• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 08:55

Ветеринария мен фитосанитариядағы қауіпсіздік мәселесі

20 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде үй жануарлары қауіпті ауруларының жаңа ошақтары санының тұрақты төмендеу үрдісі байқалады. Жыл басынан бері 8 түрлі ауру бойынша 58 ошақ анықтал­ды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,4%-ға аз.

Биологиялық қауіпсіздік деңгейінің артуы отандық агроөнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге тікелей әсер етті. 2024–2025 жылдары ҚХР, Ресей, Беларусь, Армения, Түркия тарапынан қойылған шектеулер алынып тасталды. Дүниежүзілік жа­н­уарлар денсаулығы ұйымы (ТЖК, АШО, ЖПҚТ, аусыл) бо­йынша халықаралық мәрте­бе­лер берілді. Еуропалық одақ, Грузия, Иран, Ирак, Әзербай­жан, Қытай нарықтарына жол ашылды. Екіжақты вете­ри­нарлық сертификаттарға қол қойылды. Жапония, Корея, БАӘ, Канада және Ұлыбританияны қоса алғанда тағы 15 елге шығу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұл нәтиже жануарларды вакцинамен және диагнос­тикумдармен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шараларды енгізудің арқасында мүмкін болды. Алдағы жылдары ветеринарлық зертхана­лардың материалдық-техни­калық базасын ауқымды түрде жаңғырту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы жануар­ларын АШЖБ жүйесінде тіркеу мәселесі әлі де өзекті. Мал басын толық цифрландыру мен эпизоотиялық жағдай­ды бақылау сапасын арттыру мақсатында Серік Жұманғарин АШМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы санақтары кезінде нақты шаралары бар жол картасын жедел әзірлеуді тапсырды.

«2023 жылдан бастап еліміз вакцина мен диагностиканың отандық өндірісін ұлғайтуда. Отандық препараттардың үлесі 68%-дан 82%-ға дейін өсті. Елде сатып алынатын 22 вакцина атауының 18-і өзімізде шығарылады», деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Осы жылдан бастап зерт­ханалық базаны жаңғырту бас­талды. Алдағы екі жылда рес­публика бойынша жабдықты жаңарту толық аяқталмақ. Биыл Ұлттық ветеринария референттік орталығы мен Республикалық ветеринарлық зертхананың жабдықтары жаңартылмақ.

Жиында ветеринарлық қызмет мамандарының мәрте­бесін арттыру мәселесіне де назар аударылды. Бүгінде өңір­лерде 373 ветеринар дәрі­гердің орны бос тұр, аумақ­тық инс­пекцияларда тағы 185 вакансия бар. Бұл ретте, жиында атап өткендей, тіпті 1 млн теңге көлеміндегі еңбекақы да мамандарды тартуға әрдайым мүмкіндік бермей отыр.

Мамандықтың тартым­дылығын арттыру үшін ветеринарлардың жалақысын көтеру көзделген. Бұған қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп кешенді шаралар әзірленіп жатыр. Олар:

ветеринария маман­дық­тары студенттерінің стипендияларын арттыру; 2026–2029 жылдары грантқа қабылдауда өту балын кезең-кезеңімен көтеру; ауыл жастарына және шағын қала тұрғындарына арналған квоталарды кеңейту; салалық пәндер тізбесін жаңарту мен ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын нығайту; квоталанған гранттарды бөлу тәртібі мен мерзімдерін жетілдіру; мемлекеттік грант есебінен оқығандар үшін ауылдық жерде кемінде 3 жыл міндетті жұмыс істеу талабын енгізу.

Сондай-ақ жиында шегірт­кеге қарсы күрес нәти­желері қаралды. Биылғы қорғау іс-шаралары 2,7 млн гектар аумақта жүргізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға аз. Жұмыс толық аяқталды, ауыл шаруашылығы дақылдарына шегірткенің зияны тиген жоқ.