• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:15

Заң мен тәртіп – әділетті қоғам негізі

30 рет
көрсетілді

Прокуратура органдарының жұмысы бас прокурордың айқындаған міндеттеріне негізделеді. Ол бірінші кезекте қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қылмысты азайтуға бағытталатыны белгілі. Сондай-ақ азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, аймақтың ерекшелігіне қарай туындаған өзекті мәселелерді шешу – прокуратураның басты міндеті.

Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қыл­мыс­тық қудалау саласында нәтижелі жұмыс­ атқарылды. Сол арқылы аса ауыр қыл­мыстарды – 57%, оның ішінде денсау­лыққа қасақана ауыр зиян келтіруді – 21%, қоғамдық орындарда жасалған қыл­мыс­тарды 16% төмендетуге қол жеткізілді.

Одан өзге прокуратура, полиция, сот, сараптама және дағдарыс орта­лық­тары арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетудің,  оның жолын кесудің тетігі. Қалалық прокуратураның бастамасымен шаһар­да «Бір терезе» қағидаты бойынша жедел әрекет етудің бірыңғай жүйесі құрылған. «Заң мен тәртіп» аясында бүгінде елімізде қоғам тыныштығын сақтауға баса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, қала прокурорының мәлімдеуінше, зорлық-зомбылық көрген азаматтар дағдарыс орталықтарына жеткізіледі. Ал зорлық көрсеткендер Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-131-баптарымен уақытша ұстау изоляторына қамалады. Бұл қылмысқа қатысты сараптама қорытындылары 3 сағат ішінде беріледі. Қылмыстық істер сотқа жолданып, айыптау үкімдері тәулік ішінде шығарылады. Меморандумға қол қойылған сәттен бастап 42 іс бо­йынша сараптама қорытындылары алынып, бір тәулік ішінде айыптау үкімдері оқылған. Бұл тәжірибені уәкілетті органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл негізінде құрылған алғашқы нұсқасы деуге болады. Соның нәтижесінде тергеу жұмыстары сапалы атқарылып, әр тараптың құқығына ешқандай нұқсан келтірілмейді. Ғабит Қасымбекұлының сөзінше, мұндай тәжірибе елімізде бұрын-соңды болмаған, яғни баламасы жоқ тәсіл болып отыр. Есепті кезең ішінде мемлекеттік айыптауды қолдау бойынша бірінші сатылы сотта қаралған істердің саны 10%-ға, апелляцияда 21%-ға өскен. Қалалық прокуратураның өтініш хатымен апелляциялық және кассациялық тәртіпте 27 адамға қатысты сот актілері заңдастырылды. 

Мемлекеттік айыптау ісін сапалы орындаудың нәтижесінде 110 млн теңге көлеміндегі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған судьяға және басқаларға қатысты айыптау үкімі жарияланды. Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қалалық прокуратура тарапынан болған 6 ұсыныс Бас прокуратура тарапынан қолдау тапты. Қоғамдық мүддені қорғау саласында қадағалау актілерін қарау өз нәтижесін берді. Мәселен, осы іс бойынша 874 тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 12 бірінші басшы, 24 орынбасар және 132 бөлім басшысы бар. 13,2 млрд теңгеге мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды. Бас прокуратура қадағалауды жақсарту және заңнамаға өзгерістер енгізу туралы 9 қызметтік жазбаны қолдады. Сонымен бірге қадағалаушы орган инвес­торлардың түйткілді мәселелерін қарау үшін компания басшыларымен кездесулер ұйымдастырды. Сол арқылы 100 инвестордың құқығы қорғалып, 20 кейс шешімін тапты. Бүгінде шаһарда инвестициялық жобалар «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін «Invest Shymkent» фронт-офисінің қолдауына сүйенеді. Көптеген бизнес жоба аталған мекеменің әлеуетін пайдалану арқылы сүйемелденіп,  нәтижесінде, 208 кәсіпкерге сапалы қызмет көрсетілді. Ғабит Қасымбекұлының мәлімдеуінше, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау жұмыстары қолға алынды. Соның барысында қадағалау актісіне сәйкес мәслихаттың шешімімен негізсіз шығыстар алынып тасталды. Яғни прокуратура 5,6 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражатының негізсіз ысырапқа ұшырауының алдын алды. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бағытында да оң нәтиже көп. Мәселен, бюджетке 474 млн теңге шығын келтірген 2 адам сотты болып, залал толық өндірілді.

