Жуырда АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуі 15 тамызда Аляска штатының Анкоридж қаласында өтетінін хабарлады. «Жұма күні таңертең президент Трамп Анкориджге ұшады, онда Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізеді», деді Ақүйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт. Оның айтуынша, келіссөздер барысы әлі пысықталып жатыр, алайда Трамп алдымен Путиннің ұстанымын тыңдайды.
Жалпы, АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуі Украинадағы қақтығыс пен бітімгершілік келісімді талқылауға бағытталған. Трамп билікке келгеннен бері Мәскеумен Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы келісімге келуге тырысып жатыр.
6 тамызда Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен Мәскеуде кездескен еді. Ресей ақпарат агенттіктері хабарлағандай, Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі Юрий Ушаков қос тараптың сөзталқысы пайдалы әрі сындарлы болғанын айтқан.
Айта кетсек, 7 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, Кремль басшысының алдымен Қ.Тоқаевпен сөйлесуі халықаралық аренада біздің Президенттің беделі жоғары, маңызды саясаткер екенін білдірсе керек.
«Әңгіме барысында Путин АҚШ-тың Украина қақтығысын реттеу жөніндегі арнайы өкілімен арада болған келіссөздердің нәтижесін хабарлаған екен. Естуімізше, Кремль басшысы телефон арқылы Қ.Тоқаевқа бүкіл жоспарын жеткізген. Яғни біздің Президент қабылданған шешім туралы хабардар. Тек келісімге қол қойылғанша ештеңені ашып айтпайтыны түсінікті.
Негізі, Қазақстан тарапы Украинадағы соғыс басталғалы бері бейбітшілікке шақырып келеді. Ешқашан соғыспен мәселе шешілмейтінін алға тартып, тараптарды келіссөздер үстеліне отыруға үндеді. Ресеймен де, Украинамен де қарым-қатынасын үзген жоқ. Ресей басып алған территорияларды мойындамайтынын Қ.Тоқаев Санкт-Петербургте ашып айтты. Сөйте тұра, Кремльмен байланысты бекем ұстап қалды», деді Қ.Майгелдинов.
Саясаттанушының пікіріне сүйенсек, Қ.Тоқаев былтыр желтоқсанда Трамппен сөйлескен кезде Украинадағы қақтығыстың оңай шешілмейтінін, аумақтық даудың өте «нәзік» тақырып екенін жеткізген. Сол себепті Трампты мәселеге атүсті қарамауға шақырып, бір тәулік ішінде шешілмейтінін түсіндірген. Сонымен қатар қақтығысты тоқтатуға шақыруды жалғастыра беруін айтқан.
«Қ.Тоқаевтың сөзінің растығына Трамптың көзі ендігі жеткен де шығар. Қалай дегенмен, қазіргі халықаралық саясатта дәл Қ.Тоқаев секілді тереңінен ойланатын саясаткерлер көп емес», деп қосты сарапшы.
ВВС мәліметіне сүйенсек, Путинмен кездесуінен соң Стив Уиткофф Мәскеу алдымен Донецк облысынан украин әскерлерін шығарып, ондағы қақтығысты тоқтатуды ұсынып отырғанын айтқан. Екінші Путин мен Трамп бітімгершілік жоспарымен келісімге келеді, содан кейін ол Зеленскиймен талқыланады.
Сондай-ақ Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков «Известия» газетіне берген сұхбатында Ресей мен АҚШ көшбасшылары Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуі елдер арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге көмектесетінін айтты. Ол алдағы саммит «екіжақты қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге серпін береді», деді. Бұл алдымен әуе қатынасын қалпына келтіру сияқты мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді деп есептейді дипломат. Сонымен қатар С.Рябков президенттердің «мүлдем басқа тақырыптарға» тоқталатынын баса айтты.
Бұған дейін Трамп егер «аумақ алмасуын» талқылайтын болсақ, Путин бейбіт кездесуге келісім беруі мүмкін екенін айтты. Киев болса, бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын бірнеше рет білдірді.
«Украинаның аумақтық мәселесінің жауабы Украина Конституциясында тайға таңба басқандай жазылған. Бұдан ешкім шегінбейді де, шегіне де алмайды. Украиндар өз жерлерін бермейді. Еліміз бейбітшілік әкелетін нақты шешімдерге дайын. Ал Украинасыз келісілген кез келген шешім – бейбітшілікке қарсы шешім. Олар нәтиже бермейді», деген Украина президенті өз ұстанымынан таймайтынын жеткізді.
Еуропа көшбасшылары да Зеленскийді қолдап отыр. Олар келіссөздер мен консультациялар қорытындысы бойынша шығарылған бірлескен мәлімдемеде «Украинаның болашағы туралы келіссөздер тек оның қатысуымен, атысты тоқтату жағдайында ғана өтуі мүмкін» екенін айтты. Мұндай мәлімдемеге Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия, Финляндия, Польша басшылары, сондай-ақ Еурокомиссия басшысы қол қойды.
Сонымен қатар Еуропа көшбасшылары «аумақ алмасуына» қарсылық танытпайтынын жеткізді, бірақ бұл тепе-теңдік жағдайында ғана болу қажет. «Wall Street Journal»-дың хабарлауынша, Еуропа елдері мен Украина қарсы ұсыныс жасаған, ол туралы АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Кит Келлог толық хабардар. Қарсы ұсыныста біріншіден, атысты тоқтату, содан кейін ғана аумақтар алмасу, екіншіден, концессиялар өзара болуы керек – Украина Ресейге қандай да бір аумақтарды берсе, Ресейден өзге аумақтарды да алуға тиіс. Мәселен, егер Украина Донецк облысынан кетсе, оның орнына ресейлік әскерлер Запорожье мен Херсон облыстарынан кетуі керек. Бұған қоса, Еуропа көшбасшылары мен Украина «Киевтің кез келген аумақтық концессиясы, соның ішінде Украинаның НАТО-ға ықтимал мүшелігін қоса алғанда, темірдей қауіпсіздік кепілдіктеріне бағынуы керек», деп талап қойып отыр. НАТО Бас хатшысы Марк Рютте де ABC News-ке берген сұхбатында аумақтармен алмасуға қарсы еместігін мәлімдеді.
Айта кетсек, жұма күні Ресей мен АҚШ көшбасшылары төрт жылдан кейін кездескелі тұр. Бұған дейін Владимир Путин мен АҚШ-тың сол кездегі президенті Джо Байден 2021 жылы Женевада өткен екіжақты саммитте кездескен. Аляска штатының бұрынғы лейтенант-губернаторы Лорен Леманның айтуынша, Путин мен Трамптың келіссөздері Анкоридж жанындағы Эльмендорф-Ричардсон немесе Фэрбенкс жанындағы Эйэлсон әуе күштерінің базасында өтуі мүмкін.