Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын дамыту жөнінде берген тапсырмаларының жүзеге асу барысы туралы баяндады, деп жазады Egemen.kz.
Елімізде теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы - 16 мың шақырым. Нұрлан Сауранбаев тасымалдардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа жол құрылысын салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар, 11 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары қарқынды. Ал 5 жоба бойынша жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар – «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» «Бақты – Аягөз» учаскелері және «Алматы айналма теміржолы».Биыл мерзімінен бұрын екі ірі жоба «Достық – Мойынты» учаскесі және «Алматы айналма теміржолы» аяқталады.Келесі жылы «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржолдарын іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге, биылдан бастап 3 мың шақырымдық теміржол учаскелерінде кең ауқымды жаңғыртулар басталды.
«Бұл жұмыстарды жаңа жолдарды салумен бірдей дәрежеде қарастыруға болады. Мысалы, «Қызылжар – Сексеуіл» учаскесінің өткізу қабілеті 8 пойыздан 25 пойызға дейін, ал «Қандыағаш – Тобыл» 7-ден 25-ке дейін артады. Бүгінгі күнде аталған жобалар Қазақстанның теміржол негізін толығымен қалыптастырады деп айтуға болады», деді Нұрлан Сауранбаев.