• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 09:06

Спорт - саңлақтар таңдауы

10 рет
көрсетілді

Спорт – дене қозғалысы ғана емес, рухты шыңдап, ой ширататын өмір салты. Бүгінде спорт сайыстан бөлек, мемлекеттің имиджін қалыптастырып, турист тартатын, ел әлеуетін әлемге паш ететін, азаматтарды салауатты өмір салтына үндейтін сала. Мұнда спортшы мен жанкүйер біртұтас адамға айналып, сүрінгенде бірге аяққа тұрады, жеңіс тұғырына бірге көтеріледі. Осындай кең ауқымды сыйдырып тұрған спорт жарқын эмоция сыйлайтыны үшін - сүйікті іс,  терең қызығушылық.

Жеке, командалық, экстремалды спорттың қай түрінде болсын жеңіс жүйелі еңбекпен келеді. Спортшы, бапкер, ғылыми штаб, спорттық медицина дәрігерлері мен мемлекет, қолдаушы біріккенде, жүлде қолға ілігеді. Осы миссияны орындау шеңберінде өңірлерде спорттық нысандар салынып, балаларды секциялармен қамту үшін бірыңғай ваучер енгізілген, деп жазады Egemen.kz.

Спорттық алаң жеткілікті болса, жүлде де алыс емес

Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында былтыр еліміз бойынша 90 спорт нысаны салынған, оның 61-і ауылдық жерлерде, 29-ы қалалар мен аудан орталықтарында бой көтерген. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, биыл жыл басына бері 32 нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында Зеренді ауылындағы (Ақмола облысы), Баянауыл ауылындағы спорт кешендері (Павлодар облысы) бар. Сонымен қатар осы жылдың қыркүйегінде Қызылорда қаласында заманауи стадион – халықаралық стандарт объектісінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Биыл Астана қаласында Қ. Мұңайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы басталып, Ұлттық спорт университетінің құрылысы бойынша ауқымды жоба іске асырылып жатыр, Түркістан қаласында ескек есу каналының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Ал осы алаңдарда балалар алаңсыз спортпен айналысу үшін 2025 жылдың 1 маусымынан бастап мемлекеттік және жекеменшік спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын цифрлық платформада біріктіруге бағытталған бірыңғай ваучер енгізуді көздейтін пилоттық жоба іске қосылған. Жоба Астана,  Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларын қамтиды.  Жүйенің жаңалығы әлеуметтік қорғалған топтардың балалары мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, 12 санат бойынша қалыптастырылатын Бірыңғай ашық кезек құру болған. Демек енді ваучер – ұйымға емес, балаға беріледі. Мемлекет қызметке ол нақты көрсетілгеннен кейін ғана қаржы аударады. Мәселені түп тамыран шешуге бағытталған шаралар жақын болашақта, жарқын жеңіске жетелеуі тиіс.

Спорт – саңлақтар таңдауы

Елімізде 8,4 миллион адам спорт және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл ел халқының 41,4%-ын құрайды. Ал ауылдық жерлерде 3,1 миллион азамат спортты жанына серік еткен.

Шындығында табандылық пен тәртіпті қажет ететін сала жолына жігерін жани білетін жандар ғана түседі. Себебі бұл бағыт тақтайдай тегіс емес. Жеңілісте өзіңді жеңу, жазатайым жарақатта темірдей төзім қажет. Осындай күш-жігердің арқасында спортшыларымыз бағындырған биіктердің кейінгі жарқын сәттерін санамаласақ:

Хоккей: Қазақстан құрамасы ерлер командалары арасында өткен алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.  

Мәнерлеп сырғанау: Бостон қаласында (АҚШ) өткен әлем чемпионатында М. Шайдоров күміс медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан үшін әлем чемпионаттарында Д. Теннен кейінгі екінші жетістік болды.

Бокс: Астана қаласында Бокстан әлем кубогінде Қазақстан 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, медальдық есепте бірінші орынды иеленді.

Күрес: Дортмунд қаласында (Германия) Грек-рим күресінен гран-приде ересектер арасында қазақстандық балуандар жалпы командалық есепте бірінші орын алып, 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Теннис: Қазақстанның алғашқы ракеткасы, әлемнің 27-ші ракеткасы А. Бублик Гштаад қаласында (Швейцария) ATP 250 және Галле қаласында (Германия) ATP 500 турнирлерінде жеңіске жетті.

Үстел теннисі: Спокан қаласында (АҚШ) өткен WTT Feeder халықаралық турнирінде З. Акашева үздік үштікке кірді. Жұптық разрядта словенка А. Тофантпен бірге өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.

Бұл жетістіктер Қазақстанның спорттық амбициясының алғы деңгейін аңғартады. 

