Шешендік – қызыл сөзді сапырған қыздырма желік емес. Оның ауылы софистикадан алыс қонған. Оның шын мақсұты – ақиқатты тану. Хош, мәселе мұнымен аяқтала ма? Ақиқатты танып үлгерсеңіз, әріптесіңізге түсіндіре қоюдан жеңіл зат бар ма? Осылай тұжырымдасақ, дәлмәрлық мәнін ұқпағандығымыз. Сократ хакім диалог барысында жетектеуші сұрақтар қойып, өзі түсінген ақиқатқа әріптесінің де ақылы «жүкті» болып, оны өзі дүниеге келтіруіне жағдай жасайды. Ал қазіргі қазақ қоғамындағы сөздің қуаты қандай, шешендік шеберлік қай деңгейде? Осы ойлармен біз Астанада өткен «Сөзмерген-2025» байқауына келіп түстік.
Сайыс ережесі таныстырылып жатыр. Доданың тізгінқағар кезеңінде әр қатысушыға жағдаятты тапсырма беріледі дейді. Әдетте мұндай байқауларда қатысушыларға «өзін-өзі өлеңдетіп таныстыру» секілді жадағай-жаттанды шарт бола-тұғын. Бүгінгі ұйымдастырушылар ә дегеннен ділмәрларды қияға тіреп, қисынын тауып шығуды міндет етіп отыр. Ал екінші іріктеуде жаһандағы жаңалықтарға үн қосып, қоғамдағы құбылыстар хақында шешіле сөйлеу керек шешендер. Жасанды интеллект, экомәдениет, геосаяси ахуал, рухани трансформация сияқты күрделі тақырыптардың болары анық. Осымен байқау мәресі таяй ма десек, жоқ. Қатысушыларды ыстық-суыққа әлі салмақшы екен. «Тобықтай түйін» кезеңінде ділмарларға тілдей қағаз беріліп, ел ішінде кең тараған бір әлеуметтік әумесерлікті тиятын сөз һәм оны қалай тиятын уәж жазу бекітілді. Науқастың науқас екенін айту оңай, оны жазып шығару ше? Бұл да сондай тамыр ұстап білер тапқырлық пен көрегендікті қажет етер сындарлы сәт. Ал тізгінтартар кезең нағыз шешендердің шешіле сөйлейтін шағы болғалы тұр. Іріктеліп шыққан екі ділмар бір-біріне сократтық сауал қойып, қыз кірпігін қаққанша жауап табу керек. Осылайша нағыз сөзмерген анықталмақ.
Артынша арқырап тұрған қатысушыларға көз салдық. Ықылас Ожай, Жанболат Шәкім, Ардаби Мәулет, Қабиден Қуанышбай, Бекзат Құлшар сынды кіл ақын, кіл журналист жүйріктер ауыздығын шайнап тұр.
Осындай сайдың тасындай азаматтарға сайыс ережесі қиынға соқпайтындай көрінді. Алайда Алла аузына сөз салған адам ғана әруағы асып, байқау мәресіне жетеді емес пе? Әруағы асқан дегенде ойға оралады. Қарағайға қарсы біткен бұтақ сыңайлы қоңтәжінің алдында қорықпай сөйлеген Қазыбектің мысы қалай басып кетті? Дәл осы сауалды он төрт жасар баланың ультиматум-уәжіне келісе қойған қалмақтың уәзірлері де қойса керек. Сонда қоңтәжі маңдайдағы терін жеңімен сүртіп отырып: «бұл оғлан сөйлегенде желкесінен жеті айдаһар ысқырып тұрды» деген екен. Иә, аузына Қызыр түкірген ерен ердің осылай мысы басым, рухы өктем болмақ. Егер ол ақиқат сөзін айтса, әрине.
Дода барысында ойлап отырған осы ойымызды сахнадан шыққан бір үн жасындай тіліп жіберді: «Біздің ойымызша, әр қазақ баласының сүйгені – Алла, сүйенгені – әділет, қорғайтыны – азаттық, қорқынышы – надандық, «ауруы» – Абай болуы тиіс». Ақ сөз. Бұл сөзді айтып тұрған ақын Ықылас Ожай еді. Мақаламыздың әлқиссасында айтылған шешендіктің шын сипаты дәл осы сөздерден табылғанына шын қуандық.
Ал ақын,журналист Бекзат Құлшардың «Бәрінің бірдей ойланғаны – ешкімнің ештеңе ойламағаны. Азат ой кей «ақылдардың» шеңберіне сыймаса, ол оған кінәлі емес» деген сөзі көңіл үдесінен шығып, көпшілікті «рас-ау» дегізді. Бұл «Ақылға еркін ой керек, Матаудан ойды азат қыл» деген Шәкәрім ғақлиясының ХХІ ғасыр ұрпағындағы сәулесі болды.
Әрине, дода кезінде сөзді доптай домалатып, ой қақпасына дәл кіргізген мергендер үнемі бола бермеді. Онысы заңдылық та. Сөз – қасиетпен бүр жаратын, қабілетпен шыңдалатын өнер. Сөйтіп қабілеті мен қасиеті, бағы мен бабы қатар келіскен ділмар қауым іріктеле келе, соңғы мәреге екі қатысушы жетті. Олар журналист Жанболат Шәкім мен ақын Ықылас Ожайұлы.
Тартыстың көкесі енді басталады, қос жүйріктің тынысы енді ашылды дегенде қазылар алқасының мүшесі Мәди Манатбек іні ағаға жол беруі керек деп, Ықылас Ожай бәйгені шаппай алсын деп доданы осы жерден тоқтатуға шақырды. Шауып келе жатқан тұлпарды алдынан арқан керіп тоқтатқан сияқты іштей өкініп қалдық.
Жөн-жоба білетін Жанболат Шәкім Ықылас Ожайды ұстаз тұтады. Жеме-жемге келгенде ағасына бәрібір жол ұсынатын еді ғой, оған дейін сөз қылышымен қидандасқанын көру халыққа қызық қой деген ой қайта-қайта шымшылап, ақыры басылдық. Не де болса қазылар алқасындағы медиа-менеджердің бұл ұсынысына қалған әріптестері де хош деп келісті.
Сөйтіп этнограф Бекен Қайратұлы, «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен, «Жастар» театры директорының орынбасары, ақын Мақпал Мыса, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты кітап ісі комитетінің сарапшысы Айбала Бекмұханбет, журналист Мәди Манатбек бастаған «Сөзмерген-2025» байқауының бас жүлде иегері Ықылас Ожай атанды және жеңімпазға 300 мың теңге арнаулы сыйлық берілді. Халық та, қатысушылар да қазылардың бұл шешіміне шәк келтірмей, ризашылықпен қуанды. Бірінші орын тұғырына Жанболат Шәкім көтерілді. Оған 200 мың теңге табысталды. Ал екінші орынды Қабиден Қуанышбай мен Бағлан Оразалы 100 мың теңгемен иеленсе, үшінші орынды Ардаби Мәулет пен Бекзат Құлшар 75 мың теңгемен еншіледі.