Бүгін Астана қаласындағы «Нұрлы жол» вокзалында ел шекарасының шегенделгеніне 33 жыл толуына орай фотокөрме өтті. Бабадан қалған байтақ даланы кірпік қақпай күзететін қырағы қызметтің сан қыры таспаланған суреттерді аға лейтенант Асхат Сәбиев түсірген. Ол 15 жылдық еңбек жолында қару мен фотоаппаратты қатар ұстаған, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан шекарасы әлемдегі ең ұзын құрлық шекараларының бірі. Ал Қазақстан мен Ресей шекарасы әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасы болып саналады. Осындай ұлан-ғайыр алқапты қорғау шекарашыларға жүктелген негізгі міндет. Тау мен тас, өзен, көлік, жазық, құмда қалғымайтын шекарашылардың қызметі фотокөрмеде айқын көрсетілген. А. Сәбиев осындай жауапты міндетті еңсере жүріп, қолынан фотоаппаратын тастамаған. Бүгін ол жылдар бойы объективіне іліктірген таңдаулы 33 суретін көрермен назарына ұсынды.
«Менің мақсатым Отан шебін қорғап жүрген шекарашылардың еңбегін нанымды насихаттау. Ал бүгінгі көрмеге шекара қызметінің қалыптасу тарихын кезең-кезеңімен үнсіз-ақ түсіндіретін туындыларды қойдық. Күнделікті қызметті, ақыл-ой күшін және заставалардан тыс жерде сирек кездесетін адалдықты көрсетуге көңіл қоямын», дейді Асхат Сәбиев.
Жанкешті жұмыс барысын бейнелейтін экспозиялардың авторына фото өнердің қыр-сырын ұстаздары Тамара Дәулетпаева мен Радик Кагенов үйретіпті. Отан қорғау сынды абыройлы қызметте қосыша сүйікті ісін қабыстыра алған аға лейтенант бағыт берген ұстаздарына, шығармашылық процеске құрметпен қарайтын әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Фотокөрмені ардагер шекарашылар, 16 мектептің «Жас шекарашылар» әскери патриоттық клубы, қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.