Әйгілі тілші-ғалым, мәдениеті биік тұлға Рәбиға Сыздық (1924–2020) «Зенит-С» атты фотоаппарат ұстап, айналасын тарихқа таңбалап кеткенін естіп пе едіңіз?
Белгілі адамдардың белгісіз қырлары жөнінде көп біле бермейміз. Мәселен, академик Шора Сарыбаев футбол десе, ішкен асын жерге қояды. Ол өз дәуіріндегі бүкіл аяқ доп шеберлерінің есімдерін түгел жатқа айтып беретін болған. Тіпті ұлының атын Қайрат деп қойған (мемлекет қайраткері, дипломат Қайрат Сарыбайды айтып отырмыз)
Тағы бір жүйрік жанкүйер, әйгілі футболтанушы Тұманбай Молдағалиев қазақ жұртына осы қырынан мол танымал. Сондай-ақ тілші-академик Рәбиға Сыздықтың да доп додасына қызығушылығы ешкімнен кем болмаған деседі. Әлем чемпионаты басталар кезде Шора ағамыз екеуі Тіл институтынан арнайы демалыс алып, телевизордың маңында отырады екен деген аңызға бергісіз әңгіме ара-тұра айтылып қалатын. Анық-қанығын кім білген? Дегенмен Рәбиға апайдың өзі де жас шағында спорттың кейбір түрлерімен шындап шұғылданғанға ұқсайды.
Тіл ғұламасының тағы бір ермегі фотоға түсіру болыпты. Ол сапарға шыққанда фотоаппаратын үнемі ала жүрген. Барған жерінен тәп-тәуір суреттер сериясын әзірлеген. Өзінің әлеуетті әріптестері, қанаттас құрдастары Әбдуәли Қайдар мен Шора Сарыбаевты да талай рет фотообъективке іліктірген. Тіл білімі институтының әр жылдардағы сәттерін кадрға енгізіп, саланың шежіресіне біршама үлес қосқан. Яғни Рәбиға Сыздық – «Қазақ қаламгерлерінің хоббиі» идеясының авторы, бұл тақырыпқа арнап сериялы мақалалар жазған Құлтөлеу Мұқашқа таптырмайтын кейіпкер. Әрине, апайдың сирек кадрлары Шүкір Шахайдың шығармашылық шедеврлері секілді ширатылып түсе қоймайды. Оның есесіне, ол өз заманының сипатын танытатын шынайы дүниелерді қатарға қосқан. Хош, мұның бәрін ежіктеп не үшін айтып отырмыз? Мынау «Зенит-С» деп аталатын қастерлі құрал – сол Рәбиға апамыз мойнына асып алып, сәулетті сәттерді тамсана таңбалаған баға жетпес фотоаппарат! Өз кезеңінде түсіру техникасының сұлтаны саналған тарихи жәдігер. Апайдың салалы саусақтарының табы қалған осы бұйым қазір Қазақстан ғылымының тарихы музейінде сақтаулы. Ғибратты ғылым ордасының төрінде тұрған елеулі ескерткіштің бірі...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