• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:50

Ғалым еңбегі неге ескерусіз қалды?

20 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Қанапия­нов құрғақ ауа райында мол өнім беретін жоңышқаның жаңа сортын ойлап шығарды. Өкінішке қарай, оның өнертабысын Ертіс-Баян өңірінде елеп-еске­ретін ешкім болмай тұр. Ғалымның сөзінше, жаңа дақыл жемшөп мәселесін түбегейлі шешіп, мал еті мен сүттің өзіндік құнын арзандатуға негіз болады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі егін шаруашылығын субсидиялауға 550 млрд теңге, оның ішінде Павлодар облысына 27 млрд теңге бөлінді. Алайда жоғары өнімді астық шаруашылығын құру біздің фермерлер үшін әлі де арман. Мәселен, рес­публика бойынша әр гектардан орташа есеппен 10-12 центнер астық жиналса, біздің аймақта ол 9-9,3 центнерден аспайды. Бұл қиындықтан шығу үшін құрғақшы­лыққа аса төзімді дақылдардың өндірісі­не мән беруіміз керек. Он жылдан астам маңдай терімнің өтеуі болған жаңа жоңышқа сорты – осындай стратегиялық мәселені шешудің бір жолы», деп бастады әңгімесін Құдайберген Қанапиянов.

Әдетте еліміздегі жоңышқаның құр­ғақшылыққа төзімді түрлері 350 мм жауын-шашын жағдайында өссе, жаңа сорт 200-270 мм жағдайында жақсы өнім беру қабілетін байқатқан. Ғалымның сөзінше, мұндай сорт әлемде жоқ.

«Ақмола облысында жылдық жауын-шашын мөлшері – 350 мм, Қостанайда – 355 мм, Солтүстік Қазақстанда – шамамен 360 мм. Осы жағдайларды жіті зерделей келе, біздің жақтың климатына әбден бейімделген, өзге тұқымдастарына қарағанда мықтырақ өскен жабайы жоңышқа түрлерін іздей бастадым. Ақыры әр жерден санаулы сабақтарын тауып, піскен уақытында әлгілердің қауызындағы дәндерін қолмен жинап алдым. Бұлар айдалмаған жерде өсіп тұр еді. Одан соң Кемеңгер маңында егіп көрдім», дейді ғалым.

Алғашқы жылдары Құдайберген Қанапиянов өзі еккен жоңышқа алқабын кәдімгідей сұрыптап өсірген. Нашар шыққандарын жойып, тек биік әрі сабағы мықтыларын ғана қалдырып отырады. Бұлар жылдар өте бір-бірімен айқас тозаңданып, сұрыптала бастаған. Арада 10 жыл өткенде әлгі жерден әбден сұрыпталған жоңышқаның жаңа тұқымдарын молырақ үгіп алады. Өкінішке қарай, ғалымның одан арғы жоспары жүзеге аспады. Жаңа сортты суармалы жерге егіп, көбейтіп алу ойымен облыс әкімдігіне, облыстық жер қатынастары басқармасына хабарласқан екен, басқарма басшысы Мұрат Хамитов: «Ғалымдарға беретін жеріміз жоқ, жер тек фермерлерге ғана беріледі» деп меселін қайтарып тастайды. Амалы құрыған ғалым әлгі дәндерін 800 км жердегі Көкшетау өңіріне апарып, кезінде бірге оқыған жолдасының алқабына сеуіпті. Одан қалғанын Павлодардағы саяжайдан өзі сатып алған жер теліміне отырғызыпты. Ешбір суарусыз егілген жоңышқаның сабақтары жайқалып, ерекше жағдайда өсіп келе жатыр. Мұнда өзі ұзақ жыл сұрыптаған жоңышқаның сары және көкше түрлері бар. Айтуынша, сарысы құрғақшылыққа аса төзімді, бірақ өнімі сәл төменірек, ал көгі ылғал молырақ болса аста-төк өнім береді екен.

«Мынау сары жоңышқаның сабағының биіктігі 1 метрден асады. Құрамындағы ақуыз мөлшері – 25-30%. Мұндай мол өнімді, ақуызға бай әрі құрғақшылық жағдайында өсе алатын жоңышқа әлемде жоқ екеніне ғалым ретінде бәс тіге аламын. Гектарынан 30 центнер мал азығын жинауға мүмкіндік бар. Ал анау гүлі көк түсті жоңышқа гектарына 40-45 центнер өнім береді. Ешқандай дақыл ондай өнім беруге қабілетсіз. Әкімдік көмек көрсетсе, бұл сортты баяғыда көбейтіп, қазірдің өзінде жергілікті шаруашылықтарға таратар едім. Оның нәтижесін шаруалар аз уақыт ішінде байқайтыны сөзсіз», дейді.

Ғалымның есебінше, бұл сорт қолданысқа енгізілсе, селдір шөп басқан миллиондаған гектар жер жасыл майсаға айналатыны анық. Климаты Павлодар өңіріне ұқсас Қарағанды, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және өзге облыстарды да қамтамасыз етер еді. Нәтижесінде, мал өсірушілер құны арзан, нәрлілігі жоғары мал азығымен қамтылып, сүт шаруашылықтарында өнім сапасын көтеруге, шикізат құнын арзандатуға мүмкіндіктер пайда болады. Дүкенде сатылатын сүт бағасы 1,5 есе арзандайды.

Қазір жоңышқа тұқымының 1 тоннасы – 800 мың теңге. Ал 1 тонна тұқым 142 гектар жерге жетеді екен (гектарына 7 кило себіледі). Жаңа сорт егілген жердің әр гектарынан 40 центнер немесе 4 тонна өнім алынады десек, әлгі бір тонна тұқымнан 560 тоннадан астам сапалы жоңышқа жинап алуға болады. Бұл фермерлер үшін қай жағынан болсын тиімді.

 

Павлодар облысы