Шахрияр есімді патша әйелінің опасыздығынан кейін қатал заң орнатады. Күнде басқа әйелге үйленіп, таң ата оны өлтіруге бұйырады. Сүйгені сезімін таптағаннан кейін жүрегін солай қорғағысы келеді. Алайда тағдыр оны ерекше жанмен жолықтырады. Ол – Шахризада еді. Ақылды әйел патшаға әр түн сайын әсерлі әңгіме, таусылмас хикая айтып бастайды. Күнде ең қызық жеріне келгенде тоқтап, патшаны ынтықтырып қояды. Әңгіменің жалғасын білу үшін патша оны тірі қалдырады. Осылайша мың бір түн бойы тоқтаусыз айтылған хикаялар Шахризаданың ғана емес, патшаның да тағдырын өзгертеді. Оның тас жүрегін жібітіп, сезімін оятады. Қатыгездігінен арылып, мейірімге бөленеді.
Міне, әңгіме айта білу өнері өмірді де сақтап қала алады. Ал енді аңыздан ақиқатқа оралсақ, – ғылым да осыны растап отыр. Израильдегі Рейхман университетінің профессоры Рон Шахар бастаған ғалымдар жүргізген зерттеулер әңгімелеудің адам өміріне әсерін анықтаған. Олар 800 адам арасында тәжірибе жүргізіп, әңгіме айта білетін адамдар өмірдің мәнін тереңірек түсінеді деген қорытындыға келген. Мұндай адамдар кез келген істі «қалай жасауға болады?» деп емес, «неге жасау керек?» деп ойланады. Бұл қасиет оларға әр нәрсенің артындағысын көруге көмектеседі.
Зерттеу барысында анықталған тағы бір жайт – әңгімені әсерлі айтуға бейім адамдардың екі ерекше қабілеті бар. Біріншісі – оқиғаларды бір-бірімен байланыстырып, толыққанды, мағыналы хикая құра білу. Екіншісі – кейіпкердің көзімен қарап, оның жан дүниесін түсіну. Профессордың пікірінше, осы екі қабілетті өз өмірінде қолдана білген адам шынайы мақсатын анықтап, «менін» таниды. «Жақсы әңгіме айту – жай қарым-қатынас қана емес, адамның ішкі әлемін байытатын рухани азық, өмірге мән дарытатын құрал», дейді Рон Шахар.