• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:38

Өмір сапасын арттыру – басты міндет

20 рет
көрсетілді

Қостанай облысының Николаевка ауылында жылдар бойы ауызсу мәселесі шешілмей келеді. Енді елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі іске қосылып, ауыл тұрғындары таза ауызсумен қамтылады. «Amanat» партия­сының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба құрылысы осы жылдың қараша айында аяқталады. Мұндағы жұмыс барысымен Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау мен депутат Еркін Әбіл танысты.

Бүгінде құны 1,3 млрд теңгені құрайтын нысанның 50 пайызы дайын. 11 шақырым жерге су құбыры тартылып, құдықтар орнатылып, сорғы стансалары құрылды. Сондай-ақ дәнекерлеу және электр-техникалық жұ­мыстар аяқталды. Жоба Бейімбет Майлин ауданының барлық халқын ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.

– Бұған дейін елімізде шамамен 700 ауылда ауызсу мүлде болмаған. Бүгінде партиямыздың табанды ұстанымының арқасында бұл бағытта айтарлықтай нәти­жеге қол жеткіздік. Ерекше атап өтерлігі, мемлекеттік қордан қосымша қаражат тартылды. Бұған дейін жемқорлардан тәркіленген қаржы тек мектеп құрылысына жұмсалса, біз оны халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты жобаларға да бағыттау қажеттігін көтердік. Соның нәтижесінде еліміздің жүздеген ауылында су құбырын жүргізу мүмкіндігі туды. Алдымызда әлі де үлкен міндеттер бар. Жаңа спорт залдарының, мәдениет үйлерінің, өзге де әлеуметтік нысандардың салынуы­на атсалысу қажет. Біз әкімдіктер және мәслихаттармен бірлесе әр теңгенің мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауда ұстаймыз, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау.

Ал Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылында психоневро­ло­гия­лық аурулары бар бала­ларға арнал­ған 50 орындық оңалту орталығы­ның құрылысы аяқталуға жақын. Осыған орай Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев нысанның құрылыс жұмыстарын көріп қайтты.

Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан орталықтың жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайды. Онда тұрғын бөлмелер, жеке және топтық оңалту сабақтарына арналған кабинеттер, емдік дене шынықтыру залы, психолог, психиатр, невролог, логопед кабинеттері, физиотерапия блогі және асхана қарастырылған. Сонымен қатар мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған 50 балаға қызмет көрсетіліп, жартылай стационарда күндізгі бөлімге осы аумаққа жақын аудандардан 30 бала қабылданады. Жоба құны 3,2 млрд теңге.

Мұнда иппотерапия әдісімен емдеуде Оңтүстік Кореядан механикалық ат жабдығы алынған. Электронды жабдық әр екі минут сайын түрлі жаттығу формаларына енеді. Жалпы, иппотерапияның 10 түрлі әдісі қолданылады. Оңалту орталығы Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында ашылады деп жоспарланған.

– «Кедергісіз орта» туралы айтқанда, бұл абстрактілі ұғым емес, адамдардың өмірін дәл қазір өзгертетін нақты шешім екенін түсінуіміз қажет. Ораңғайдағы оңалту орталығы – ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары үшін перзентінің кәсіби көмек алып, толыққанды өмірге қадам басуына деген сенім. Ересектер үшін – қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін қолдау, – деді Е.Әбдиев.

Депутаттардың өңірлерге іссапары барысында Ақмола облысы Егіндікөл ауданының тұр­ғындары ауызсу, жолдың на­шарлығы, елді мекендегі торап­тардың суастында қалуына шағым­данды. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «Amanat» партия­сы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская суға қатысты жоба­лардың іске асырылуына бақы­лауды күшейтуге уәде беріп, кейін Нұра топтық су құбырын жаң­ғыртуға арналған кеңес өткізді.

– Сапалы ауызсуға қол жеткізу – әр азаматтың заңды құқығы, бұл артықшылық емес, өмірлік қажеттілік. Егіндікөл ауданында көп жылдан бері қордаланған мәселе партиямыз бен мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысының арқасында шешімін тауып келеді, – деді депутат.

Жалпы, Нұра топтық су құбы­ры облыстың үш ауданын ауыз­сумен қамтып отыр. Оған 2023 жылы ауқымды жұмыс жүргізіліп, Сабынды ауылынан Егіндікөлге дейінгі 68,5 шақырымдық бөлігі қайта қалпына келтірілді.

Биыл да су нысандарын жөн­деуге, сорғыларды, ысырмаларды және су өткізетін құбыр­ларды ауыстыруға, есептегіш құрал­дарды орнатуға қаражат бөлін­ді. Соның арқасында Егінді­көл және Полтавка ауылдарында су мұнаралары жөнделеді. Ал Абай, Жұлдыз және Жалманқұлақ ауылдарында суды тазартуға арналған блок-модульдер орнатылады.

Осы жылы кемінде 80 ауылды ауызсумен қамту жоспарланған. Осылайша, жалпы саны 148 ауыл таза ауызсуға қол жеткізеді. Сонымен қатар Көкшетау, Қосшы, Макинск және Ерейментау қалаларында және ауылдық округтерде жобалар іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда Ақмола облысында орталықтандырыл­ған сумен қамтудың көрсет­кіші қа­ла­ларда – 99%, ауылдарда 96,6%-ды құрайды.