• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 15:45

Маңғыстауда жаңа газ өңдеу зауыты бой көтеріп жатыр

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев Жаңаөзен қаласына барып, салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. Аталған жоғары технологиялық жоба – партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

216,8 млрд теңге көлемінде бағаланған нысанның құрылысы биыл 3 наурызда басталған. Жоба толық іске қосылғанда жылына 900 миллион текше метр табиғи және ілеспе газ өндіруге мүмкіндік береді. Бұл – еліміз үшін стратегиялық маңызы зор өндіріс. Құрылысты 2027 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бүгінде зауыттың негізгі іргетасы қаланып, сыртқы инженерлік желілер тартылған. Автотұрақ аумағына асфальт төселіп, қосалқы стансада жерге тұйықтау жүйесінің алғашқы кезеңі аяқталды. Уақытша электрмен қамту желісі іске қосылып, автокөлік таразылары орнатылды және қойма инфрақұрылымы жабдықталды.

«Жаңаөзендегі жұмыс істеп тұрған ескі Қазақ газ өңдеу зауыты 1973 жылы пайдалануға берілген еді. Өндірістік қуатты арттыру мақсатында салынып жатқан бұл жаңа зауыт сұйытылған газ тапшылығын жояды. Нысан құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс. Бұл – біздің тұрақты бақылауымызда болатын жоба», деді депутат Самат Мұсабаев.

Қазір құрылыс алаңында зауыттың «Негізгі технология» бөліміне қатысты күрделі кешендер жұмысы атқарылуда.

Маңғыстау облысы – еліміздің ішкі нарығында табиғи газдың ең ірі тұтынушысы. Соңғы жылдары өңірдің инфрақұрылымы қарқынды дамып, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар саны көбейген сайын газға сұраныс та артып келеді. Осыған орай, сайлауалды бағдарлама аясында ұзындығы 506,5 шақырым магистралдық газ құбырларын салу көзделген. Сонымен қатар, аймақта өңдеу өнеркәсібі саласында 2,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 26 жоба іске асырылады.