Павлодар қаласында электр қуатының тарифі қымбаттады. Жеке тұтынушылар енді әр киловатт/сағат үшін 21,63 теңге төлейтін болады. Бұған дейінгі тариф – 19,66 теңге еді. Тарифтің өсуі – шамамен 10 пайыз. Бағаның ең көп өзгеруі бюджеттік мекемелерге қатысты болып отыр – 1 киловатт/сағат үшін бұрынғы 67,53 теңгенің орнына бұдан былай 80,45 теңге болып бекітілді (19,1 пайызға өсті).
– Электр қуатын босату тарифі бұрынғы 29,04 теңгеден 32,58 теңгеге өсті. Яғни өсім 12,2 пайызды құрап отыр. Әу баста монополист компания бұл бағаны бірден 40 пайызға өсіру туралы ұсыныспен шыққан. Бірақ біз барлығын қайта есептеп, факторларды ескере отырып дәлелді түрде 12,2 пайызға түсірдік. Тарифтің өзгеруіне компанияның өзіндік шығындарының 29 пайызға артып кетуі себеп болып отыр. Атап айтқанда, бірыңғай сатып алушы мен сатушы бағаны 24 теңгеден 32 теңгеге дейін көтерген. Екіншіден, кәсіпорында биыл орташа еңбекақы мөлшері 360 мыңнан 496 мың теңгеге дейін жоғарылады. Ол да тарифтің өзгеруіне себеп болды. Бұған қоса, Павлодар электр тарату тораптарының шығыны 30 пайызға артқан. Сондай-ақ монополист электр қуатын тасымалдау кезінде көптеген жеке компаниялардың желілерін пайдаланатынын ескеру керек. Мәселен биыл «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның желі пайдалану тарифтері 48 пайызға, «ҚазСуШар» РМК-да ол 112 пайызға көтерілген. Салдарынан әлгі компаниялардың желілері арқылы өтіп, тұтынушыларға жететін электр энергиясының өзіндік құны қымбаттаған, – деп түсіндірді тарифтің өзгеруіне әсер еткен факторларды Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.
Анықтап білгеніміздей, тарифке қуат нарығындағы бағалардың өзгеруі де ықпал еткен. 1 мегаватт бұрын 1 млн 196 мың теңге тұрса, қазір ол 1 млн 400 мың теңге болып бекітілген.
«Павлодарэнерго» тарифтік ұсыныстарында қосымша пайда болған шығындар 12 млрд теңге деп көрсетіп, орташа тарифті 37 теңгеге дейін көтеруге әрекеттенген. Бірақ біз өз тарапымыздан талдаулар жүргізе келіп, қосымша шығындарды 5 млн теңгеге дейін төмендеттік, негізсіз шығындарды алып тастадық. Нәтижесінде, тариф тұтынушыларға аса ауырлық түсірмейтін деңгейде бекітілді. Мұның барлығы еліміздің Табиғи монополиялар туралы заңнамасы аясында жүзеге асты», деді Нұрлан Нұрмұратов.
Атап өтерлігі, тарифтердің өсуі биыл қаладағы гидравликалық сынақтар уақытымен тұспа-тұс келіп отыр. Көптеген үй ыстық судан уақытша ажырауына байланысты тұрғындар пәтерлеріндегі су ысытқыштарды қосуға мәжбүр. Бұл сайып келгенде тұрғындардың электр қуатын әдеттегіден көбірек тұтынуына себеп. Жаңа тариф тұтынушылардың қалтасына қаншалықты салмақ салатыны қыркүйек айында келетін түбіртектен байқайтын боламыз.
Соңғы рет облыс орталығында электр қуатының тарифі 2024 жылдың тамыз айында көтерілген.
ПАВЛОДАР