• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 11:35

Елімізде агроклиматтық полигон құрылады

20 рет
көрсетілді

Парниктік газдардың кесірінен ғаламдық климаттың өзгеруі жер бетіндегі барлық мемлекетте өзекті мәселеге айналып отыр. Әр ел түйткілдің түйінін тарқатудың өзінше жолын ұстанып келеді. Соның ішінде Қазақстанның климаттық саясатында 2030 жылға қарай бөлінділерді 325 млн тонна СО₂-ға дейін қысқарту көзделген, бұл міндетті орындауда агросектордың белсенді ат салысуы қатысуы қажет. Ал ауыл шаруашылығы еліміздегі парниктік газдардың екінші ірі көзі саналады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осыған орай Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Қазақстанда алғаш рет «Kaz Agro Carbon» атты көміртекті агроклиматтық полигон құрмақ. Бұл Мемлекет басшысының климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және 2060 жылға қарай Қазақстан Республикасының көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға сәйкес іске асырылып отыр.

Академияның таратқан ақпаратын сүйенсек, жоба бойынша серіктестер – Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығы. Алғашқы полигон Қазақстанның далалы аймағында, Ақмола облысында орналасқан А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында болады. Агроклиматтық полигон «Kaz Agro Carbon» көміртектік баланс пен парниктік газдарды өлшеу, модельдеу, болжау және басқару үшін тиімді алаңға айналмақ. Екі елдің ғалымдары Солтүстік Қазақстанның әртүрлі экожүйелерінде бөлінділерді азайту және көмірқышқыл газын сіңіруді арттыруға бағытталған технологияларды әзірлеп, сынақтан өткізеді.

Бұл бастама жақында өткен Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында ұсынылып, қолдау тапты. Сол отырыста Ұлттық ғылым академиясының Агробиоресурстар және экология ғылымдары орталығының басшысы Жанна Алманова көміртегі балансының мониторингі технологияларын дамыту және карбон полигондарын құру мәселелері бойынша баяндама жасаған еді. Ол өз сөзінде: «Көміртегі «бейтараптығына» қол жеткізу – Қазақстан үшін стратегиялық басымдық және климаттық мақсаттарды іске асырудың негізгі бағыты. Қазақстанда карбон егіншілігін табысты дамыту үшін агроэкожүйелерде көміртегіні басқарудың жүйелі моделін қалыптастыру және карбон полигондарының желісін дамыту қажет. Мемлекет басшысының климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және 2060 жылға қарай Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, академия «Kaz Agro Carbon» карбон агроклиматтық полигонын құруды ұсынады. Ресей тарапынан серіктес – РҒА Аграрлық экология федералдық орталығы. Карбон полигонын Қазақстанның дала аймағында, А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында ашу көзделіп отыр», деп түсіндірді.

Ж.Алманованың айтуынша, «Kaz Agro Carbon» карбон полигоны көміртегі балансын өлшеу, модельдеу, болжау және басқару әдістерін сынақтан өткізу үшін тиімді алаңға айналады. Екі елдің ғалымдары Солтүстік Қазақстанның әртүрлі экожүйелерінде көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту және сіңіру, көлемін арттыру технологияларын әзірлеп, сынақтан өткізеді. Бұл – климаттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған жұмыс.

«Біздің академия қазақстандық және РҒА Аграрлық экология федералдық орталығының ғалымдарымен бірлесіп, Қазақстандағы карбон егіншілігінде топырақ көміртегін және парниктік газдарды басқару бойынша кешенді зерттеулер жүргізу үшін ғылыми-техникалық бағдарлама әзірледі. Бағдарлама көміртегіні үнемдейтін агротехнологияларды енгізуді, топырақ құнарлылығын арттыруды және агроэкожүйелерді сақтауды көздейді. Біз қол жеткізілген екіжақты келісімдерді және оларды іске асыру бойынша практикалық қадамдарды жоғары бағалаймыз. Карбон полигонының құрылуы Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен ғылыми-зерттеу, климаттық және агротехнологиялық бастамалардың дамуына ықпал етеді», деді Ж.Алманова.

Ал Ресей ҒЖБМ басшысының орынбасары Денис Сергеевич Секиринский аталған бастаманы қолдап: «Озық әдістемелерге, соның ішінде полигондарда әзірленгендерге ие бола отырып, Ресей өзге стандарттардың пассивті тұтынушысы болмай, өз ережелерінің сәулетшісіне айналу мүмкіндігіне ие. Бұл ретте, Ресейдің халықаралық климаттық алаңдағы, әсіресе БРИКС, ЕАЭО, Азия елдерімен ұқсас экожүйелерге ие немесе осындай сын-қатерлермен бетпе-бет келетін мемлекеттермен диалогтегі ұстанымдары күшейеді», деп атап өтті.