Мәселен, елімізде алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету стандарты әзірленді. Бұл стандарт мұндай балаларды білім берудің барлық деңгейінде сүйемелдеуге жүйелі көзқарасты бекітеді. Сонымен қатар отбасы мен балаға көмек көрсету үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін көздейтін «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы дайындалып жатыр.
Бүгінде еліміздегі мектептердің 90%-ында инклюзивті білім алуға жағдай жасалған, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85%-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Арнайы білім беру ұйымдарының желісі 508 мекемеден тұрады, мектептер жанынан 121 қолдау кабинеті ашылған. Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын құру жұмысы жүргізіліп жатыр.
2024 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде педагог-ассистенттің штаттық бірлігі енгізілді. Мектептердің үлгілік штаттарына арнайы педагог лауазымы қосылды, ал тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды физикалық сүйемелдеу үшін жеке көмекші лауазымы енгізілді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, түзету кабинеттері, оңалту орталықтары және аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды қолдау орталықтары үшін жеке үлгілік штаттар бекітілді.
Аутизмге шалдыққан балаларды қолдау орталықтары оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар тізіміне енгізілді. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім берудің үлгілік оқу жоспарларына мұндай балалар үшін түзету компоненті енгізілді.
Мүгедектігі бар азаматтар үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау квотасы 1%-дан 10%-ға дейін ұлғайтылды.
Лаура БОТАБАЕВА,
Арнайы және инклюзивті білім беру ұлттық орталығының басшысы