• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Бүгін, 09:00

Кернеулі токтың тілін тапқан маман

30 рет
көрсетілді

Президент қаулысымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Тіршілік үшін таптырмас мамандардың маңдай терін, ерен еңбегін нанымды насихаттауға арналған жылдың жеті айы да артта қалды. Уақыт машинасы оза түскенмен, жұмысшы мамандардың жемісті еңбегі ескеріліп, беделі биіктеп келеді. Жыл құрғақ сөзбен сырғымау үшін жұмысшы мамандардың әлеуметтік әлеуетін әлдендіруге назар аударылып жатыр. Ауыз толтырып айтатын негізгі жаңалық техникалық мамандарды баспанамен қамтуға бағытталған – «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы. Бастама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін үйлі етуге үлес қосады. Бұдан бөлек жұмысшы мамандардың мәртебесін белгілеу,  салалардағы сындарлы тұсты сараптау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру сынды жүйелі жұмыстар атаулы жыл аясында атқарылып жатыр. Бастысы қоғам жұмысшы мамандарға қажеттілікті терең түйсініп, тұрмыс тұраламау үшін етіп жүрген еңбегіне құрметпен қарауға бейіл білдіріп келеді. 

Білім мен білікті, еңбек пен тәжірибені, төзім мен сабырды серік еткен жұмысшы мамандардың ел ішінде алатын орнын бөліп, жарып қарауға болмас. Десе де өмір үшін өзекті, заманауи шешімдер электр энергиясымен байланысып жатқан тұста олардың қызметінсіз тіршілікті дөңгелету мүмкін емес. Иә, әңгіме жоғары, төменгі кернеулі токты тап басып жүрген – электр мамандары туралы болып отыр. Олардың жұмысы күн мен түнге, ауа райының ыстық-суығына қарамайды. Өйткені бүгінде токқа телінген жұмыс үдерісі сағат тырсылындай тақылдап тұруы аса маңызды. Осындай маңызды міндетті Дархан Ыбаш 11 жылдан бері атқарып жүр.

Елорданы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «Астана-АЭК» АҚ қызметкері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетін «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Дархан Батырханұлы білікті электр маманы болып қалыптасу үшін бала кезден бап керек дейді. Себебі, өзі балғын шақтан жаңа дүние құрастыруға, істен шыққан техникаға жаңа өмір сыйлауға әуес болған. Кейіннен баласының бұл қызығушылығын кейіпкеріміздің әкесі механик Батырхан Ыбашұлы байқап, жанына ала жүріп, білгенін бүкпесіз үйреткен. Кейіпкеріміздің айтуынша, өмірінің осы кезеңі болашақта энергетика маманы болуға шешім қабылдатқан айтулы сәттер болыпты.

«Әке – балаға қашанда үлгі. Олар перзентінің тағдырына бейсаналы түрде ықпал ете алады деп ойлаймын. Менің мысалымда, мен әке жолын жалғадым. Ұяда көргенімді ілдім. Әкем техника тілін сөзсіз түсінді, мен электр сымдарының қыр-сырын меңгердім», деп түсіндірген Дархан Ыбаш еңбек жолын 3-дәрежелі электромонтер болып бастаған.

«Электрик 1-ақ рет қателеседі» деген астарлы сөз бар. Бұл қағида әр электр маманының жадына болаттай бекіген. Сондықтан ЖОО қабырғасынан жаңа шыққан маман «ә» дегеннен кернеулі алаңға жіберілмейді, электр бағандарымен жоғары көтерілмейді. «Астана-АЭК» АҚ кәсіпорнындағы аға шеберлер жас мамандардың меңгерген теориясын іс жүзінде игеруге уақыт береді. Дархан Батырханұлы алғашқы еңбек жолындағы осы сындарлы кезеңде көрген-білгені, көкейге түйгені бүгінде жаднамаға айналғанын айтып берді.

«Жан қалауымен таңдалған мамандықты меңгеруге ыстық ықылас қашан да табылады. Сондықтан тәжірибелі электриктердің бөліскенін құлағыма құйып отырдым. Алғаш электр бағанына көтерілгендегі қобалжуды жеңіп, тапсырманы тас-түйін орындай алдым. Бұл «жорық» бойымда сенім отын жақты. Сондықтан, жұмысшы мамандықтарды таңдайтын жастарды батыл қадам жасауға, білім алған мамандығы бойынша жұмысын жалғастыруға шақырамын», дейді ол.

Көп еңбек еткенге бақыт басын иетіні анық. Кейіпкеріміз кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, еңбекқорлығының арқасында 2 жылдан кейін шебер лауазымын иемденген. Байқоңыр ауданына қарасты қосалқы станциялардың үздіксіз қызмет етуін қамтамасыз ететін маман технология тез түрленіп жатқан жаңа ғасырда біліктілігін шыңдауға айрықша ден қояды.

«Бұл тұрғыда «Астана-АЭК» АҚ кәсіпорны да қызметкерлерінің кәсібилігін арттыруға мүдделі. Жыл сайын мамандар тобын Чехия, Польша сынды Еуропа елдеріне тәжірибесін толыстыруға жіберіп отырады. Меніңше, маман осындай қосымша қолдаулардан бөлек жаңашылдықтарға іркілмей ілесіп, өз бетінше ізденіп отыруы тиіс. Шетелде электрик мамандар білгенін видеохостингтерде бөлісіп отырады. Сондай арналарды да кәдеме жаратамын», деп пайдалы кеңесімен бөліскен Дархан Батырханұлы бүгінде - аға шебер. Саланың қара қазанында қайнап, шираған аға шеберлер ендігі жас мамандарға жетекші. Сондай-ақ, аудандық желілердің сенімді және сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін жөндеу жұмыстарын алдын-ала жоспарлау, ақаулы құрылғыларды ерте анықтау міндеттері жүктеледі. Біз барған күні аға-шебер Дархан Астана қаласына қарасты №4 киловольт әуе желісінің электр бағандарын жаңартып жатқан топқа бастамашы болып жүр екен.

«Бұл учаскеде бағандарды жаңарту 1 апта алдын басталған, ал оны ауыстыру 1-2 жыл бұрын жоспарланған болатын. Мұндағы мақсатымыз электр желісінің мүлтіксіз жұмыс істеуі мен тұтынушыларды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету. Қауіпсіздік ережесіне сай, арнайы техниканы пайдаланып орташа есеппен күніне 5-7 бағанды ауыстырамыз. Әдетте, ағаш не бетон бағаналардың қызмет ету мерзімі – 25-30 жыл шамасында болады. Десе де климаттық механикалық жағдайлар мерзімді қысқартуы мүмкін. Сондықтан алдын ала тексеру жүргіземіз», деді Релейлік энергетикалық жүйелер бригадасының 1 - топ аға шебері.

 Әр істің қиындығы мен қуанышы қатар жүретіні белгілі. Кейіпкерімізден уақытпен санаспай істеп жүрген қызметінің ең жарқын сәті қайсы екенін сұрадық.

«Жоғары да атап өткеніміздей жөндеу жұмыстарын апталап атқарып жатамыз. Сондай кезде жарық та тұрғындарға қолжетімсіз болады. Телефон қуаттаудан бастап, ас әзірлеу, компьютермен атқарылып жатқан жұмыстар бәрі-бәрі токқа тәуелді. Сондай кезде тұрғындардың да тағатсызданып кететін тұстары бар. Ал жарық берілгендегі қуанышы – бір төбе. Осындай қуаныштан кейін тұрғындар ілтипатын білдіріп жатады. Мен мұны Қазақстан азаматы ретінде  халыққа қызметім ретінде қабылдап, марқайып қаламын», деп жауап Дархан Батырханұлы.

Атаулы жылда аталмай жатқан мәселе де жетерлік. Біз бұған кейіпкерімізбен тілдесу барысында көз жеткіздік. Соның бірі әрі бірегейі – жалақы жайы. Аға шебер, 4 баланың әкесі Дархан Ыбаш нарық қос бүйірден қысып тұрғанда электр мамандарының жалақысы бәсекеге қабілетті болмай тұрғанын жеткізді.

«Мұхтар Әуезов «Еңбек шыққан жерден – төзім де шығатынын дөп айтқан». Күн сайын қауіппен бетпе-бет келетін мамандар осы тәмсілге бойұсынып отырмыз. Десе де отбасын адал еңбекпен асырап отырған азаматтардың жалақысы артса алаңсыз тер төгер еді», деп түйді ол.

Электр энергиясы – тіршілік көзі, сала мамандары – қозғаушы күш. Олар меңгерген мамандығын жауапкершілік пен ізденіс призмасынан қарағанда тұтас өндіріс өркендейді. Қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген жұмысша мамандардың еңбегі қолдау мен құрметке қашан да лайық!