Спортты ғылыми тұрғыда сүйемелдеу

Елімізде спортты дамытудың ғылыми негізделген, тұрақты және заманауи моделін енгізу бойынша жұмыс қарқын алған. Жеңістің арқауы болып саналатын ғылыми бағытта Қазақстанда спорттық білім беруде кадрлар даярлаудың жаңа санаттары енгізілген. Салаға жауапты министрлік дерегінше, бұрын оқыту тек мектеп педагогикасына бағдарланған «Дене шынықтыру» бағыты бойынша жүргізілсе,осы жылдан бастап жаттықтырушылық және әдістемелік қызметтен бастап оңалтуға, инклюзивті және цифрлық спортқа дейінгі мамандандырылған бағдарламалар іске қосылған. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының базасында мынадай білім беру бағдарламалары іске асырылып жатқанын білдік: 

• «Жаттықтырушылық қызмет (спорт түрлері бойынша)»

• «Спорт және сауықтыру саласындағы нұсқаушы-әдіскер»

• «Спорттық оңалту»

• «Үстел спорт түрлері бойынша педагог-жаттықтырушы (шахмат, тоғызқұмалақ)»

• «Киберспорт (Esport)»

• «Дене шынықтыру және спорт (IP)»

• «Бейімделген дене шынықтыру мұғалімі»

• «Қазақ күресінен педагог-жаттықтырушы»

Бағдарламалар практикалық дайындыққа барынша назар аудара отырып құрылған. Студенттер спорт федерациялары, клубтар, инклюзивті және оңалту орталықтары базасында тағылымдамадан өтіп, нақты жағдайларда кәсіби дағдыларын қалыптастырады. Оқу модульдеріне спорттық аналитика, құқықтық дайындық, оқу процесін даралау, жарақаттанудың алдын алу, алғашқы медициналық көмек және спорттық психология негіздері кіреді.

Атаулы күн астары

Жыл сайын тамыз айының әр үшінші жексенбісінде Қазақстанда Спорт күні атап өтіледі. Биыл бұл күн 17 тамызға тұс келіп отыр. Бұқаралық, ұлттық, кәсіби спорт жолын насихаттауды мақсұт ететін бұл күні ел аумағында 150-ден астам спорттық шаралар ұйымдастырылды. Біз Астанада ауқымды аталған 14-16 тамыз таеквондадан Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирі мен қазақ  күресінен тұңғыш рет әскерилер арасында өткен әлем чемпионатын тамашалап қайттық.

 

Ең әділ спорт делінетін таеквондо тартысы ересектер, жастар және жасөспірімдер жас санаттарын қамтыды. Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енген бұл турнирде 750-ден астам спортшы бақ сынады. Осылайша, 2006 жылдан бергі үзілістен кейін Қазақстан тағы да әлемдік таеквондо қауымының назарын өзіне аударды. Турнир жаңалығын Сұлтан Қасымов ҚТФ спорт мәселелері бойынша вице-президенті айтып берді.

«Бұл араға он жыл салып оралған турнирде жеңімпаз атанған Олимпиада рейтингінде көтерілуге мүмкіндік алады. Жарысқа Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, беделді таеквондо шеберлері қатысып жатыр. Таеквондода толық электронды жүйе орнатылған. Бұған дейін соққының дөп тигенінен хабар беретін белгі дене мен аяқтағы протектор болған. Kazakhstan Open 2025 - те алғаш рет қолғапқа да электронды жүйе орнатылды. Жоба  сәтімен жүзеге асса алдағы сайыстарда қолданылады», деді Сұлтан Қасымов.

Сондай- ақ Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) бастамасымен ұйымдастырылып отырған турнирге әлемнің 20-дан астам елінен 250-ге жуық спортшы қатысты. Жарысқа Бразилия, Венесуэла, Гана, Иран, Италия, Камерун, Қытай, Қырғызстан, Марокко, Молдова, Моңғолия, Нигерия, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Тунис, Түркия, Өзбекстан, Шри-Ланка және Эфиопия елдерінің әскери құрамалары келген.

Турнир барысы туралы Ғұмар Қырғызбаев ой бөлісті.

«Әскерилер арасындағы алғашқы әлем чемпионатына ел құрамасы іріктеу арқылы жасақталды. Жарыс алдында екі рет оқу- жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Бұл бәсеке қазақ күресін кең насихаттауға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта қазақ күресі әскерилер ойынының бағдардамасына енсе, абыройымыз одан әрі асқақтайды», деді дүбірді додаға спорттағы шәкірттерін қосқан Ғұмар Қырғызбаев.

Бүкіл әлемде жаңа Олимпиадалық цикл басталды. Париждегі төрт жылдықтың басты бәсекесінде еліміз 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен 43-орынға тұрақтаған еді. Бұл нәтиже Токио олимпиадасынан тәуір болғанмен әлі де ширататын мәселе барын қанық көрсетті. Енді аралық жауапты кезеңнің қаншалықты қарқынды болғанын, саладағы даму үдерісінің қорытындысын 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиада айқындайды. Лайым әдемі есеп әсерлі жеңістерге ұлассын!