• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 08:20

Еңбекпен тапқан ырысын

40 рет
көрсетілді

Хромтау ауданында тұратын жеке кәсіпкер Гүлзира Ажығұлова екі жылдан бері қой мен жылқы, сиыр етінен шұжық жасап, сатылымға шығарып келеді. Әу баста әупіріммен басталған іс уақыт өте келе бір ізге түсіп, облыс көлемінде үлкен сұранысқа ие болды.

Г.Ажығұлова облыстық кә­сіп­керлер палатасы ұйым­дас­тырған жәрмеңкелерге де тұ­рақты қатысып, осы саладағы әріп­тестермен іскерлік байланыс­тар орнатып үлгерді. Ол ауыл кәсіпкерлері шығарған бұ­йымдар мен тамақ өнімдерінің нарыққа шығуына «Бір ауыл – бір өнім» жобасы оң ықпал етіп келе жатыр дейді. Жақында ғана облыс орталығында өткен ауыл кәсіпкерлеріне арнал­ған көрмеде Гүлзираның түрлі табиғи дәмдеуіштер қосылып, ысталып, кептіріліп, пісірілген шұжықтары әп-сәтте сатылып кетті. Осы жерде бизнесін ке­ңейтуге қатысты тиімді ұсы­ныстар мен кеңестер алды.

Жас келіншек бұл кәсіпке кездейсоқ келген жоқ. Бала кезі­нен малдың етін ұзақ сақтаудың тәжірибесін көріп өсті. «Әке-шешем Әйтеке би ауданында  мал бағумен айналысты. Бала кезден ет сақтауды, ыстауды көріп келемін. Бірақ қойдың іш майы мен жылқы қазысы майының рәсуа болып жатқанын көріп, осы табиғи таза өнімді қайтып жаратсақ болады деген ой жиі мазалайтын. Әжем малдың тазартылған ішегіне ет пен сарымсақ, пияз, күріш қосып, өте дәмді шұжық дайын­дап, қысқы каникулға келетін студент балаларымызға сақтап қоятынын көріп жүрдім емес пе? Сөйтіп, құрамында химикат, соя жоқ, бірыңғай таза етке қойдың құйрығы мен қазы ма­йын қосып шұжық шығару­ды осыдан үш жыл бұрын қолға алдым. Ұсынысымды әке-ше­шем мен бауырларым бірден қол­дады. Арты қалай болады деп жүрек­сінгендіктен, банктер­ден несие алғым келмей, жеке қар­жымды шығардым. Жаб­дық­та­ры мен басқа да ұсақ-түйек қажет­тіліктері үшін 2 миллион теңге жұмсалды. Хромтау қаласын­да­ғы ет дүкенімізге Әйтеке би, Хром­тау аудандарының ша­руашылықтарынан ет әке­­лінеді. Шұжыққа қажетті бас­ты ши­кізат – осы жерде болса да, оған әртүрлі қоспалар, құрал-жаб­дықтар керек. Санитарлық-эпи­демиологиялық қызмет мамандары тамақ өнімдерін жасауда тазалық сақтауға қатысты ере­желерді талап етеді. Шұжық жасауға қажетті жабдықтар мен арнайы қаптаманы Алматы­дан алдырттым. Жасыратыны жоқ, басында қатты қинал­дым. Бұрын жасамаған кәсіп, ұсақ-түйек кедергілері де бар. Бірте-бірте ісіміз жолға түсіп, жұрттың ықыласына ие бола бастадық. Сатып алған адамдар келіп, алғысын айтқан­да, марқайып қаламын. Рас, шұ­жықтарымыздың бағасы арзан емес. Оны жасырмаймын. Өйткені бұл таза табиғи өнім. Шұжықтың бір түріне құйрық май қосылса, екіншісіне жылқы қазысының майы қосыла­ды», дейді хромтаулық кәсіпкер Гүлзира Ажығұлова.

Программист мамандығын шұжық бизнесіне ауыстырған Гүлзира Ақтөбеге тұрмысқа шыққан соң кәсібінің аясын ке­ңейтті. Қаланың шетіндегі үл­кен үйінің жаздық асүйінің бір жағы цех, екінші жағы – дүкен. Біле­тіндер осы жерден келіп сатып алады. Екінші жағынан кә­сіпкер әлеуметтік желілердегі парақ­шалары арқылы онлайн тап­сырыс қабылдайды. Шұ­жық жасаудың қыр-сырын Ақ­тау­дағы кәсіпкерлердің тәжі­ри­бесінен үйренгенін жасырмай­ды. Гүлзираның айтуынша, мұ­ның әдісі өте қарапайым, тек санитарлық ережелер қатаң сақталса болғаны. Ең алдымен жақсы жарықтандырылған жеке ғимарат пен мұздатқыштар керек. Шұжық түрлерінің жасалу әдісі өзгеше болса да, жасау технологиясының талаптарын бұлжытпай орындау өте маңызды. Ол үшін дәмдеуіш­термен араластырылған қой, сиыр, жылқы етіне ұсақтап ту­рал­ған құйрық май не қазы майы қосылып, арнайы жабдық­қа салынып тартылып, қаптамаға салынады. Содан кейін шикі шұжық булап, ыстайтын екінші жабдық­қа салынады. Бұл жерде шұжық­тың бірнеше түрі дайындалады. Бағасы қымбаты­рақ, шамамен килосы 8 мың теңге болады. Ақтөбе дүкендерін­дегі шұжықтардың ең төменгі бағасы шамамен 2000-2500 теңгенің арасында. Хром­тау­лық кәсіпкер шұжықтары­ның бағасы еттен екі есе қым­бат деп біраз жұрт наразылық біл­діргенімен, құрамын көр­ген соң түсінеді. Бұл жердегі бас­ты қағида – сапалы, табиғи өнім­нен жасалған ас арзанға ба­ға­ланбауға тиіс. Тағы бір сұрақ – ауыл кәсіпкерлерінің қолы­нан шыққан өнімдер неге дүкен сөрелеріне түспейді? Неге сырттан келетін шұжықтар кедер­гі­сіз қабылданады да, Гүлзира сияқты ауыл кәсіпкерлігін дамытып отырғандардың өнімде­ріне кедергі көп? Мейлі, бірне­ше ­тонналап шұжық шығаруға шамасы келмесе де, аз-аздап болса да, сатыла бермей ме? Гүлзира үйі­нің жанындағы шағын цехта ­екі адамды жұмысқа алған. Салық­ты да уақтылы төлеп отыр. Өзі сияқты кәсібін жаңа бастаған­дар­ға өнімдерін әлеуметтік желі арқылы сатуды ұсынады. Осы жерде тапсырыс бергендер ар­қылы өнімдерді жарнамалауға болады. Шұжық тез өтіп кететін тауар емес. Сондықтан кәсібін енді бастағандар үшін қолай­лысы – онлайн сауда. Әлеуметтік желі арқылы хабарласып, тапсырыс бергендерге өнімді курьер арқылы жібереді. Ол кәсібінің аясын кеңейту үшін мемлекеттік қолдауға сүйенуді де жоспарлап отыр. Шұжық жасаудың қыр-сырын меңгерген кәсіпкердің болашаққа жоспары көп. Ең бас­тысы – тамақ өнімдерін өңдеу саласында артық шығынсыз өз жолын тапты. Ауылдың табиғи, таза шикізатын кәдеге жаратып, табыс табуды жолға қойғандар өңделген өнім түрлерін көбейтсе, ауыл бюджетіне түсетін салық та артады, жұмыссыздық та азаяды.

 

Ақтөбе облысы