Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды, деп жазады Egemen.kz.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов қыркүйек айында 115 мың жаңа оқушы орнына арналған 83 жаңа мектеп ашу жоспарланғанын айтты. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 57 білім ошағы пайдалануға беріледі.
Жиында елімізде үш ауысымды мектеп мәселесі біртіндеп шешімін тауып келе жатқаны да атап өтілді.
Премьер-министр еліміздің 9 өңірінде нысанды аяқтау бойынша жұмыстарды жеделдету қажет екеніне назар аударды. «Самұрық-Қазына» қорына әкімдіктермен бірге нысандардың жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Соның ішінде 34 мектептің құрылысы созылып кеткен. Бектенов әкімдерге уақтылы аяқтауды және жұмыс сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Мектеп құрылыстары баяу жүргізіліп жатқан өңірлер қатарында Алматы қаласы, Абай, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары бар екені анықталды.
«Аталған өңір әкімдері жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын тікелей бақылауына алсын. Сонымен қатар физика, химия, биология, робототехника сияқты арнаулы кабинеттерді дер кезінде сатып алу да өзекті мәселе. Қыркүйек айына дейін кемінде 200 пәндік кабинетті жабдықтау қажет», деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бірыңғай қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі Президент тапсырмасы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы керек екеніне тоқталды. Білім беру мекемелерінде лицензиясы бар күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған камералар міндетті түрде болуы тиіс.
«Мұның барлығы оқу орындарында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кепілдік береді. Ішкі істер министрлігі терроризмге қарсы қорғау талаптарына сәйкестігі тұрғысынан білім беру нысандарын тексеру жұмысын жалғастыруы қажет. Бүгінде өңірлердегі жекеменшік білім беру ұйымдарының 30%-ға жуығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Осыған назар аударған дұрыс», деді Олжас Бектенов.