Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының халықты 100% ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру, сондай-ақ топтық су құбырларын салу мен реконструкциялау барысы бойынша кеңес өткізді.
Жиынға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің, сондай-ақ облыс әкімдіктерінің басшылары қатысты.
Биыл топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жобаларын жүзеге асыруға 70,2 млрд теңге қарастырылған, оның қатарында 47,5 млрд теңге Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді. Су ресурстары және ирригация министрлігі тапсырыс беруші ретінде 20 жобаны жүзеге асырып жатыр, жыл соңына дейін соның 8-ін аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде, 149 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсарып, 4 ауыл (1,5 мың тұрғын) орталықтандырылған ауызсуға қосылады.
Солтүстік Қазақстан, Алматы мен Ақмола облыстарында алты жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Биыл халық саны 40 мыңнан асатын 49 ауыл орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Су ресурстары және ирригация министрлігі барлық жоспарланған жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды көздеп отыр.
Қанат Бозымбаев топтық су құбырлары бірқатар өңірде ауызсудың негізгі көзі болып саналатынын атап өтіп, олардың құрылысы мен жаңғырту жұмыстарын жеделдету қажеттігін жеткізді.
Кеңесте өңірлердің есебі тыңдалды. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының халықты ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін өңірлерге екі траншпен 161 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта ел бойынша 269 жоба жүзеге асырылып жатыр, алайда олардың бір бөлігі небәрі 50%-ға орындалған.
Абай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында жұмыстың кешіктіріліп, уақтылы аяқталмау қаупі бар өңірлер ретінде аталды. Алматыда қаржының игерілмеуі мен жобаларды баяу жүзеге асыру байқалады. Ал Абай облысында, оның ішінде үшеуі Семейде болатын жеті жоба бойынша жұмыс әлі басталмаған.
«Қыс басталғанға дейін екі ай уақыт қалды. Келер жылға өтетін жоба болмауға тиіс. Биыл аяқталуы жоспарланған барлық нысандар уақытында тапсырылуы керек. Сумен қамтамасыз ету мәселесі – менің жеке бақылауымда», деді вице-премьер.
Кеңес қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев Өндіріс және құрылыс министрлігіне, Су ресурстары және ирригация министрлігіне жергілікті жерлерде жұмыстың барысына тұрақты мониторинг ұйымдастыруды, ал әкімдіктерге жергілікті бюджет есебінен қажетті қаражат бөлуді және биыл пайдалануға берілуге тиіс барлық нысанды уақтылы аяқтауды тапсырды.