• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жоба Бүгін, 08:45

Халыққа қолайлы әлеуметтік жоба

20 рет
көрсетілді

Ел азаматтарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері қолжетімді әрі жариялы болғаны дұрыс. «Әлеуметтік әмиян» – осыны барынша үйлестіріп, жолға қоятын жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Үкіметке жобаны мерзімінен кешіктірмей орындауды тапсырған еді.

Халықтың өмір сүру сапасы елдің экономикалық даму деңгейінде маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Әлемде халықтың табысын арттырудың бірқатар танылған экономикалық модельдері мен тетік­тері бар. Ал мемлекеттік қызметтерді цифр­ландыру – әлеуметтік көмек алушыларды және оларға көрсетілген қызметтердің көлемін сәйкестендіруге септеседі. Сонымен қатар ең оңтайлы әрі тиімдісін таңдап, ашықтық қағидатын сақтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің ресми деректері негізінде отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Онда 82 ереже-талап негізінде есептелген әл-ауқат дәрежесі бойынша жіктелген 6,3 млн отбасы, бас-аяғы 20 млн астам азамат туралы ақпарат бар. Енді «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы әлеуметтік көмектердің барлығын бірізділендіріп, жұмысты ширатуға әбден болады. Жоба аясында ел Үкіметі мемлекеттік органдардың базаларын, яғни деректерін біріктіру арқылы қай тұлғаға қандай мемлекеттік жәрдемнің түрі көрсетілуге тиіс екенін бірден анықтай алады. Жоба цифрлық технологияларды енгізу есебінен әлеуметтік көмек құралдарын мақсатсыз пайдалану фактілерін барынша жоюға, қадағалауға және қолма-қол ақша пайдалануды шектеуге бағытталған.

Президент Жолдауда халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажеттігін айтты. «Үкіметке келер жылдың басынан «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде, мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», делінген Жолдауда.  

«Әлеуметтік әмиян» өткен жылдан бастап қолға алына бастаған жоба. Ол пандемия тұ­сында ашылған «әлеуметтік шот­тан» бөлек. Жоба аясында ел Үкіметі мемлекеттік органдардың базаларын, яғни деректерін бірік­­тіру арқылы қай тұлғаға қан­дай мем­лекеттік жәрдемнің түрі көрсетілуге тиіс екенін бірден анық­тай алады. Бұл цифрлан­дыру­дың бірінші кезеңі болса, екінші кезеңде әлеуметтік көмектің сол көмекті қажет ететін азаматқа жеткен-жетпегені, яғни ашықтық қамтамасыз етіледі. Биылдан бастап Заңға «Әлеуметтік әмиян» туралы түсінік енгізіліп, бекіді. Қазір жобаның қанатқақты режімдегі алғашқы қадамы ретін­де бала­ларға ыстық тамақ үлестіру жағы пысықталып жатыр.

Жуырда өткен Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жоба туралы былай деді:

«Мемлекеттік қолдау шарала­ры­ның нысаналы әрі ашық болуын қамтамасыз ету үшін қанатқақты режімде «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді. Аталған жобадағы алғашқы бағыт – оқушыларды тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету. 6 943 мемлекеттік орта білім беретін мектептің ішін­де қазір 2 369 мектеп заманауи автоматтандырылған бақы­лау пункттерімен (АБП) толық жабдықталды. Ал 3 950 мек­тепте, жобалық қуаттылықты ескере отырып, «Бизнес әмиян» енгізілді – бұл оқушыларға ыстық тамақ жеткізілуін есепке алу және бақылау үшін қосылған арнайы қосымша. Осылайша, eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы ата-аналар баласының ыстық тамақ алғанын нақты уақыт режімінде тексеріп, мәзірді көре алады және пікір қалдыра алады».

Елімізде мектепте білім алатын 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қандай да бір шартсыз, түгел қамтылады. Сол секілді әлеуметтік көмек алатын отбасыда тәрбиеленетін 5-11-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ қарастырылған. Жаңа жүйенің артықшылығы – ата-аналар қағаз құжат жинап сенделмейді. Көмек алу құқығы мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде анықталады. «Әлеуметтік әмиян» цифрлық шешімінің тағы бір артықшылығы жүйе мем­лекеттік қолдауды алдын ала өзі анық­тайды. Көмекті автоматты түрде көрсетеді. Осы жөнінде Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­лігі Мемлекеттік көрсеті­ле­тін қызметтер комитетінің төраға­сы Айнұр Юсуповадан сұрап білдік.

