Жаңғырған мемлекеттік қызмет ел дамуының басты тірегі болуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Жалпы, кәсіби мемлекеттік аппарат құру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Саладағы осы және өзге де жұмыстардың барысы туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғардан сұрап-білген едік.
– Ербол Қабдығалиұлы, қоғамда мемлекеттік басқару сапасына қойылатын талап күн санап өсіп келеді. Соған байланысты Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Алдымен осы құжаттың мән-маңызына тоқталып өтсеңіз.
– Иә, бұл – өте өзекті әрі дер кезінде қабылданған стратегиялық құжат. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жалғасы ретінде мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін қалыптастыруды тапсырды. Осыған сәйкес 2024–2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдаманың басты мақсаты – кәсіби, халыққа жақын, тиімді, жауапты әрі ашық мемлекеттік аппарат құру. Сондай-ақ бұл тұжырымдама әкімшілік рәсімдерді түбегейлі өзгерту, қағазбастылықты жойып, цифрландыру, бюрократияны қысқарту, кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізуге бағытталған жаңашылдықтарды қамтиды.
– Мемлекеттік қызмет саласының ілгерілеуіне меритократия қағидаты қаншалықты ықпал етіп жатыр?
– Меритократия – әділетті кадрлық саясаттың негізі. Бұл қағидат бойынша қызметке іріктеу мен мансаптық өсу тек білімі, біліктілігі және жетістігі арқылы жүзеге асады. Яғни «тамыр-таныстық», «жеке байланыс» емес, нақты нәтиже мен кәсібилік шешуші рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, меритократия – әлдеқайда лайықты кадрларды іріктеу және мемлекеттік қызметшілердің жеке жетістіктерін бағалау негізінде оларды әрі қарай кәсіби және мансаптық ілгерілету деген сөз. Әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби тәжірибесі болған кезде, ішкі конкурстар институтының негізінде өзінің мемлекеттік органында ғана емес, республиканың кез келген басқа да аумағында мансаптық ілгерілеу мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті тарапынан кадрлардың жай-күйіне, оларды меритократия қағидаты бойынша тағайындаудың объективтілігі мен ілгерілетуге тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Мәселен, 2025 жылдың І жартыжылдығы бойынша Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында ішкі конкурс бойынша барлығы 37 мемлекеттік қызметші, олардың 24-і немесе 64,9 пайызы жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024–2027 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, меритократия қағидатын сақтау деңгейі тиісті деңгейде орындалып отыр. Бұл мемлекеттік аппараттың тұрақтылық деңгейінің артқанын көрсетеді.
– Мемлекеттік қызметке іріктеу – назардағы маңызды тақырыптың бірі. Қоғам тарапынан конкурс әділ өте ме деген алаңдаушылық бар. Осыған не дейсіз?
– Орынды сұрақ. Жаңа тұжырымдама аясында мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесін жетілдіру мақсатында кадрларды ашық және әділ конкурстық іріктеу, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін жаңа бағдарламаларды енгізу, мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісін цифрландыру сияқты жаңашылдықтар орын алды.
Жаңа форматтың басты ерекшелігі – сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған нақты тетіктердің енгізілуі, адами фактор шектеле отырып, анонимділікті қамтамасыз ету үшін әрбір жеке тұлғаға ID нөмірлерінің берілуі арқылы конкурстың шынайы әрі әділ өтуінде.
Сондай-ақ қалыптасқан жағдайға жауап ретінде «e-Qyzmet» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің сыртқы порталы арқылы үдерісті цифрландыру іріктеуге қашықтан қатысуға мүмкіндік бере отырып, адами факторды барынша азайтып, мемлекеттік қызмет тартымдылығының артуына әсерін тигізді. Жаңа іріктеу жүйесіне көшкеннен бері Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында 2025 жылдың І жартыжылдығының қорытындысымен жалпы конкурс бойынша 1-орынға 11,7 (2024 жылы – 8,6) кандидат қатысып, осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда олардың үлесі 3,1 адамға артып, мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығын көрсетті.
– Бүгінде қызу талқыланып жүрген жобалардың бірі – Президенттік жастар кадр резерві. Бұл бастаманың жайы қалай болып жатыр?
– Бұл жоба – Мемлекет басшысының 2019 жылы көтерген бастамасы. Президент «Сапалы кадрсыз реформа болмайды» деп нақты атап өтті. Сондықтан елімізде білікті, білімді, елге адал жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту – басты мақсаттардың бірі. Президенттік жастар кадр резерві осы мақсатқа жетудің нақты әрі тиімді құралы деп есептеймін. Ең бастысы, бұл – әлеуметтік баспалдақ, яғни қай өңірден шыққанына, білімі мен қабілетіне қарай мемлекеттік қызметте жоғарылауға зор мүмкіндік.
Бұған дейін үш іріктеу өткізіліп, төртінші іріктеу толқыны жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін өткен үш іріктеу кезеңіне елордадан 4 мыңнан аса жас маман қатысып, олардың ішінен 100-ге жуық азамат резервке қабылданған. Ал төртінші іріктеу бойынша елордада аталған жобаға өтініш білдіргендер саны 1 841 адамды құрап отыр. Бұл жобаны пайдаланып, өз болашағын ел тағдырымен байланыстыратын азаматтар көбейсе, Қазақстанның да келешегі жарқын болары сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Астана