Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңесте мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін екінші басымдық ретінде атады, деп жазады Egemen.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады. Бұл – анық нәрсе. «Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезеңде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек. Үкімет Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және еліміздің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуге тиіс. Бұл іске халықаралық компаниялар мен беделді сарапшыларды тарту қажет. Құжат прагматикалық тұрғыдан барынша жетік, айқын әрі алдағы жұмысымыздың бағыт-бағдары ретінде қызмет етуге тиіс. Онда жасанды интеллектіні дамыту және қолданудың барлық аспектісіне қатысты кешенді шаралар қамтылуы қажет. Ол экономика мен мемлекеттік секторға аталған технологияны енгізу тұрғысынан нақты әрі түсінікті болуға тиіс. Құжаттың міндеті – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға және жаңа индустрияларды құруға ықпал ету. Сонымен қатар жаппай оқыту бағдарламалары мен кадрларға сұранысты болжау арқылы еңбек нарығындағы трансформацияны басқаруға назар аударған жөн», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын тоғыз басым бағытқа жеке-жеке тоқталды.
«Бірінші. Жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізуді қолға алу қажет. Бұл – күрделі, бірақ өмірлік маңызы бар міндет. Өйткені экономиканы түбегейлі жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ол үшін, ең алдымен, ірі кәсіпорындармен ықпалдастықты жолға қойған жөн. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге жыл соңына дейін жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге енгізіп, экономикалық тиімділігін көрсететін нақты үлгілер ұсынуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.