– Біз алдымен талдау жасап, әлеуметтік қорғалатын топқа жататын азаматтарды нақтылаймыз. Сосын ата-аналарға мемлекет тарапынан баласының ыстық тамақ алуға құқығы бар екені туралы хабарлама жібереміз. Ата-ана «келісесіз бе» деген сұраққа «Иә» деп жауап қайтарған жағдайда «Әлеуметтік әмиянда» ваучер пайда болады. Осыдан бастап бала асханадан тегін тамақтана алады. Ол үшін ваучерді ата-ана eGov Мobile қосымшасы арқылы іске қосуға тиіс. Сонда оқушы мектеп асханасында QR-код, карта немесе Face ID арқылы ыстық тамақ ала бастайды. Баланың асханаға кіргені, тамақты алғаны бәрі-бәрі есепке алынады. Осылайша, жүйе мемлекеттік қолдауға құқығы бар отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақ беру үдерісін автоматтандырып қана қоймай, ыстық тамақ оқушыға тигенін ашық бақылауға мүмкіндік беріп отыр, – дейді А.Юсупова.

Енді бұрынғыдай қаптаған қағаз жинаудың қажеті жоқ. Еш­кімге артық салмақ түспейді. Бұл әуелі бала үшін, сосын ата-ана, мектеп ұжымы, тамақты жеткізуші кәсіпкерге, мемлекетке бәрі-бәріне тиімді шешім болып отыр. Осы уақытқа дейін жобаға қанатқақты режімде Астана қаласындағы 10 мектеп және Қостанай облысындағы 10 білім беретін ұйым қосылған. Нәтижесінде, ыстық тамаққа бір айда төленетін ақының шамамен 15 пайызы үнемделгені байқалған. Осы қадам жүйені іс жүзінде қарап-тексеруге, ата-ана, мұғалімдер мен жеткізушілердің кері байланысын нақтылауға таптырмас мүмкіндік болып отыр. Қанатқақты режімдегі жұмыстар көңілден шыққан. Енді қыркүйектен бастап жүйеге еліміздің барлық аймағындағы мектептер қосылғалы тұр.

Бұрын ел азаматтарының көбі өзінің мемлекеттен әлеуметтік көмек алатынын біле бермейтін. Енді «Әлеуметтік әмиян» арқылы тұрғындарға бірден әлеуметтік қызмет тағайындалғаны туралы хабарлама келеді. Оған тұты­нушы «иә» немесе «жоқ» деп қана жа­уап қайырады. «Әлеуметтік әмияндағы» қызметтерді пайдалану үшін тұрғындар Play Market, App Store дүкендерінен eGov Мobile қосымшасын жүктеп алуы қажет. Қосымшаға қосылу көп уақыт алмайды, тілі де халыққа ұғынықты, жеңіл. Созылмалы сырқаты бар пациент­терге мемлекеттен тегін берілетін дәрі-дәрмектер бар. Оны алу үшін eGov Mobile қосымшасында «Әлеуметтік әмиян­ның» «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бөлімін пайдалануға болады. Мәселен, пациент дәрігердің алдына барып, жіті тексеруден өткен соң тегін дәрі-дәрмек тағайындалды делік. Осы кез ақпарат электронды түрде бірден «Әлеуметтік әмиянға» түседі. Пациент қосымша арқы­лы сол бөлімге өтсе QR-код шыға келеді. Сосын пациент мем­лекет­тік дәріханаға барып, әлгі QR-код­ты көрсетсе, фармацевт қандай дәрі таға­йындалғанын бірден көріп, береді. Сол кезде ғана дәрі есептен шығарылады. Ашықтық қағидаты сақталып, мемлекеттен ұсынылатын тегін дәрі-дәрмектердің бағыты түгел бақыланады. Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі жоба арқылы дәрі-дәрмектерді үлестіру 700-ден астам медици­налық ұйымда іске асатынын хабарлады. «Әлеуметтік әмиянның» арқасында енді науқастар өзіне қажет дәріні алу үшін бұрынғыдай дәрігердің қабылдауына кезекке тұрып, емханаға қайта-қайта бармайды.

Жобаның тағы бір тармағы балаларға қосымша білім бере­тін ұйымдарға қатысты болып отыр. Келешекте ол үйірмелердегі балаларға да ваучер тағайында­лып, баланың үйірмеге барған-бармағаны бақылауда болады. Осыған дейін мемлекет қосымша білім беретін ұйымдарды бақылай алмаса, енді осы олқылықтың орны толғалы тұр. Келешекте жүйе арқылы тағайындалатын әлеуметтік көмектердің қатарына балалардың лагері, жатақханамен қамту, балабақша кезегі секілді басқа да қызметтер жоспарға сәйкес енгізілуі бек мүмкін. Қазірдің өзінде әлеуметтік топтағы тұрғын­дардың көгілдір отын шығынының бір бөлігін мемлекет төлеп береді. Мұнда да тұрғындар QR-кодты көрсету арқылы шығын­ның белгілі бір бөлігін төлейді. Осыған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеңілдікпен бере­тін жоба пысықталып жатыр. Бұл бойынша қанатқақты жоба қазір Ақмола облысы Ақкөл қаласында іске асып жатыр. Оның нәтижесі жақсы болса, тәжірибе еліміздің басқа өңірлеріне де жетеді.