алдағы уақытта тариф айлық-есептік көрсеткішке байластырылуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Сонымен қатар кәсіпкерлер көрсетілген қызметке аударылатын қаржыны кешік­тірмеуді де сұрады. Аталған мәселе бо­­йынша жергілікті атқарушы орган өкілдері «Қаржы орталығы» АҚ мамандарымен жиын өткізгенін баяндап, қаржыны мерзімінде аударуға қатысты барынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ жиында Шымкент қала­сы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев қосымша білім беру саласын­дағы бұл өзгеріс үлкен жаңалық екенін атап өтіп, қанатқақты жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.

«Ваучерлік жүйе қосымша білім беру саласына енді енгізіліп жатыр. Бұған дейін мектепке дейінгі білім беру жүйесі де осы сатыдан өткен еді. Дәл сол кезде осындай қызу талқылаулар өткен болатын. Мұндағы басты қағидат біреу ғана, бір бала бір үйірмеге баруы, сол арқылы тізімге тіркеп қою жойылып, барлық бала үйірмелер мен секцияларға бірдей қатысу құқығы сақталуы керек. Ең бірінші кезекте қанатқақты жобаны Оқу-ағарту министрлігі бекіткеннен кейін оны жергілікті атқарушы органдар әрі қарай жүзеге асыруға міндетті. Ал прокуратура органдары жүйенің жүзеге асырылуының заңдылығын қамтамасыз етеді. Егер қызмет көрсетушіге қанатқақты жоба аясында талаптар қойылса, ол соған сай жұмысын атқаруға міндетті. Қазірде ваучер бойынша мектепке дейінгі білім беру саласында шағымдар жоқ. Сондықтан қандай да бір түйткілді мәселені шешу үшін осындай диалог алаңдарының болуға, кездесулердің өтуі қажет деп есептеймін. Осы бағытта прокуратура жергілікті атқарушы органдармен және өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс атқара береді. Қандай да бір күрделі проблема туындаған жағдайда міндетті түрде прокуратура араласып, мәселені өз қадағалауына алады. Ең бастысы – балалардың болашағы жарқын болуға тиіс. Сондықтан баршаңызды ваучерлік жүйені сапалы жүзеге асырып, бәсекеге қабілетті болуға шақырамын. Мемлекет ешқандай кәсіпкердің немесе инвестордың құқығын бұзуға жол бермейді», деді ол.

Соңғы жаңалықтар