Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының қызметіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу мәселелері бойынша жиын өтті.
Оған орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, салалық бірлестіктер мен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары қатысты. Күн тәртібінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жасанды интеллектіні енгізудің ағымдағы мәртебесі, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізінде өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, өнеркәсіпте жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі мен оны одан әрі дамыту жоспарлары қаралды.
«Жасанды интеллектіні енгізу – бұл жай ғана технологияларды жаңғырту емес, бүкіл экономика үшін стратегиялық қадам. Еліміз өз өнеркәсібінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті жеке сараптамасы мен шешімдерін қалыптастыруға тиіс», деді Роман Скляр.
Отандық технологиялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ озық әлемдік тәжірибемен алмасуды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Жоспарланған шараларды жүзеге асыру өндірістік үдерістердің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар технологиялық жаңғыртуға, өнімділіктің өсуіне, Қазақстанның индустриялық даму көшбасшылары қатарындағы позициясын нығайтуға тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.