• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:40

Технологиялық ізденіс терең өңдеуді дамытады

20 рет
көрсетілді

Өңір экономикасының алтын діңгегі – өңдеу өнеркәсібі. Аталған сала­ның үлесі облыс­та шығатын жалпы өнімнің 66%-ын құрайды. Оның жартысынан көбін машина жасау саласы (54%), та­мақ өнеркәсібі (22%), металлур­гия (18%) алады. Ауыл шаруашылығына қолайлы, топырағы құнарлы 10 млн гектардан аса жері бар байтақ өлке бұған дейін жыл сайын 4 млн гектардан астам алқапқа дән егіп келген. Биыл көктемгі егістік көлемі 5 млн 121,9 гектарға жетті.

Одан алынған би­дайдың 70-80%-ы сыртқа саудаланады. Қостанай бидайын аттай қалап алатындардың ішінде Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран, Қытай, Ресей мемлекеттері көш бастап тұр. Осыншама шикізат әлеуетіне ие болып отырған өңірде, өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісі кенжелеп тұр. Облыс бидайының дені шикізат күйінде, ешбір қосымша құнсыз сыртқа кетіп жатыр.

2025 жылдың басында өңірдің өңдеу кәсіпорындары 104,9 млрд теңгенің өнімін шығарған. Ал мамандар елімізде жиналған бидайдың бар-жоғы 3%-ы ғана өңделеді деп отыр. Әрине, ірі көлемде бидай экспорттап отырған елдердің қатарындағы мемлекет үшін бұл тым аздық етеді.

Қостанай облысында бидай мен майлы дақылды терең өңдейтін зауыттар жоқ. Мұндай зауыттар елімізде аминқышқыл, глютен, лизин, крахмал, биоэтанол сияқты жаңа өнімдер өндірісін жолға қойып, импортты ығыстырар ма еді. Сарапшылардың есебінше, 1 тонна ұнның бағасы 120-130 мың теңге болса, терең өңдеуден өткен өнімнің тоннасын 350-541 мың теңгеге экспорттауға болады. Сонымен қатар өңірде ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығы, құс шаруашылығы мен мал азығы өндірісі қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан 200-ге тарта кәсіпорын өткен жылы 429 млрд теңгенің өнімін шығарған.

Өткен жылы облыс қам­ба­­сына 5,5 млн тоннаның үстінде астық түсті. Оның шамамен 1,7 млн тоннасы өңдеу өнеркәсіптеріне жіберілді. Мәселен, дәнді, бұршақты дақыл өңдейтін зауыттар көршілес елдерге 800 мың тонна ұн, 44 мың тонна жарма өнімдерін сатқан. Майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындар 100 мың тоннаға жуық күнбағыс және рапс дәнінен 34 мың тонна сұйық май алған. 2025 жылдың бірінші жартысына дейінгі мәлімет бо­йынша, өңір шаруашылықтары 21,3 мың тонна ет, 141,4 мың тонна сүт өндірген. Осыншама шикізатты қабылдап алған сүт өңдеу кәсіпорындары 113 мың тонна көлемінде өнім шығарды. Бүгінде облыстағы мал саны 438,7 мыңға жетіп отыр.

Кейінгі жылдары өңір­де тері қабыл­дау, оны өң­деу, сату ісі де оңға басып ке­ле­ді. Былтыр мал шаруа­шы­лықтары 43 мың ірі қара терісін өткізсе, биыл жарты жыл ішінде бұл көрсеткіш 25 мыңға жеткен. Сондай-ақ биыл 30 мыңнан аса қой терісі қабылданған. Мұның біразы сыртқа сатылады, біразы өңдеуге жө­нелтіледі. Биылдың өзінде «Қостанай Агроөнімдері», «Beefexportgroup», «Север Ет» серіктестіктерінің мал сою бекеттері Ресейге 7 852 тері экспорттаған.

Келесі жылы өңірде ірі қара және жылқы терісін терең өңдейтін инвес­тиция­лық жоба жүзеге асырыл­мақ. Ин­но­вациялық жоба саналатын «Биоком Қазақстан» кәсіпорны тері өңдеумен қатар, мал шаруа­шылығы шикізатын қалдық­сыз өңдеп, мал азығының құнарын арт­ты­ратын жоғары сапа­лы ақуыз өнімін де шығар­мақ. Өңірлік ғылым, иннова­циялық сектор дамымай, кадр мәселесі шешілмей, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге қолжеткізу қиын. Таяуда Қостанайға келген Ұлттық Ғылым ака­де­миясының өкілдері облыс басшыларына өздері әзірлеген өңірлердегі ғылы­ми әлеуетті дамытудың тұжы­рымдамасын ұсынды.

Тұжырымдамаға сәй­кес, біріншіден, өңір ұзақмер­зімді, нақты страте­гия­ға ие болуға тиіс. Ол жер­гілікті жер­дің бәсекелік артықшылықтарына не­гіз­­делуі қажет және өңірдің жыл сайынғы даму жоспарлары мен бас­қа­рушылық ше­шім­дерінің өзегіне айналуға тиіс. Тек осындай тәсіл ғана экономиканың және әлеуметтік саланың түрлі бағытының теңгерімді әрі орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Екіншіден, климаттық, агроэкологиялық және инфрақұрылымдық сцена­рийлерді модельдеу, өңірлік жоспарлауды оңтайландыру және өндірістік жүйе­лердің тұрақтылығын арттыру мақса­­тында өңірлік ғылыми-тех­ни­­калық бағдарламаны іске асы­ру керек. Академия өкіл­дері, сонымен қатар, өңір­дің аграрлық, ғылыми және индустриялық әлеуетін дамытатын агро өнімдерді терең өңдеу жөніндегі ғылыми-өндірістік орталық құ­руды ұсынды. Мұндай орталық агроөнеркәсіпке инвестиция тартуға, инновация енгізуге, экспорт кеңістігін кеңей­туге ықпал етеді. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеуді дамытатын технологиялық серпіліс береді.

 

Қостанай облысы