Жер заңнамасының орындалуын қадағалау да қала прокуратурасының басты назарында. Бұл іс бойынша құны 6,2 млрд теңгені құрайтын жалпы ауданы 148 гектарға тең 22 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Балаларды қорғау ісіне де заң органы ерекше көңіл бөледі. Соның аясында прокуратура әкімдікпен бірлесіп арнайы алгоритм әзірледі. Сол алгоритм жұмысының арқасында балалар үйінің 32 түлегі кезектілігін сақтай отырып, коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алды. Қадағалаушы орган еңбек құқықтарын қорғау үшін арнайы шаралар қабылдады. Аталған шаралар арқылы зейнеткерлікке шық­қан 247 қызметкерге берілуге тиіс 53,3 млн теңге өтемақы төленіп, конс­ти­ту­циялық құқығы қорғалды. Сондай-ақ уәкілетті органның бастамасымен құқық бұзушылық профилактикасы жүргізіліп, бала тәрбиесіне арналған 5 ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Айталық  74 мың оқушыға ZOOM арқылы «Прокурорлық сағат» және ата-ана рөлі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында жиын өткізілді. Оған 13 мыңнан астам ата-ана қатысты. Одан бөлек «Таңда! Өзгер! Жасампаз бол!» тақырыбында мамандық таңдаудың маңыздылығын түсіндіретін республикалық форум ұйымдастырылды. Сондай-ақ оқушыларға тәлімгерлік жасау мақсатында құқық қорғау органдарының ардагерлерімен арнайы меморандум түзілді. Бұған қоса прокуратураның мұрын­дық болуымен «Яндекс.Еда», «Wolt» ком­па­нияларымен меморандум жасалып, соған сәйкес алкоголь өнімін тыйым салынған уақытта тасуға шектеу қо­йылды. Қада­ғалаушы органның пәр­менімен ком­муналдық қызметшілер 6 мың­нан астам есірткі жарнамасын жойды. Бұл іс бо­йынша 9 қылмыстық іс қоз­ға­лып, оның екеуіне қатысты сот үкімі шық­ты, ал 1720 тұлға әкімшілік жазаға тартылды.

Ғабит Қасымбекұлының айтуын­ша, прокуратура азаматтық және әкім­шілік құқықбұзушылық кодекс бо­йынша 265 міндетті санаттағы істерге қатысты. Соның ішінде, 14 өтінішхат қанағаттандырылып, 489  млн теңгеге мемлекет мүддесі қорғалды. Мұнан өзге заң органы өкілдерінің араласуымен «Карбон оператор» есірткі жүйесіне қатысты арнайы іс аяқталды. Қылмыстық іс бойынша есірткі зертханаларын ұйымдастыру, синтетикалық есірткілерді сату, дропперлер мен тасымалдаумен айналысқан 26 адам күдікті деп танылды. Тергеу барысында күдіктілердің жалпы құны 511,8 млн тенгені құрайтын мүліктеріне, сондай-ақ (2 пәтер, 5 автокөлік, 1 қойма), банк есеп шоттарындағы 16,4 млн теңге  қаражатқа тыйым салынды. Үкім шыққанға дейін тәркілеу туралы істі жүзеге асырудың нәтижесінде 1,4 млн теңге ақша тәркіленді.

Сонымен қатар Шымкентте құпия есірткі зертханасын ашып, тelegram-каналын құрған, 500 млн теңге мөл­ше­рінде аса ірі көлемдегі айналымы бар синтетикалық есірткі өндірісін ұйым­дас­тырған қылмыстық топ мүшелері құрықталды. Оларға қатысты қылмыстық іс бойынша жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Ең бастысы қыл­мыстық топтың ұйымдастырушысы мен мүшелері толық ұсталды. Олардың жасырын есірткі зертханасы жойылып, мүліктері тәркіленді. Тергеу нәтижесіне сәйкес қамауға алынғандардың ісі Қыл­мыстық-процессуалдық кодекстің 305-бабына сай осы жылдың маусым айын­да айыптау актісімен сотта қаралу үшін үкім шығарушы органға жолданды.

Бұдан бөлек «Binance» криптобир­жасының «P2P» режімінде 7 млрд және 5,3 млрд теңге көлемінде заңсыз кәсіп­кер­лікпен айналысқан крипто айырбас­таушылар – Бегманов пен Махам­бетовке қатысты Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жіберілді.

Сонымен қатар қала прокуроры Ғ.Мұқанов қазіргі таңда «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары» басқармасының лауазымды тұлғаларына, қайтарымсыз несиені әлеуметтік осал топтың өкілдеріне заңсыз рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты қылмыстық іс тіркеліп, сол бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.  Бұған қоса жедел іздестіру қызметі саласында  қадағалаушы орган бастамасымен 6173 есірткі дүкендерінің банк шоттарына «АнтиФрод» жүйесі арқылы шектеулер қойылды. Сол арқылы 53,4 млн теңгеден астам ақша бұғатталып, 28,7 млн теңгені жаратуға сот арқылы тыйым салынды.

