Цифрлық технологиялар Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін стратегиялық құралға айналған. Тек былтыр мұнда цифрландыруға құйылған инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде, өндіріс орнында көптеген жүйе оңтайлы бола түсті.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, цифрлы жүйелер қауіпсіздікті, тиімділікті, орнықтылықты арттыруға мүмкіндік береді және ең бастысы, еңбек жағдайларын қолайлы әрі қауіпсіз етуге септеседі.
«Цифрландыру мәселелері Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін күн тәртібінен түсіп көрген емес. Бізде барлық негізгі өндірістік бөлімшелер автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған, шикізаттың келіп түсуінен бастап, өңдеу және дайын өнімді жіберуге дейінгі барлық кезең цифрланған. Өндірісте цифрлық технологияларды енгізе отырып, отандық шешімдерді қолдануды арттырып, шетелге тәуелділікті азайтуды мақсат етіп отырмыз», дейді кәсіпорын директоры Мұсабек Мақашев.
Мұнда теміржол көлігін басқаруға арналған «Dispatch» деп аталатын жүйе бар. Өндіріс орнында теміржол вагондарының қозғалысы мен орналасуын қадағалауға қатысты қажеттілік бұрыннан қалыптасқан. Себебі зауыт аумағына тәулігіне 900 вагонға дейін кіріп-шығуы мүмкін. Жаңа жоба жетекшісі Дмитрий Родыгиннің сөзінше, бұрын бәрі қолмен атқарылатын. Дамытушылар командасы қысқа мерзімде «Dispatch» веб-қосымшасын жасап шығарды. Енді ол әр вагонның нақты уақыттағы орнын көрсете алады.
Қабылдаушылар электронды жол парақтарын толтырып, хабарландырулар алады. Небәрі 2-3 минуттың ішінде есеп жасайды. Ал бұрын бұл үрдісті жүзеге асыруға 40 минут жұмсалатын. Енді барлығы бірден базаға тіркеледі. Соның нәтижесінде теміржолшылар жүйеден вагондар туралы барлық мәліметті көріп, уақыт үнемдейді. Алдағы уақытта бұл жобаны ERG-дің барлық кәсіпорындарына тарату жоспарланған.
Цифрландырудың тағы бір ауқымды жобасы – MES ERG. Бұл – өндірістік үдерістерді жедел басқару жүйесі. Бүгінде ол арқылы барлық 26 пеште жұмыс істейтін электронды пеш журналын жүргізу мүмкіндігі бар. Бұл агрегаттардың жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе пештердің ауысым немесе тәулік бойы қалай жұмыс істегенін толық көрсетеді. Тағы бір жаңашылдық – ферроқорытпа пештері электродтарының жұмысын бақылау үшін MES жүйесінде бірнеше функционалды экран әзірленген. Электрод массасын салу үдерісі автоматты түрде бақыланады. Осы құралдар металлургтерге өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Цифрландыру Ақсу ферроқорытпа зауытындағы металл балқытуды да қамтыған. Өндірістегі құю машиналарын автоматтандыру жүйесі енгізіліп, жүйе балқыту үдерісін автоматты түрде басқаруға жол ашады. Шөміштің көлбеу бұрышын, конвейер жылдамдығын, сұйық ферроқорытпа ағынының қимасын, температураны өлшеп, реттейді. Бұл металлургтердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті.
Зауыт өкілдері автоматтандырылған медициналық тексерулер енгізілгенін де атап өтті. Енді металлургтердің ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі тексеруден өтуіне бірнеше минут қана уақыт кетеді. Жабдықтар қан қысымын, тамыр соғысы, дене қызуын, тыныс алуда шығарылатын ауадағы алкоголь деңгейін өлшейді. Нәтижелер бірден корпоративтік «qollab» қосымшасына және «Еуразия» медицина орталығына түседі. Егер көрсеткіштер нормадан ауытқып кетсе, дәрігерлерге жедел хабарлама келіп, олар дереу іс-шаралар қабылдай алады. Бұл жоба өндірістегі қауіп-қатерді азайтып, ауруларды ерте кезеңде анықтауға сеп.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы