Жан түршігерлік жол апаты 11 тамызда сағат 00:10-да «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 1396-шақырымында болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдын ала «ҚазАвтоЖолдың» ақпараты бойынша, Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
«Қаза болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтап, көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеру қажеттігін еске саламыз», деп хабарады ҚазАвтоЖол.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға Ошағанды ауылы маңында болған. 30 жастағы Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Көлік жол жиегіндегі сайға аударылып кеткен. ЖКО салдарынан 3 адам оқиға орнында қаза тапты, алты адам жарақат алды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.