Прокуратура қаржы пирами­да­ларының қызметін тоқтату мақ­сатында Экономикалық тергеп-тексеру де­пар­таментімен бірлесе отырып әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге талдау жүргізу әдістерін қолға алды. Нәти­же­сінде, аталған санаттағы қыл­мыс­тардың анықталуы үш есеге өсті. Заң органы «Азия Сервис» ЖШС-мен меморандумға қол қойып, есірткі дүкендерінің банк шоттарын бірлесе анықтауды бастады. Қаржылық қыл­мыс­тың алдын алу мақсатын көздейтін мұндай меморандумдық келісімдер қала прокуратурасы мен жергілікті атқарушы билік және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қаладағы өкілдігі арасында да жасалды. Аталған келісім­дер­дің аясында апта сайын жұма күнгі көпшілік намазға жиналған халыққа құқықбұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ саламатты өмір салты мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілетін болады.

Әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша Шымкент қаласы полиция департаментінің патрульдік полиция полкіне, шаһардың медициналық және фармацевтикалық бақылау, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне орын алған заңбұзушылықтарды жою туралы талаптар қойылды. Кемшіліктер әкім­шілік құқықбұзушылық іс жүргізудің заңнамасын талдау барысында анықталды. Нәтижесінде, 34 лауазымды азамат пен 2 басшы құрамдағы тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында қала аумағында бірқатар рейдтік іс-шара атқарылды. «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде қолға алынған бұл бастама мен оның қорытындылары әлеуметтік желілерде жұртшылыққа кеңінен таратылды.

Қала прокуроры мәлімдегендей, атқарушылық іс жүргізу саласында мемлекет кірісіне 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8% артық қаржы өндіріліп, оның жалпы сомасы 1 млрд 646 млн теңгені құрады. Оның жартысына жуығы немесе 769 млн теңге қаражат прокурорлардың актілерімен  өндірілгенін айта кету керек. Талдау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 4,2 млн теңге әкімшілік айыппұл өндірісін құраған 271 атқарушылық іс орындалмай қалған. Айыппұл өндірісін орындамау заңсыз әрекет екені анықталып, барлық атқарушылық іс қайта жандандырылды. Сөйтіп, прокурорлық актіні қарау нәтижесінде 80 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Алимент төлеуден жалтарып жүрген 53 борышкерге қатысты қылмыстық істер тіркеліп, оның 43-і сотқа жолданды. Соның ішінде 1 қылмыстық іс ҚК-нің тиісті баптарымен ақталмайтын негізбен тоқтатылды. Ал 9 іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Сот 33 борышкерге қатысты үкім шығарса, 8 борышкердің ісі ақталмайтын негізбен күшін жойды. Осы жұмыстардың арқасында 23 млн теңге берешек өндірілді. 1 борышкерге қатысты 6 айға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Прокурорлық акті­лермен 94 сот орындаушы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 453 млн теңге алимент берешегі мемлекет пайдасына шешілді.

Халықаралық ынтымақтастық саласында босқындардың құқығы мен елдің халықаралық міндеттемелерінің бұзылуына жол бермеу үшін «Қандас» және «СИОПСО» ақпараттық жүйелерін біріктіру туралы ұсыныс жіберілгенін атап өтті прокурор. Қылмыстық қудалау органдары 6 шетел азаматын ұстаса, оның төртеуі экстрадициялық қамауға алынды.

Үкімдердің орындалуын қадағалау ісінде де заң органы біраз жетістікке жетті. Заңдылықты күшейтуге бағытталған жұмыс нәтижесінде сотталғандармен жа­салған құқықбұзушылықтар 306-дан 131-ге, қаскөйлік әрекеттер 99-дан 51-ге, өзіне дене жарақатын келтіру оқиғалары 29-дан 13-ке төмендеген. Прокуратураның үйлесімді жұмысының арқасында еңбекке қабілетті 1844 сотталған азаматтардың 66% немесе 1217-сі жұмыспен қамтамасыз етілді.

