Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясына қатысып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім» деген қанатты сөзін еске сала отырып:
«Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдерімнің бірі де ұстаздарға қатысты болды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаһандану дәуірінде білім мен ғылым елдің болашағын айқындайтынын айтып, өскелең ұрпаққа сапалы білім берудің маңызын ерекше атап өтті.
«Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», дейді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.
Сонымен қатар «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды.
«Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс», дейді ел Президенті.