• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:21

Биылғы 7 айда жалпы ішкі өнім өсімі 6,3 пайыз болды

20 рет
көрсетілді

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3%-ға өскен, деп жазады Egemen.kz.

Оның ішінде тауар өндіру көлемі 8,3%-ға, қызметтер 5,2%-ға (бұл ретте ең қарқынды сегмент көлік пен сауда болып отыр), өнеркәсіп 6,9%-ға артқан.ЖІӨ-нің өсуіне ең көп үлес қосқан салалар қатарында көлік және қойма – 22,5%, құрылыс – 18,5%, көтерме және бөлшек сауда – 8,6%, тау-кен өнеркәсібі – 8,5%, өңдеу өнеркәсібі – 6,1% бар. 

Көлік және қойма саласындағы қызмет көлемі теміржол, құбыр желілері және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемінің жоғары болуына байланысты 22,5%-ға өсім көрсеткен. Құрылыс саласында жұмыс көлемі 18,5%-ға артты (2025 жылдың қаңтар–маусымындағы 18,4%-бен салыстырғанда). Түркістан облысында (+34,6%) мектептер, теміржол желілері және автожолдар құрылысы, Ақтөбе облысында (+25,6%) жайлы мектептер құрылысы мен жолдарды реконструкциялау, Жамбыл облысында (+13,1%) және Шығыс Қазақстан облысында (+5,9%) тұрғын үйлер, медициналық нысандар және электр желілерін салу жобаларын жүзеге асыруға байланысты жоғары өсім тіркеліп отыр. Сауда 8,6%-ға өскен (2025 жылдың қаңтар–маусымында 8,4%). Есепті кезеңде көтерме сауда 9,5%-ға өсіп, жалпы өсімнің 66%-дан астамын қамтып, бөлшек сауда 6,6%-ға артқан. Айтарлықтай динамика Қостанай облысында (+17,6%), Солтүстік Қазақстан облысында (+12%) және Астанада (+9,2%) байқалған, мұнда астық, агрохимия, азық-түлік, отын, фармацевтика өнімдерін және техника сату көрсеткіштері қарқынды түрде өсіп келеді.Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім – 6,9%. Еліміздің барлық өңірінде өсім байқалған, динамика бойынша көшбасшылар – Жамбыл облысы (+18,2%), Солтүстік Қазақстан облысы (+14,9%), Шымкент (+15,8%) және Алматы (+13,5%), сондай-ақ Түркістан облысы (+12,3%). Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді (6,1%) машина жасау (+14%), азық-түлік (+9,2%), мұнай өнімдері (+8,6%), химия өнеркәсібі (+6%) және металлургия (+1,3%) көрсетіп отыр.Ауыл, орман және балық шаруашылықтарындағы өндіріс көлемі 3,7% деңгейінде сақталған. Мал шаруашылығындағы өсім сүт (+6,1%), мал, құс бордақылау (+2,1%) және жұмыртқа (+0,9%) есебінен 3,4%-ға жетті.

Үкімет экономикадағы негізгі салаларды қолдауға, оны әртараптандыруға және инвестициялық белсенділікті ынталандыруға ерекше назар аудара отырып, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстайтынын хабарлады.