Қадағалаушы орган жүргізген тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылықтың барын анықтаған. Соның аясында сотты болғандарды бас бостандығынан айы­ру жазасына ауыстыру туралы сотқа 103 ұсыныс жолдаған. Нәтижесінде, 61 сотталған түзеу мекемесіне қайтарылып, қалғаны қаралып жатыр.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендету мақсатында пробация қыз­метінде сотталғандарды саусақ іздері бойынша автоматты түрде тіркейтін биометриялық терминал іске қосылды.  Бұрын айыппұлды өндіріп алу туралы сот үкімдері жеке сот орындаушыларының қолына берілетін. Енді жаңа ережеге сай атқару парақтарын оларға жіберу тәжірибесі тоқтатылды. Биылғы 5 қаңтардан бастап №53 мекемеде «Baiqa System» қанатқақты жобасы іске қосылды. Оның бір артықшылығы, арнайы құрылған бағдарлама телефондар мен гаджеттерді, тыйым салынған өткір немесе кесетін заттарды, ұрып-соққан, денеге зақым келтірген және суицидтік әрекеттерді, рұқсат етілмеген жерде темекі шеккендерді, түтін мен өрт ошақтарын, бейнекамераларды зақымдағандарды немесе олардың түсіріліміне кедергі келтіргендерді автоматты түрде тіркейді. Сараптамалық бағдарлама тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Және барлық бейнекамерадан келіп түскен ақпаратты бір уақытта өңдеп, бейнеархивтер мен өзге де деректерді жадында сақтайды. Айта кеткен жөн, аталған жоба өзінің оң нәтижесін көрсете бастады. Мәселен, өткен жылдың 6 айында 5 қызметкер мониторингтің көмегімен 131 заңбұзушылықты анықтаған болса, 2025 жылдың жарты жылында бағдарлама арқылы 4875 құқықбұзушылық тіркелді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 12 сотталған тәртіптік изоляторға қамалды, 7 сотталғанға тәртіптік жаза қол­данылды, 987 сотталғанмен профи­лак­тикалық әңгімелесу жүргізілді.

Қала прокуратурасы бекіткен кестеге сәйкес айына бір рет жергілікті «Отырар» телеарнасындағы «Халық пен билік» бағдарламасында тікелей сұхбат беру арқылы заң нормаларын түсіндіріп өтеді. Тікелей эфир барысында азаматтардың көкейінде жүрген көптеген сұраққа жауап бері­ліп, қордаланған мәселенің шешілуіне ық­пал етіп жатады. Бұдан бөлек, Шым­кент қа­ласының әкімі, жергілікті по­ли­ция депар­таментінің бастығы айы­на бір рет мегаполис тұрғындарын жеке қабылдайды. Олардың ішінде қала прокуроры ретінде мен де шаһар тұр­ғын­­дарына ай сайын жеке қабылдау өткіземін. Сондай-ақ қала прокуратурасы құқық қорғау, жергілікті атқарушы орган және жастар ұйымдарының қатысуымен «Заң мен тәртіп аптасы» іс-шарасын ұйымдастырады. Соның аясында мәселен, биылғы маусым айының аяғында «Жыл­жы­малы  қабылдау» акциясы қолға алынды. Аталған акция барысында прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеп-тексеру департаменті және басқа да уәкілетті органдардың өкілдерімен бірге азаматтарды мобильді қабылдаулар ұйым­дас­ты­рылды. Яғни қаланың барлық ауданын арнайы автобус аралады. Әсіресе «жылжымалы топтар» халық көп жүретін жерлерде айталық, сауда үйі, халыққа қызмет көрсету орталығы және тағы сол секілді орындарда  жеке қабылдаулар өткізді. Жалпы, «Заң мен тәртіп» қағи­даты елге керек бастама. Соның арқа­сын­да қоғамда тәртіп орнап, аза­мат­тардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптасады. Тәртіп жоқ жерде бере­ке­сіздік белең алады. Қазақстан зайырлы, демократиялы мемлекет, сонымен бірге құқықтық ел екенін ұмытпау керек. Сол үшін заң мен ережеге қоғамның қай саласы болсын мойынсұнатыны анық. Онсыз біз өркениеттің көшіне ілескен елдердің қатарына кіре алмаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіпті қай кезде де бірінші орынға қояды. Қазақтың даңқты батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәр­­тіп­ке бағынған құл болмайды, тәр­­тіп­сіз ел болмайды», деді Ғабит Қасымбекұлы.

Қала прокуроры мәлімдегендей «Заң мен тәртіп» қағидатының аясында шаһар тұрғындары мен қонақ­та­ры­на биылғы мау­сым айында прокуратура ғимаратында құқық қорғау мен жер­гілікті атқарушы орган маман­да­ры­ның бірлескен «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Осы аталған іс-шара аясында уәкілетті органдар азаматтарды құқықтық мәселелер бойынша жеке қабылдады.  Сонымен бірге аталған акцияға жоғары оқу орындарының студенттері де қатысты. Олар бұл іс-шарада қадағалау органының қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.  Сондай-ақ прокуратураның қол жеткізген жетістіктері – IT мен жасанды интеллект секілді заманауи технология мүмкін­діктерін қалай өз пайдаларына іске асырып жатқандарын көрді. Қала прокуратурасы бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да  жалғастыратын болады.  

 

ШЫМКЕНТ